Ақпарат

Эквадорды Ленин басқаратын болды

Қаралды: 262

Эквадорда Президент сайлауы болып өтті. Сайлау нәтижесінде елдің 2007-жылдан бергі вице-президенті Ленин Моррено жеңіске жетті.

Ленин Морреноның жасы таяуда ғана 64-ке толды. Оған Ленин деген атты «Күн көсемді» аса құрметтейтін әкесі қойған екен. Бұл азамат бүгінде мүгедектер қоларбасымен қозғалады. Ол мұндай күйге 1998-жылы тонаушылардың шабуылы кезінде ұшырапты.

Лениннің мамандығы – заңгер, саясаткер. Мүмкіндігі шектеулі жан ретінде ол мүгедектерге көмек қорларын ұйымдастырған, оған қатысты іс-шараларды жиі өткізіп тұрады. Осындай қызметі үшін ол 2012-жылы Нобель сыйлығына ұсыныл­ған. Ленин бүгінде БҰҰ Бас хатшысының мүмкіндігі шектеулі жандар жөніндегі арнайы уәкілі қызметін де атқарады.

...Эквадор – Оңтүстік Америкадағы, экватор белдеуінің бойында жатқан шағын, кедей мемлекет. Ертеде онда үндіс тайпалары мекендеген. Кейін ол Испанияның отарына айналған. Бүгінде онда 15 миллиондай адам тұрады. Халқының 65 пайызын аралас некеден туған метистер құрайды, барлығы да өздерін испан санайды. Олардан бөлек, аздаған үндістер, испандар және қара нәсілділер бар.

Осы елді Ленин алдағы 4 жыл бойы басқаратын болды.

 Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру