Санкт-Петербургтегі жарылысты кім жасады?

11.04.2017
Қаралды: 333

Кешегі аптада Ресейдің Санкт-Петербург қаласында лаңкестік қанды оқиға орын алды. Бір лаңкес метродағы пойыз вагонында  жарылыс жасады, ол өзімен қоса алаңсыз жүрген тағы да 14 адамның өмірін қиды. 

Бұл жарылыстан 49 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алып, ауруханаларға түсті.

Оқиғаға іле-шала іске кіріскен із кесушілер арада көп өтпей жарылыс жасаған адамның кім екенін анықтағандарын жария етті. Тергеу Комитетінің мәлімдеуінше, ол Акбаржон Жалилов деген Ресей азаматы болып шықты.

Оқиға Санкт-Петербург метросының бір станциясынан екіншісіне баратын аралықта, пойыздың 3-ші вагонында орын алған. Кейін вагон ортасынан өлімге бас тіккен адамның жарылғыш заттың байланыстырушы сымдары орал­ған қолы табылыпты, тиісті тексерулер оның Жалиловке тиесілі екенін анықтапты. Криминалистер оқиға кезінде Жалилов жарылғыш затты кеуде аумағында ұстап отырған деген болжам айтуда, себебі қаза тапқандар мен зардап шеккен­дердің көбіне жарақат кеудеден төмен қарай түсіпті.

Арада көп өтпей станциядан өрт сөндіргіш құрылғыға жасырылған тағы бір жарылғыш зат табылған. Ол әлдебір себеппен жарылмай қалған екен, мамандар оны тез арада залалсыздандырып үлгерген. Осы заттан да Жалиловке тиесілі іздер табылғаны туралы айтылуда.

Тергеу Комитетінің мәлімдеуінше, Жалиловтің тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде сыртқы бақылау камерасынан оның үйден сөмке және рюкзак алып шыққаны анықталыпты. Осыған қарап жарылыс жасаушы жалғыз емес, оның сыбайластары болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Бүгінде осы жан­түршігерлік іске барған адамның не үшін олай істегені, оның артында кімдер, қандай ұйым тұрғаны тексеріліп жатыр.

Әзірге белгілісі, Акбаржон Жалиловтің жасы 22-де екен. Ұлты – өзбек, ол Қырғызстанның Ош қаласында туып-өскен. Ата-анасымен бірге Ресейге 2011-жылы барыпты, кейін әке-шешесі еліне оралған, ал А.Жалилов Санкт-Петербургте жұмысқа орналасып, сол жақта қалған. Кейін Ресей азаматтығын алған, оқуға түсіпті, колледждің 4-ші курсында екен. Ол алғашқы кездері суши-барда еңбек етіпті, кейінгі кездері автокөлік шеберханасында жұмыс істеп жүріпті.

А.Жалилов таяуда туған жеріне барып қайтқан екен. Бұл жолы жылдағы әдетін өзгертіп, Мәскеу арқылы қайтыпты. Сондықтан оның осы қалада да сыбайластары болуы мүмкіндігі тексерілуде.

Кейбір дерек көздері Жалилов жарылғыш заттарды жасырып қойып кетуге тиіс болған, бірақ әлдебір себеппен сыбайластары жарылғышты сырттан іске қосып жіберген болуы мүмкін деп те айтуда. Оның тұрған пәтерінен жарыл­ғ­ыш зат іздері мен бірнеше адамның саусақ іздері анықталды деп те хабарлануда. Күдікті бірнеше адам қамауға алыныпты.

Бұл оқиға бойынша Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті де жұмыс жүргізді. Жалиловтың Оштағы «Әмір Темір» шағынауданында тұратын ата-анасынан жауап алынды. Кейін ерлі-зайыптылардың өздері де Санкт-Петербургке шақыртылды. Тергеушілер олардың ұлдарының террористік топтармен байланысы бар деген тұжырымға келіп отыр. Алайда А.Жалиловтың ата-анасы мен оны жақсы білетіндер бұл тұжырыммен мүлде келіспеуде. Неде болса шындық ашылатын шығар.

Ж. ЕЛҮБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ