Ақпарат

Түлкібас ауданында екі депутат төбелесті

Қаралды: 503

Ауданның белді де беделді қос азаматы алысқа бармай, дәл әкімдіктің ғимаратында жаға жыртысқан. Соққыға жыққан аудан әкімінің экс-орынбасары болып шықты.

Масқара жағдай, 17-нау­рызда шамамен, сағат 11-де орын алған. Нәтижесінде қатты соққы алған депутаттың бірінің миы шайқалып, жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жет­кізілген. Екіншісі, аудандық мәслихаттың хатшысы, сол күні түнде жүрек талмасына ұшырап, сол ауруханаға жайғасқан.

Түлкібас ауданында қос халық қалаулысының жаман аты шығып, елді дүр­ліктіріп жатыр. Аурухананың жарақат бөліміне жедел жәрдеммен шұғыл жеткізілген – білдей мәслихат депутаты Айтбек Меңлі­беков. Өңірдегі сыйлы, атағы жер жаратын азаматтың таяқ жегені несі?

Жарақат бөлімінің меңге­рушісі Қуанышбек Нұрлыбаев бұрынғы әріп­тесінің бүгін науқасына айналғанына өкінішін жасырмады. Ақ халатты жан бірер жыл бұрын өзі де мәслихат депутаты болған екен. Талай жыл достығы жарасып келе жатқан азаматтың айтуынша, жолдасының әсі­ресе психологиялық жағдайы өте ауыр. Болған жайт өзегін өртеп, жегідей жегені сонша, іштей тынып, ешкімді көргісі келмейтіндей халге түскен.

Дәрігер ұялы телефонына түсіріп алған жолдасының суретін көрсетіп, күрсініп алды. Шынымен де адам шошырлықтай халде екен. Көкпеңбек ісіктен көздері жұмылып, қанталап кеткен. Білгеніміз,  қатты соққыдан депутаттың миы шайқалып, жағы сынған. Сол көзі көрмей қалған. Медицина тілімен айтқанда, контузия алған. Сол жақтан гематома алып, көз жанары жарылған.

– «Головкиннің соққысы» дер едім. Бір ұрып жағын сындырған. Халі орташа. Бірақ ер-азамат ретінде жан жарақатының жайын айтып жеткізе алмаймын. Ол өте сыйлы, салмақты да сабырлы кісі. Бүкіл ел танып, құрметтейді. Талай жыл таныған соң айтып отырмын. Ал жарақатынан жазылу үшін кемінде 10 күн ем қабылдайды. Әрі қарай да қадағалауды қажет етеді. Қан қысымы көтеріліп жатыр. Толық емделуі керек, – дейді Түлкібас аудандық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Қуанышбек Нұрлыбаев

Әріптесін көк-ала қойдай етіп сабаған азамат та дәл осы ауруханада жатыр. Терапия бөлімінде ем қабылдап жатқан Өтепбай Мәт­кәрімов оқиға болған күні жедел жәрдеммен жеткізілген екен. Медициналық тексеру қорытындысы науқастың жүрегі ақау бергенін көрсеткен.

– Науқастың халі орташа. Бір жетідей ем қабылдайды. Тексеру қорытындысы жүрек соғысының өзге­ріске ұшырағанын көрсетті. Науқастың жүрегіне операция жасалған. Сондықтан бақылауда болуы тиіс. Өтепбай Мәткәрімовті  аудан әкімінің бұрынғы орынбасары ретінде танимыз. Бол­ған жайтта біздің шаруамыз жоқ. Екі азаматқа да толықтай жағдай жасалып жатыр. Біз үшін кімнің кіммен төбелескені маңызды емес. Олар – науқасымыз. Күні бойы құқық қорғау органдары мазаларын қашырып, сұраудың астына алуда. Сондықтан оларға түсі­ністікпен қарауларыңызды өтінеміз, – дейді аурухананың бас дәрігері Махамбет Бейсеуов.

Болған жайтқа қатысты құзырлы органдар жақ аш­пай отыр. Прокуратура қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Тіпті Түлкібас ауданы әкімдігінің басшылығы да оқиғаның болғанынан бейхабармыз деп отыр. Әзірге белгілісі, екі азамат та полицияға шағымданған.

– 17 – 18-наурыз күндері Түлкібас аудандық ішкі істер бөліміне 1955-жылы туыл­ған жергілікті екі тұрғыннан арыз тіркелді. ҚР ҚК 107-бабының 1-тармағы бойынша (Денсаулыққа қасақана орташа деңгейде зиян кел­тіру)  сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалған, – деді өз жауабында ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Салтанат Қаракөзова.   Атақтары дардай, халық аманатын арқалаған, алпысты алқымдаған азаматтардың жаға жыртысуына не себеп?

Аты-жөнін жариялауға жүрексінген оқиға куәгерінің бірі даудың Түлкібас ауданының әкімшілігінде орын алғанын айтып берді. Мәслихат хатшысы Өтепбай Мәткә­рімов өз жұмыс орнында жиналыс өткізіп жат­қан. Осы тұста аудандық мәслихат депутаты Айтбек Меңлібеков келіп, әкім сайлауына қатыс­ты өзінің қарсылығын танытқан. Екі азаматтың арасында орын алған жайтқа 6-7 шенеунік куә болған.

Оқиға куәгерінің айтуынша, дау Түлкібас ауданына қарасты Темірбастау ауылының әкімін сайлауға қатысты орын алған. Екі депутат­тың келіспеушілігінен әкімдік қабырғасында өрбіген жанжалда Мәткәрімов мырза әкімдіктегілердің көзінше қарсыласын соққыға жыққан.

Өңірдегі бірнеше халық қалаулысына хабарласқанымызда, басым бөлігі екі депутаттың төбелесі жайлы ашық айтудан бас тартты. Әріптестерінің мінез-құлқын білетін ақ жағалылар бұл тұста мәслихат депутаты әрі «Ақсу – Жабағылы» қорығының директоры Айтбек Меңлібековтің жағында екен­дерін жасырмады. Депутат жайлы көпшілік берген мінездемеге сүйенсек, ол өте салмақты, қарапайым, артық сөзі жоқ, өз тірлігін жетік меңгерген, ер мінезді азамат. Осы уақытқа дейін ешқашан жаман аты шықпаған, ел сыйлайтын кісі ретінде танылған.

Ал аудандық мәслихат хатшысы Өтепбай Мәткәрімов жайлы пікірлер қарама-қайшы болып шықты. Кезінде полицияда қызмет еткен азамат билікке ауысып бірнеше жыл Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқар­ған. Мәткәрімов мырзаға қатыс­ты әріптестері оның қызуқанды екенін жасырмады. Сондай-ақ депутат мырза мәселені жұдырықпен шешуге бейімдеу болып шықты. Бұл оның тәжірибесіндегі алғашқы дау емес екен.

(365 іnfo.kz)

Пікір қалдыру