Ақпарат

Алматылықтарға лимон өсіруді үйретіп қайтты

Қаралды: 548

Бүгінде бау-бақшаның бабын білетін бағбандар жеміс-жидек көшеттерін отырғызу жұмыстарының бел ортасында жүр. 

Сондай жандардың бірі – Қазығұрт ауданындағы Қарабау ауыл әкімдігіне қарасты Үшбұлақ ауылының тұрғыны Иса Дадабаевтың есімі «Замананың» оқырмандарына жақсы таныс. Таяуда біз Исекеңе кездейсоқ жолығып қалдық, хал-жағдай сұрасу барысында ол кісінің Алматы қаласынан оралғанын білдік.

И.Дадабаевтың бір ұлы бүгінде Алматыда тұрады, келіншегі екеуі де жұмыс істейді. Отбасыларында өмірге сәби келіп, Исекең жұбайы Күлзинат апа екеуі немерелеріне қарау үшін сол жаққа барған. Есімін Дінислам деп өзі қойған осы немересін Исекеңдер өздеріне әбден бауыр бастырып, ауылдарына алып қайтыпты. Енді ауылдағы шаруаларымен айналыспақ ниетте.

Ал ауылда айналысатын жұмыс жетеді. Исекеңдер үйіргелік жерінің өзіне түрлі көкөніс, жеміс-жидектер егеді, жыл сайын молынан өнім алады. Одан бөлек, шаруашылықтарында бірнеше ірі қара мал ұстайды, Ленгірдегі «ФудМастер» компаниясының сенімді серіктесі ретінде оған ай сайын тонналап сүт өткізеді. Өткен жыл қорытындысы бо­йынша ол кісілер сүт өткізуден аудан чемпионы болып танылды.

Міне, осындай қыруар шаруаның басшысы Исекең Алматыда да бала бағып қарап отырмапты, ол кісі жергілікті бірер азаматтың бақшасына лимон көшеттерін егіп беріпті.

«Біздің баланың үй жағында Самат Ахметов деген азамат тұрады екен. Бір күні әңгіме арасында үйінде құмыраға лимон отырғызып көрмек ниеті барын айтып қалды. Мен өз басым лимон егуді сонау 1985-жылы-ақ қолға алған адаммын, оны қалай егіп, өнімді қалай алуға болатынын білемін ғой, сондықтан Саматқа лимонды бақшасына егуге кеңес бердім. Ол менен көшеттер отыр­ғызып беруді өтінді.

Қысқасы, Саматтың бақшасына 5 түп лимон отырғызып бердім. Оны егудің өзіндік тәсілдері бар, соларды қолдандым, араларын 4 метр қашық етіп ектім.

Бір ерекшелігі, лимон көшетін биыл ексеңіз, ол алғашқы өнімін осы жылдан бастап береді. Жемісін алғашында аздап салғанымен кейін өсе келе көбейтеді, жылына 100-ден 200-ге дейін жеміс береді. Лимон ағашы 40 градус аязға дейін шыдайды, ал біз жақта ондай аяздар аса сирек болады ғой. Оны тек қысқа қарай «пленкамен» жауып қойса жетіп жатыр.

Алматылықтар лимонды бұлайша егу тәсілін білмейді екен, таңқалды. Саматтың тағы бір көршісі маған өтініш жасап,  бауына 5 түп лимон көшетін ектіріп алды. Оған да ағашты күтіп-баптау әдістерін үйреттім», – дейді Исекең.

Жалпы, Иса Дадабаев – мамандығы агроном, бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген адам. Ол кісі егер адамдар ерінбесе, көзін тауып әрекет етсе, Оңтүстік өңірін жайқал­ған бау-бақшаға айналдыруға әбден болатынына сенімді. Өзі де осыны армандайды, сонда көкөніс, жеміс-жидекті өзге елдерден тасымалдап шығынданбас едік дейді. Бұл жөнінде кезінде газетімізде ол кісінің «Оңтүстік жасыл өлкеге айнала ма?» деген тақырыпта мақаласы жарық көрген болатын.

«Қыруар қаржыға жылыжайлар салудың қажеті болмас еді. Себебі аумағы үлкен жылыжайларды қажетті нәрселермен, жылумен қамтамасыз ету оңай емес. Ал жеке, шағын шаруашылықтар өркендесе, оған шығын мүлде аз кетер еді, көкөніс, жеміс-жидекке де қарық болар едік. Мысалы, осы лимонның өзін әр ауылдан бес-алты үй егер болса, соның өзі жеткілікті болар еді. Өкінішке орай, мемлекет үлкен жылыжайларға көп шығынданып, шағын шаруашылықтарды қолдау мәселесіне аса мән бермей отыр. Негізі елдің еңсесін көтеретін шағын шаруашылықтар ғой. Жұрт осындай іспен айналысса, оған жағдай жасалса дұрыс болар еді», – дейді ол кісі.

Исекеңнің өткен жылы да Алматыға жеміс көшеттерін апарып сатқаны жөнінде біз кезінде жазғанбыз. Ол кісі сол кезде аулаға сән беретін самшит көшеттерін көбірек апарған еді.

«Биыл Алматыда самшит көшеттеріне сұраныс артып тұр, – дейді Исекең. – Көшеттер 5 – 10 мың теңге аралығында сатылуда. Аршаға да сұраныс көп, оны да 7-8 мың теңгеден сатуда, оның туя деген түрінің және Тянь-Шань шыршасының бағасы 10 мың теңгеге барыпты. Жұрттың осындай шаруаны қолға алып жатқаны көңілімді қуантты».

Оңтүстікқазақстандық кәсіпкер азамат осылай дейді. Әрбір отбасы Исекеңнің әулеті сияқты әрекет етсе, Оңтүстіктің шынында да жасыл өлкеге айналып кетуі ғажап емес қой.

Р. ҚЫДЫР

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру