Ақпарат

Қан жаңарту тәсілімен емдейді

Қаралды: 949

Дер кезінде анықтап, ем алмаса асқынуы ота жасату немесе мүгедектікке соқтыратын кеселдің бірі – омыртқа жарығы (грыжа) бүгінде жастар арасында жиі кездесіп жүр. 

Шымкенттік Жанна Сапарқұлқызы да кезінде осы кеселден зардап шеккен екен. Жеті жылға созылған бұл сырқаттан ол өзін-өзі сауықтырыпты.

Кейіпкер мен «Ауырмаңыз!» газетінің тілшісі арасындағы қызықты, әрі ой түсетін cұхбатқа көз салыңыз.

– Бұл оқиға жеті жыл бұрын болды. Қатты ауырдым. «Грыжа» екен. Менің аяқ-қолымды қозғалтпай, жүріп-тұрудың өзін мұңға айналдырған кесел омырт­қаның үш жерінен анықталды. Шырылдап ем із­де­дім. Аурухана, есепсіз дәрі-дәрмек пен екпе. Бірақ бе­тім бері қарайтын емес, қайта асқынып, түйін үл­кейіп, омыртқам қисайып кетті. Содан бауыр мен бүйрек қоса сыр берді. Тағы біраз уақыт өткенде ауру аналық безге шапты. Ішіме сары су толды. Осылай отызға жетпей мүгедектің халін кештім. Бірақ сағым сынған жоқ. Өмірге деген құлшыныс, жазылып кете­мін деген сенім жаныма батқан аурумен арпалысқан сәт­тер­дің бірінде емді аурухана төсегінен емес, өзге бағыттан іздеу ке­ректігін ұқтым.

Бір күні таныстардан «Отырар» мөлтекауданында көне тәсілмен ем жүр­гізетін апай бар деп ес­тідім. Бұл 2014-ші жылдың жаз мезгілі болатын. Сүйретіліп соған бардым. Апай омыртқамнан, іш пен аяқтан шертіп қан алды. Көп ұзамай-ақ өзімді жеңіл­деу сезіндім. Содан бастап бес ай бойы аптасына бір рет қан алдыртып тұр­дым. Қарап отырмай, түрлі дерек көздерінен мұндай ем кезінде қан құрамын толықтырып, жаңарту үшін витамин қабылдау керек екенін оқып білдім. Денсаулықтың қадірі әбден өткен жанмын, тез арада дұрыс тамақтану мен витамин кешенін қабылдауға кіріс­тім. Мен осылай аптасына бір рет қан алдырудың арқасында жарты жылға жетпей тек «грыжа» емес, ішкі орган ауруларының бәрінен құлан-таза жазылдым.

– Жанна, білуімізше, осы тәсіл арқылы енді сіз өзіңіз де ауырған адамдарға көмектесіп жүрсіз, солай емес пе?

– Иә, солай. Бірақ мен бұлай адам емдеймін деп ойлаған жоқпын. Қолымнан келетінін де білмедім. Тәуекелге бел буып, керек еткен адамдарға көмек бермес бұрын көп іздендім. Ау­ру үстіне ауру жамап алмау керек қой. Мен осы жауап­кершілікті жаныммен түсі­ніп, сезіндім. Өйткені өзім де жеті жыл аурумен арпалыстым емес пе? Ізденіп, бұл емнің ерекше­лігін зерттеп жүрген жылдарда он жыл бойы бала көтермеген бір келіншекті көрдім. Күйеуінің де, өзінің де денсаулығы жақсы, ана­лиздері таза. Көптеген дәрігерлердің алдынан өт­кен, неше түрлі ем ал­ған. Сол келіншек хиджама жасатып, қан жаңартқан соң перзентті болды. Бүгінде төрт ұл-қыз сүйіп отыр­ған ол әр жүктілік алдында қан алдырып отырған. Пайғамбарымыз сүн­нет етіп қалдырған, әрі өзі ем ретінде қолданған хиджаманың  қасие­тін көрдіңіз бе?

– Ең алғашқы емделу­шіңіз есіңізде ме?

– Әрине. Бұл екі жыл бұрын болған оқиға. Ал­ғашқы емделушім өзім қатарлы келіншек болатын. Гормондық ауытқушылықтан етеккірі келмей қалған. Содан түрлі аурулар бас көтерген. Ауру жүйкесіне салмақ түсіріп, бас сақинасы, ашушаңдық та мазалайтын. Туыстары жүйке аурулары диспан­серіне тір­кеуге қоюға бел буып отырған тұста маған жолықты. Бұл кезде мен де шариғатымыздың өзінде мақұлданған хиджама жасатудың қыр-сырын, тәрті­бін түгел меңгеріп үлгерген едім. Ең бірінші қан алған күні-ақ басы ауырғаны қойды, келе­сі күні етеккірі келді.

Дегенмен қан алу әркім­ге ниеті, денсаулығына бай­ланысты әсер етеді. Сосын сейсенбі мен сенбі күні қан алуға болмайды, ол күні адам ағзасындағы қан айналымы күштірек болады да, қан тоқтамай қалуы мүмкін. Қан алдыруға ең тиімді әрі шипалы күндер дүйсенбі мен бейсенбі.

– Хиджаманы кез келген диагнозда жасай беруге бола ма?

– Бұл мың да бір ауруға дауа ем. Оны 3 жастан асқан баладан еңкейген қария­ға дейін жасай беруге болады. Сау адамның өзі жылына бір рет қан алдырып тұрса, көптеген аурудың алдын алған болар еді. Кім пайғамбар сүннетін істесе, Алла тағала шипасын бе­ре­ді ғой. Тек ауырған адамның диагнозына байланысты қан алуға болатын нүктелердің орналасуын дұрыс білу керек. Мысалы, баста – 3, бүйректе – 4, жон арқада 12 нүкте бар. Іштен де алынады. Ал «грыжа» кезінде ауру нүк­тесі қай жерде, соған жақын жерден алынады. Варикозда да сондай. Сосын теріні терең тілуге болмайды, майда қан тамырын немесе жүйке талшығын  жарақаттап алуыңыз мүм­кін. Хиджама жа­са­ғанда ет пен тері арасы­нан алынатын қан мөлшері адамның салмағына қарай есепте­леді. Қазір маған негізінен омыртқа жарығы, артроз, артрит, гормондық ауытқушылық, бас ау­руы, қан қы­сымы, зоб ау­руымен ауырған адамдар келеді. Бірақ мен тек әйел адам­дар­ға ғана көмектесемін. Яғни мұсылмандық қағидасын ұстанамын.

– Хиджама жасататын адам тағы нені білуі керек?

– Хиджама ашқарынға істеледі. Псориаз, экзема сияқты қан құрамы бұзылуынан болатын тері ауруларына да шипа. Өз тәжі­рибемде терідегі псориаз жарасы бір апта ішінде төгіліп, жазылып кеткен адамдар болды. Айта берсем, мысал көп қой. Ал ес­кер­тетінім, хиджама жасатқаннан кейін екі күн шомылуға болмайды. Сосын витамин кешенін қа­былдау, сұйық асты көбірек тұтыну керектігін айтып отырамын. Ал емде­лу­ші­лерге қоятын бір ғана талабым бар: әркім өз бан­касын өзі ала келуі керек. Бұл гигиеналық тазалықтың басты шарты. Оны табу қиын емес, мұсылман дү­кендерінде сатылады.

Тағы да айта кетейін, мен мұны табыс табу немесе кәсіп көзіне айналдырған емеспін. Қолымнан келе­тін болған соң өзім сияқты ауырған жандарға көмек болсын деген ниетім. Дегенмен шақыртушылардың үйіне ба­рып істеуіме байланысты шығыным ақталу үшін нүктесін 250 теңге ақы алатынымды жасырмаймын. 

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет, Жанна, ісіңіз алға бассын.

Редакциядан: Жанна Сапарқұлқызының байланыс телефоны – 8-701-842-64-04.

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Айнур 02.05.2017 19:27
Сәлеметсіздерма ? Мен Астана каласынан боламын. Мен осы сұхбаттын қасында бір мақала көріп едім. Сол мақаланы сайттан іздеп едім таппадым. Газеттін сол номерин калай тапсам болады??? Астананы 10 айналдым таппадым. Немесе электронды нускасын кайдан тапсам болады. Отинем сиздерден сол макаланы табума комек корсетулеринизд и. Алдын ала рахмет
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру