Ақпарат

Тауыс асырау тауық асыраудан қиын емес екен

Қаралды: 595

Таяуда Төлеби ауданындағы Жаңаұйым ауылына жолымыз түскен еді. Көшеде келе жатқанымызда алдымыздан бір топ тауыс (павлин) өтті. 

Осындай ерекше құстарды ауылдан көреміз деп кім ойлаған, біз оларға таңқала қарадық. Сосын сұрастыра келе оны ауылдың Ораз Шатабаев есімді тұрғыны асырайтынын білдік. Өзімізді қызықтырған сұрақтарды қоймақ болып барғанымызда отағасына жолыға алмадық. Есесіне бізге тауыс асыраудың қыр-сырын ол кісінің жұбайы Аягөз Қаныбекова айтып берді.

«Осыдан он жылдай бұрын үйге тауыстың біреуі мекиен, біреуі қораз болатын екі балапанын әкелгенбіз, – дейді Аягөз. – Кейін олар үлкейді, жұмыртқа табатын болды. Жұмыртқалары тауықтікінен сәл кішірек. Кейін бастырып көріп едік, балапан ашты. Сөйтіп біраз көбейтіп алдық. Үйде қазір он тауыс бар».

Аягөздің айтуынша, үйлерінің жанынан өткендер та­уысқа қызығып, оның жанына тұрып суретке түседі, кейбірі жерге түскен түрлі-түсті қауырсындарын теріп алады екен.

Жалпы, тауыстың өте әдемі құс екені белгілі. Олар әсіресе қанаттарын кеңге жайғанда тіпті керемет болады.

«Бұлардың дауыстары да басқа ешқандай құстікіне ұқсамайтын ерекше. Өздерінің көңіл-күйі ауа райына байланысты болады. Күн жылы кезде қанатын кеңге жайып, біраз жерге дейін ұша алады. Ағаш бұтақтарына қонақтап ән салатын кездері бар. Ал күн суытса бұлар қораның бұрыш-бұрышында бүрісіп жатып алады.

Біз қайнағаммен көрші тұрамыз. Тауыстар екі үйдің арасында ұшып-қонып жүре береді. Таңертең жайылуға шығып кетеді, содан кешке қонақтауға келеді», – дейді Аягөз.

Шатабаевтар отбасы тауысты сән үшін өсіреді екен. Яғни тауыстар жайнап, ауланың сәнін келтіріп жүрсе болды. Оның үстіне ол балаларға да бір ауық алданыш болады.

Тауыстардың кейбірі таяу арада балапан басуға даяр болады екен. Сосын үй иелері жинап отырған жұмыртқаларын бастырып, балапан аштырып алады. Олар балапанды мамыр айында ашады.  Үй иелері олардың бірнешеуін ағайын-туыстарына сыйлыққа беріпті. Алыс-жақын ауылдардан тауыс сатып алушылар да келіп тұрады екен.

...Аягөз Қаныбекова бізге тауыс жайлы осындай қызықты әңгіме айтып берді. Қысқасы, тауыс асырау тауық асыраудан қиын емес екен.

Р. ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру