«Құлаған үйдің астында қалудан қорқып өмір сүрудеміз», – дейді соғыс ардагерінің жары мен қызы

10.04.2017
Қаралды: 1037

Редакциямызға Түлкібас ауданындағы Шұқырбұлақ ауылының тұрғыны Мәрия Тұрмаханова арызданып келді. Ол кісі былай дейді:

«Менің әкем Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Бірнеше орден-медальдардың иегері болатын. Соғыстан елге бір қолынан айырылып келген. Ол кісі майданнан келе еңбекке араласыпты, әрекеттеніп жүріп үш бөлмелі үй салған екен.

Менің анам да бірнеше орден-медальға ие болған тыл ардагері еді. Әкем екеуі ұзақ жыл бала көрмей, 1956-жылы өмірге мен келіппін. Өзімнің де шаруашылыққа сіңірген еңбегім бар.

Мен үйдің жалғызы болғасын ерке болып өскен едім, сондықтан да отбасын құрғанымда менің қалауыммен күйеуім екеуміз ата-анамның қолында тұрдық. Күйеуім қыздарым есейіп қалғанда денсаулығы сыр беріп қайтыс болды. Содан үш қызды жалғыз жетілдірдім, білім алуына жағдай жасадым, ұзаттым. Тағдырдың жазуы шығар, олар тұрмысы төмендеу жерлерге барды, сондықтан маған ешқандай да көмек бере алмады.

Бүгінде біз үйде екі кемпір тұрамыз. Үйіміз сол – баяғы соғыстан кейін әкем салған үш бөлмелі ескі үй. Әбден тозығы жетіп, құлағалы тұр. Жауын-шашын кезінде, Шақпақтың дүлей желінде құласа астында қалып масқара боламыз ба деп уайымдаймыз.

Бізге ауданда салынып жатқан үйлерден пәтер берсе, тіпті болмаса өзіміздің жерімізден үй салып берсе екен деп аудандағы тиісті мекемелерге шағынып жүргенімізге көп болды. Ақыры болмағасын Президент Әкімшілігіне, Премьер-министрдің Кеңсесіне де арыз жазып жібердім. Ол жақтардан жауап келді, бірақ мәселені шешуді жергілікті басшыларға тапсырыпты. Ал бұлар сыдыртпа жауап бергеннен басқа ештеңе бітірмей отыр».

Түлкібастық М.Тұрмаханова осылай дейді. Ол кісі таяуда Т.Рысқұлов ауылында төрт қабатты коммуналдық үй пайдалануға берілгенін, өздерінің пәтерге қолымыз жете ме деген үміттерінің ақталмағанын айтады.

Жалпы, аудан әкімдігі мен облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының М.Тұрмаханованың арызына орай берген жауаптары да бар екен. «Анаңыз А.Қойшыбекова 2014-жылдың 1-тамызында тұрғын үй мәселесі бойынша берген өтінішіне сәйкес, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобындағы азаматтардың №2 кезек тізімінде зейнеткер ретінде нөмірі 576-шы болып тіркеліп тұр. Үйлер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның талаптарына сай беріледі. Заң талаптарына сәйкес, А.Қойшыбекова кезегі келгенде тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», – деп жазылыпты онда.

«Анамның жасы қазір 95-те, – дейді М.Тұрмаханова. – Менің өзім болсам, 60-тан асып отырмын. Біздің өз бетімізбен үй салып алуға еш мүмкіндігіміз жоқ. 576-шы кезек деген қай заманда келеді? Мейлі ғой, үйді кезекте бізден бұрын тұрғандар алып жатқан шығар, бірақ елге еңбегі сіңген, оның үстіне қартайған, арқасүйер ешкімі жоқ, үйіміз құлап қалар ма екен деп уайымдап жүрген екі кемпірге пәтер беру соншалықты қиын болғаны ма? Тіпті болмаса өз жерімізге шағындау үш бөлмелі үй салып берсе оның жарты шығынынан зейнетақымыздың жартысын төлеп тұрсақ та құтылар едік қой. Біздің бар арманымыз осы болып тұр».

Оның айтып отырғанын да жөнсіз дей алмайсыз. Расында да қиын жағдайдағы, жәрдемдесер ешкімі жоқ екі кейуанаға пайдалануға беріліп жатқан үйлерден неге бір пәтер беруге, немесе өздері айтқандай өз жерінен шағын үй салып беруге болмайды? Осы мәселені аудан әкімдігінің бір ретін тауып шешуіне болмас па екен?

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ