Ақпарат

Қазақстан азаматтығын алудың тәртібі қандай?

Қаралды: 431

Кейінгі кездері бізге Қазақстан азаматтығын алу тәртібі жө­нінде түсіндіруді өтініп хабарласушылар көп. 

Осыған орай елі­міздің азаматтығын алуға қатысты не­гізгі ережелер туралы газетте жариялауды ұйғардық. Қысқаша айт­қанда оның негіз­гілері мынадай:

Қазақстан Республикасының азаматтығын алу тәртібі 1991-жылғы 20-желтоқсандағы Заңда көрсетілген. Заңның 16-бабында мынадай жайлар туралы айтылады:

Қазақстан азаматтығына республика аумағында заңды негізде кемінде 5 жыл тұрақты тұратын, сондай-ақ Қазақстан азаматтарымен кемінде 3 жыл некеде тұратын адамдар қабылданады.

Кәмелетке толмағандардан, әрекетке қабілетсіздерден, елге ерекше еңбек сіңірген адамдардан, Президент белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және талаптар­ға сай келетін адамдардан және олардың отбасы мүшелерінен жоғарыда аталғандай шарттардың болуы талап етілмейді. Сол сияқты баласы, асырап алған баласы, жұбайы, зайыбы, ата-анасының біреуі (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-інісі, атасы немесе әжесі бар, Қазақстанда тұрақты тұру мақсатымен келген бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары елде тұру мерзіміне қарамастан азаматтыққа қабылданатын болады. Ал әскери қызмет атқарып жүрген және Қазақстанда орналасқан әскери қызметшілердің азаматтығы мәселелері Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарымен белгіленеді.

Сондай-ақ жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтыққа қабылдау шарттары (16-1-бап) бар. Мұндай тәртіппен тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар азаматтыққа қабылданады. Сол сияқты тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстанда заңды негіздерде тұрақты тұратын, өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе оны жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргіннің ақталған құрбандары мен олардың ұрпақтары да азаматтық ала алады. Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алатын этникалық қазақтар да қабылдануы мүмкін.

Мұндай тәртіппен азаматтық алу туралы материалдарды қарау мерзімі өтініш берілген күннен бастап 3 айдан аспауға тиіс.

Елімізде тұрақты тұрып жатқан адамдар Елбасы атына Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы өтініш-хаттар береді және оны тұрақты тұратын жері бойынша ішкі істер органдарына тапсырады. Өтініш-хатта Қазақстан азаматтығына өту себептері көрсетіледі, тиісті құжаттар толық беріледі. Қандай құжаттар қажет екенін тиісті мекемеден анықтап алып, түгел өткізуге тырысу керек.

Фариза ӘБЖАНОВА,

ОҚО ІІД Шымкент  ҚІІБ Абай ПБ көші-қон

қызметі бөлімінің инспекторы, полиция капитаны.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру