Қошқаратаның жағасына киіз үйлер тігілгенін қалайды

06.04.2017
Қаралды: 476

Шымкенттің қақ ортасынан өтетін Қошқарата өзеніне қала тұрғындары да, келген қонақтар да көп баратыны белгілі. 

Көктем шыға ондағы адамдардың қарасы көбейе бастайды.  Таяуда біз де Қошқарата бұлағына су алуға барған едік. Сонда бір қолайсыз көрініске куә болдық.

Масаң күйдегі бір ер кісі мен әйел бұлақ басында аузына келгенін ірікпей, бір-біріне балағат сөздерді жаудырып тұр. Сол жерде өзен жағасындағы «Қошқарата» кесенесінің шырақшысы жүр екен: «Әй, қойсаңдаршы, киелі жерде тұрсыңдар ғой!» – деп ескертіп еді, оның сөзіне еш құлақ асқан жоқ. Аузына келгенін айтып, бұлақ басынан ұзай берді. «Не деген масқара мынау?!» – деп шырақшы басын шайқап қала берді.

Бұдан кейін біз шырақшы азаматты сөзге тарттық. Ол кісінің аты-жөні Маратжан Есенбеков екен.

«Бұл жерге ниет етіп, дертіне ем іздеп келетіндер өте көп, – дейді М.Есенбеков. – Қаладан, облыс аудандарынан ғана емес, еліміздің басқа облыстарынан да келіп жатады. Жаңағыдай ішіп алатындар бір кездері мұнда өте көп еді. Кейін тәртіп орнатылды. Өз басым мынадай оқиғаға үш-төрт жылдан бері бірінші мәрте куә болып отырмын.

Жалпы, мен Қошқарата өзенінің айналасына киіз үйлер тігілсе екен деймін. Соның ішінде қыз-келіншектер қымыз құйып, үлкендер жағы тәлімі мол, өнегелі әңгімелер айтып отырса қандай жарасар еді! Ол салт-дәстүріміздің жаңғыруына да өзіндік үлесін қосар еді. қазақы киіммен қымыз ішіп отырса керемет болар еді.

Бұлай деп отырған себебім, кейде осы жерге аталар, әжелер немерелерін, келіндерін ертіп келіп жататыны бар. Дұрыс қой, таза ауада сергігенін қалайтын шығар. Бірақ көбі жалаңбас, шаштарын қырқып тастаған, оны қызылжасылға бояп алған, онымен қоймай, тәрбиелік мәні жоқ кино, сериалдарды талқылап, өсек айтып отырады. Сол кісілер киіз үйде өздерінің жасына сәйкес киіммен отырса, жастарға пайдасы мол, тәрбиесі күшті әңгімелерін айтса екен деймін.

Осы жерде Наурыз мерекесін де жарқыратып тұрып өткізуге болар еді. Киіз үйлер тігіліп тұрса, қазақтар жасына сай ұлттық киімде жүрсе, қазақша ән-жыр төгіліп жатса, Қошқаратаның сәні кіре түсер еді.

Бағанағы ішіп келгендердің ісіне қарап отырып маған осындай ойлар келді. Егер Қошқарата өзенінің айналасына киіз үйлер тігіліп, онда Қариялар мектебі ашылса, киелі өзенге қызара бөртіп ішіп келетіндердің қарасы да азаяр еді. Тіпті ондайлардың мұнда мүлде жоламауы да мүмкін».

Қошқаратаның шырақшысын осындай жайлар толғандырып жүр екен. Мұны қолында билігі бар, мүмкіндігі бар азаматтар неге ойламайды? Қошқарата сияқты ерекше өзен жағалауын туристерге ұялмай көрсететін кереметтей демалыс аймағына айналдыруға неге болмайды?

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!