Ақпарат

Орысша сөйлеген қызға ескерту жасаған әкім

Қаралды: 354

Алматыдағы биылғы Наурыз мерекесі кең көлемде  өтіп, нағыз халықтық мерекеге айналды. 

Қаланың екі жерінде –  «Астана» алаңы мен  Алатау ауданындағы  Атлеттер ауылында Ұлыстың ұлы күніне арналған концерттік шараларға 700-ден астам әншілер қатысты. Ұлттық салт-дәстүрлердің барлық түрі қамтылған мереке Ұлыстың ұлы күнін қыздыра білді.

Алматылықтар мен қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбектің  сөзі мәнді де, маңызды болды. «Астана» алаңындағы мерекелік басты сөзін тек мемлекеттік тілде сөйлеген Алматы әкімі Алатау ауданындағы Атлеттер ауылына да келіп, елді құттықтады. Талай жыл пәтер кезегінде тұрғандармен қатар таяуда дүрілдеп өткен Дүниежүзілік Студенттер Универсиадасы би­лет­теріне ойналған лотереяда пәтер ұтып алғандар да «Универсиада мұрасы» аясында әкім қолынан пәтер кілтін алып, бақытқа кенелді.

Осындай билеттердің бірін ұтып алып, екі бөлмелі пәтерге ие болған Жұлдыз есімді алматылық өз қуанышын Ресей тілінде жеткізді.  Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Жұлдыздан:

– Алматыда тұрасың ба? – деп қазақ тілінде сұрады.

– Иә, тәтеммен бірге тұрамын.

– Қай жақтан келдің?

– Қызылордадан келген­мін екі жыл бұрын.

Алматының әкімі  қазақша сөйлеп тұрғасын 99 пайыз қазақ тұратын Қызылордадан келген Жұлдыз ұялып қалды-ау деймін, тілі  бұл жолы қазақша шықты.

– Қайда істейсің?

– Банкте.

– Пәтерің құтты болсын! Бірақ қазақ тілінде сөйлеу керек. Барлық кезде қазақ тілінде сөйлеп үйреніңдер. Оның үстіне бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлап жатырмыз.

Қысылып қалған Жұлдыз: «Жарайды», – деп келісімін берді. Алаңға жиналған  елдің бәрі Бауыржан Байбекке қатты риза болып, қуана қол соқты.

Міне, Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мүддені – мемлекеттік мүддені ойлайтын, ойлап қана қоймай, іске асыратын іскер де білікті әкімі! Міне, ел болашағы – осындай сарабдал саясаткерлерде! Құдай мемлекеттік тілде сөйлеуді елден талап етпек түгілі, өздері қазақша сөйлеуден бас тартатын министрлер мен елшілерден, шекесі тар шенеуніктерден сақтасын!

Бірақ олардың күні өтіп бара жатқаны сезіле бастады қазір. Құдайға шүкір!

Қазыбек ИСА.

(qazaqunі.kz)

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру