Ақпарат

Шәуілдірде «Дарын» мектебі ашылуға тиісті

Қаралды: 162

Биылғы ақпан айында біз, Мәжіліс депутаттары Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір ауылында болып, 

сайлаушылармен кездесу өткізгенімізде жергілікті ата-аналар осы елді мекенде дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатын ашу жөнінде өтініш білдірген еді. Өйткені олар өздерінің дарынды балаларын Шымкент, Түркістан қалалары мен Қазығұрт ауылындағы дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернаттарына беруге мәжбүр болып жүр екен.

Бұл ретте бір айта кететін жайт – «Дарын» мектеп-интернаттары аудандық бюджеттен емес, облыстық бюджеттен қаржыландырылып, тікелей облыстық білім басқармасына қарайтын мемлекеттік мекеме болып табылады. Соны ескере отырып, мен оңтүстік өңірдің бірінші басшысы Жансейіт Түймебаевтың атына хат жолдап, отырарлықтар көтерген өзекті мәселені оңынан шешуді сұрадым. Жақында сол хатыма Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің білім саласына жетекшілік жасайтын орынбасары Ұласбек Сәдібеков қол қойған жауапты алдым.

Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996-жылғы 24-мамырдағы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» Өкіміне сәйкес, Отырар ауданының әкімдігі Шәуілдірде «Дарын» мектеп-интернатын ашу үшін жеке ғимарат тауып, қажетті материалдық-техникалық базаны жасаған және біліктіліктері тиісті талапқа сай келетін педагог кадрлар ұжымын қалыптастырған жағдайда облыс тарапынан қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылатындығы айтылыпты.

...Еліміздің білім саласын дамытуға елеулі үлес қосқан белгілі маман, әрі ұлт болашағын ойлайтын мемлекет қайраткері ретінде Жансейіт Түймебаев мырза қазіргі экономикалық қиындықтарға сілтеме жасамай, отырарлықтар көтерген өзекті мәселені осылайша оңынан шешетін болар деп сеніп едім. Сол сенімім ақталғанына қуанып қалдым.

Кәрібай МҰСЫРМАН.

(«Фейсбуктегі» парақшасынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру