Ақпарат

Машкевич Машбековичке не айтты?

Қаралды: 633

  Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болып қайтты. 

Ол кісі аталған облыста атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді, облыс экономикасын дамытуға өзге аумақтар мен шет елдерден инвестиция тартудың өте жақсы жолға қойыл­ғанын атап өтті. Облыс басшысы  Бердібек Сапарбаевқа деген ризалығын «мүмкін бізге оның көшірмесін жасау керек шығар» деген әзіл сөзімен білдірді.

Бердібек Мәшбекұлына инвесторлар да аса риза екен. Мысалы, Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту мәселелеріне арналған, Үкімет басшысы қатыс­қан бас қосуда әйгілі «Еуразия» тобы» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич ол кісіге деген алғысын былай деп жеткізді:

«Біз сізге қолдағаныңыз үшін ризамыз және бізді Шығармашылық академиясының құрылысына қаржы бөлуге көндіргеніңіз үшін алғыс айтамыз. Өйткені біз әкіммен ол жаққа бар­ғанда оның ерекше екенін көрдік. Күніне 1500-ден аса бала білім ала алады, олардың шығармашылық шыңдалуы үшін заманауи деңгейде жағдай жасалған».

Машкевич сондай-ақ Бердібек Мәшбекұлын сындарлы адам деп, нағыз шығармашылықтың және нағыз серіктестіктің бабын таба білетін адам деп бағалайтынын білдірді.

...Ақтөбедегі Шығармашылық академиясының құрылысы 2016-жылдың жазында басталған, оның құрылысына «Қазхром» акционерлік қоғамы 1,3 миллиард теңге қаржы бөлген екен. Ғимарат соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықтал­ған, аспан әлемін қамтитын заманауи планетарийі, телескобы, театр студиясы, ғимарат шатырында орналасқан обсерватория­сы бар. Шығармашылық үйінде 200-ден аса үйірмелер жұмыс істейтін болады.

Осындай ауқымды іске қаржы бөлгізіп, ел болашағы – жастарға кереметтей академия ашқызып берген облыс әкіміне ақтөбеліктер де дән риза шығар. Өзге өңірдегілер де осыдан өнеге алып жатса, кәнеки!

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру