Елімізде алғаш болып қазақша тренинг ашқан адам

07.04.2017
Қаралды: 932

Таяуда бізге белгілі кәсіпкер, «Бизнес Бастау» мектебінің негізін қалаушы Ахметбек Нұрсиламен сұхбаттасудың сәті түсті. 

«Швабские колбаски» шұжық комбинатының,  «Саржайлау» қымыз, шұбат өндірісі компаниясының иесі, «Семей-тері» тон тігу компаниясының негізін қалаушы, тыңайтқыштар сатумен айналысатын «Пестициды» компаниясының акционері Ахметбек Күсетай­ұлымен әңгімеміз төмендегіше өрбіді:

– Ахметбек  аға,  Сіз бизнеске қалай келдіңіз?

– 1991 жылы өзін-өзі басқаруға байланысты, ко­оперативтер ашыла бастады. Мен онда «СемПром­строй» зауытында істейтінмін. «Жұмыстан шығамын» дегенде нағашыларым «Жындысың ба?! Енді бірер жылда төрт бөлмелі пәтер аласың» деп ұрысқан. Ол кезде қаладан төрт бөлмелі пәтер алу үл­кен арман еді ғой. Бірақ соған қарамай, «пәтерді өзім-ақ сатып аламын» деп, бір күнде арыз жазып, жұмыстан шығып кеттім. «Гарантия» деген кіш­кентай кәсіп­орын аштым, қалада 7-ші болып тіркел­генім есімде. Металл кон­струкциялар за­уытынан қақпа жасайтын цехты жалға алдым. Жұмысымыз жүрді. Жұмысшыларды 5-6 машинаға тиеп алып, әскери асханадан талонмен тамақтандыратынмын. Жаз кезінде оларға картоп, қауын-қарбыз еккізіп, қыста тамағын тегін бердім. Сөйтіп, бір жылдың ішінде «семерка» алдым. Сол «Жигулимен» зауытқа барып, сигнал бергенде бірге істеген жігіттер таң қалды.

– Бүгінде  «Бизнес Бастау» мектебін ашып, жастар­ға бизнесті қалай бастауды үйретіп жүрсіз. Бұл идея қалай келді?

– 1997 жылы мен бірінші рет шетелге шығып, біраз елді араладым. Сол кезде біздің жағдайымыздың әлдеқайда нашар екенін көрдім. Шынын айтқанда, біздің ел түрме сияқты еді. Дүкен, супермаркет деген атымен жоқ еді. Сол нәрсе менің жаныма қатты батты. Біздің өспейтініміз – қазақтың жал­қаулығы емес, білімсіздігі екен. Сөйтіп, «Сапалы қазақ» деп қазақтың сапасын көтеріп, қазақ жастарына көмектескім келді. Сол кезде мен Павлодарда жиһаз фабрикасын ашып, оны көтеру үшін ше­телдік мамандардан ақыл-кеңес алдым. Әрине, тегін емес, ақылы. 2004 жылдары «бизнес мектебін ашсам» деген ой келіп, концепциясын дайындадым. Тіпті Қазақ радиосының басшыларына «Қазақ қайтсе ба­йиды?» деген бағдарлама ашыңдар» деп талай айттым. Бірде Айдын Ибрагимов деген жігіт Мәскеуден бизнес тренерлерді әкеліп, Алматыда тренингтер өткізді. Бір тренингке қатысу мың доллар болды. Мен соның екі тре­нингіне бардым. Қарап тұр­сам, әлгілердің менен артық ештеңесі жоқ. Содан Айдын: «Аға, қазақша бір тренинг жоқ, сіз осыны бас­таса­ңыз­шы», – деді. Содан бастадым.

–  Алғашқы болып бастау қиын болған жоқ па?

– Ешқандай нәрсе оңай болмайды ғой. Жаныма КБТУ-Қазақбритан универ­ситетін бітірген, интернет технологияны мықты меңгерген, сайт жасай алатын жастарды жинап алдым. Өзім финанс, экономика, менеджмент, қызметкерлерді басқару ісін жақсы білемін. Тек компью­терді білмейтінмін. 2015 жылы желтоқсан айында аяқасты аяғымды үш жерден сындырып алып, балдаққа сүйе­ніп қалдым. Оның да пайдасы болды, қарап жатпай, интернет технологияны оқы­тып-үйрететін адам­дарды та­уып алып, үш ай бойы бал­дақпен жүріп оқыдым. Кө­зімнің көруі нашарлап, мойным қисайып қалды. Бірақ компьютерді меңгеріп шықтым.

– Тренингтеріңіз ақылы ма? Ақылы болса, бағасы қанша? Онда не үйретесіз?

– Мастер-класс тегін. Онда «Бизнес деген не? Ол қайда бара жатыр? Қалай дамып жатыр?» деген мәселелер айтылады. Негізі сабақ 4 деңгейден тұрады. Біріншісі, мамандық таңдау немесе сала таңдап алу. Онда бизнестің қандай түрін таңдауға болатыны айтылады. Ол таңғы сағат 9-дан кешкі 7-ге дейін. Ол ақылы – 20 мың теңге. Екін­шісі, сайт ашу, оның қыр-сырын үйретеміз. Клиент табудың жолдарын көрсетеміз. Үшін­шісі, сайтқа жарнама жасау немесе контекст жарнама жасау немесе контекст жазу, яғни адам тарту, шақыруды оқып үй­ренеді. Төртінші, менеджмент. Осы төртеуінен өткен кез-келген адам биз­несмен бола алады.

– Ал кәсіп ашуға ниеті бар, бірақ ақшасы жоқ адамдарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Ондай адамдарға айтарым, кәсіп ашамын деген адамға бүгінде мүмкіншілік мол. Өзіңіз де білесіз, 1990 жылдары бизнес бастағандардан бүгінде миллионерлер көп. Ол кезде ешкімнің қолында капитал болған жоқ. Бірақ Совет үкіметі ыдырағаннан кейін көптеген өндіріс орындары, заводтар мен фабрикалар қаңырап бос  қалды. Соны жүрегінің түгі бар, ба­тыл, тәуекелшіл адамдар еш­бір коррупциясыз, парасыз-ақ, ақшасын кейін төлейтін болып, келісіп алып, істерін бастап кетті. Өнді­ріс­пен айналысам десе­ңіз, мысалы, киім, аяқ киім өндіргіңіз, торт істеп сат­қыңыз келсе, алдымен оны өткізу жағын ойлануыңыз керек. Ал қызмет көрсету арқылы немесе саудамен айналысқыңыз кел­се, клиент тартуды ойлан­ғаныңыз жөн. Негізі, өндіріс ашу да, қызмет көрсету, сауда-саттықпен айналысу да бүгінде қиын емес. Өндіріске керек құрал-жабдықтарды оңай тауып алуға, сатқыңыз келген тауарды шетелден немесе Қазақстанның басқа өңір­лерінен әкелуге болады. Мұның ішінде ең қиыны, клиент жинау. Сондықтан ақшасы жоқ адам ең алдымен заманауи білімді мең­гергені, маркетингті үй­рен­гені жөн. Егер осы білімді бойыңызға сіңірсеңіз, адамдардың назарына түсесіз, бір компанияға көптеген клиент тауып бере алсаңыз, ол сізге үлес төлейтін бо­лады. Ақшаны осылай та­уып, әрі қарай өз ісіңізді бастап кетуіңізге болады. Мен көптеген шәкірттеріме осындай кеңес беремін. Олар осы­лай бастап, әрі қарай өз істерін дөңгелетіп кетіп жатыр.

– Ұйқыдан ерте оянады екенсіз...

Иә, ерте тұрамын. Жалпы, біздің үйде сенбі, жек­сенбі деп, түске дейін ұйықтау жоқ. Қандай мейрам болсын, таңғы 6-да  тұрамыз, дене шынықтырумен айналысамыз. Мар­құм әкем «Күн шыққаннан кейін ұйықтаған адамды өлінің қатарына қосу керек» дейтін. Біз сол қағиданы ұстанып өстік. 

 – Сұхбатыңыз үшін рахмет!

P.S. Ахметбек Нұрсила 3-сәуір күні Шымкентте тегін мастер-класс өткізбек. Қатысамын деушілер болса, 8-778-410-10-11 нөміріне хабарласуына болады.

  Сұхбаттасқан – Г. НҰРЖАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ