Ақпарат

Қыздар арасындағы қызғаныш

Қаралды: 591

Таяуда қаладағы жастар тұратын бір жатақханада оқыс оқиға орын алды. Оған өз көзімізбен куә болдық. 

Сосын бұл жөнінде өзгелер, әсіресе жастар да біле жүрсін, ойсыздықтан, сатқындықтан абай болсын деп «Замана» газетіне мақала жазуды ұйғардым. Белгілі себептермен кейіпкерлердің мекен-жайын көрсетпей, аты-жөндерін өзгертіп жаздым.

Маржан мен Гүлдана өте жақын құрбылар болатын. Екеуі бір жерде оқитын, бір бөлмеде бірге тұратын. Араларынан қыл өтпестей жан достар еді. Оларға қызыға қарайтынбыз.

Таяуда жатақханаға полицейлер келіп, Маржан мен Гүлдананың бөлмесін тінтті. Не болғанын білмей үрпиісіп қалған едік. Кейін білдік, Гүлдана 12 мың теңге жоғалттым, оны Маржаннан көремін деп полиция шақыртыпты. Маржан болса, түс көргендей, аң-таң болып қалған ғой. Не керек, Гүлдананың жоғалттым деген ақшасы өзінен табылыпты.

Біз мәселе осымен бітті деп ойлағанбыз. Бірақ арада екі күн өткенде одан да сорақы жағдай орын алды. Ауылдан Маржанның әке-шешесі келді. Әкесі аса ашулы екен, келген бетте алаңсыз алдарына бара берген Маржанның жағынан тартып жіберді. «Иттің баласы!  Менің сендей намыссыз балам жоқ!» – деп ақырды. Маржан әкесінің соққысынан құлап түсіп, қимылсыз жатып қалды. Анасы жылап-еңіреп ол жүр.

Қысқасы, Маржан сол құлағаннан тұрмады. Ол инсульт алыпты. Оны ауруханаға алып кетті.

Біздің Гүлдананы көрме­генімізге де көп болды. Ол әлгі «жоғалған ақша» оқиғасынан кейін жұртқа қарайтын беті болмай, жатақханадан шығып кеткен. Қазір қайда жүргенін білмейміз.

Маржанға кездесуге келіп жүретін Серік деген жігіт бар еді, екеуі бір-бірін шын сүйетінін еститінбіз, әлгі оқиғадан кейін оны да көрмедік. Екі жылдан бері араласып тұратын, таяуда үйленеміз деп жүрген Серік те ізім-қайым жоқ болды.

Біз бұларға не болып қалды деп аң-таң күйде жүрген едік. Таяуда қыздардан естідік, мұның бәріне Гүлдана кінәлі екен.

Естігеніміз мынау: Серік қала шетіндегі шағынаудандағы үйде туған әпкесімен бірге тұрады екен. Олардың әке-шешесі осыдан бірнеше жыл бұрын жол-көлік апатынан қаза болыпты. Содан бері әпкесімен бірге тұратын Серік оны сүйген қызымен таныстырмақ болады. Олар Маржанды үйіне шақырады. Ал Маржан ол үйге жан досы Гүлдананы ертіп барыпты.

Ал Гүлдана Серікті бұ­рын­нан ұнатады, оны Маржаннан қызғанады екен. Оның үлкен үйде тұратынын, әпкесінің ақжарқын мінезді, жақсы адам екенін көргесін қызғанышы одан бетер қоздай түседі. Сосын қалайда мен осы үйдің келіні боламын деп шешеді.

Гүлдананың ақшам жоғалды, оны бөлмелес қыздан көремін деп полиция шақыртып жүргені содан екен. Онымен қоймай, Серіктің әпше­сіне телефон соғып, Маржанды өте жаман қыз, бірнеше жігітпен қатар жүреді, қазір жүкті, оның кімнен екенін де білмейді деп сендіріпті. Осыдан кейін Серік одан бойын аулақ сала бастаған­ға ұқсайды. Ал Гүлдана онымен шектелмей, Маржанның ата-анасына хабарласып: «Қыздарыңыз жеңіл жүріске салынып кетті. Енді ұрлықпен айналысатын болды. Менің ақшамды да ұрлады, сосын одан бөлек тұратын болдым», – деп айтыпты. Маржанның әкесінің қатты ашулану себебі содан екен. Өкініштісі, ол кісі қызынан Гүлданадан естіген­де­рінің анық-қанығын сұрап алмай, көз жеткізбей тұрып баласына қол жұмсады.

Маржан әдемі қыз еді, гүлдей нәзік болатын. Ол досының сұмдық оңбаған іске барғанын, әкесінің өзіне не үшін соншалықты ашулы екенін кеш білді. Денесіне, жанына тиген соққыларды көтере алмай, ауру болып қалды. Естуімізше, әлі де төсекке таңылып жатқан көрінеді.

...Міне, гүлдей жайнап өсіп келе жатқан, ертең отбасын құрып, ата-анамды қуантамын деп жүрген жас арудың басынан осындай ауыр жағдай өтті. «Уақыт – емші» дейді ғой, Маржанның жан жарасы да уақыт өте жазылар, өзін қадірлей білетін адамға жолығып, тұрмыс құрар. Біз оған осыны шын жүректен тілей­міз.

Ал Гүлдананың сұмдық ісін біз құптамаймыз. Істеген жамандығы оның өзі үшін де ізсіз кетпес. Ал Серік өзінің екі жыл бірге жүрген, шаңырақ көтеруге уағдалас­қан сүйгеніне неге жоламай кетті? Іші тар біреудің айтқан жалған сөзіне неге сенді, неге ақиқатқа көз жеткізуге тырыспады? Осыдан кейін оны жігіт деуге бола ма?

Бұл оқиға кейіпкерлерінің әрқайсысы одан тиісті сабақ алатыны сөзсіз. Біз оның өзгелерге де ой салғанын қалаймыз.

Р. ӨМІРЖАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
+1 #1 Unknown 12.04.2017 08:23
Дұрыс, өз бақытың үшін күрес. Ешкім саған "мə алағой" деп əкеле салмайды бақытыңды.
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру