Ақпарат

Гүлнәр апа қос келінін мақтайды

Қаралды: 262

Сарыағаш ауданындағы Жүзімдік ауылында Гүлнәр Дүйсенова есімді апа тұрады. Ол кісі кешегі 8-наурызда 63 жасқа толды. 

Гүлнәр апаны балалары мен немерелері осы мерейлі мерекесімен құттықтап қуантты. Ол кісіге әсіресе қолында тұратын қос келінінің сыйлықтары кереметтей ұнағаны анық.

Бүгінде үйіне бір келінін сиғыза алмайтын енелер де бар ғой. Ал Гүлнәр апаның қос келіні бірнеше жылдан бері  осы үйде бірге тұрады екен. Біз Гүлнәр ападан оларды тату-тәтті ұстауының сырын айтып беруді сұрадық.

«Екі келінімді де қатты жақсы көремін, – дейді ол кісі. – Өйткені екеуі де тәрбиелі, көргенді жерден шыққан. Осындай қыздар тәрбиелеген құдаларыма ризамын. «Жылы сөз жанды семіртеді» деп атамыз қазақ тектен-тек айтпаған ғой.  Келіндерім ешқашан қабақтарын шытпайды, күйеулерінің жағдайын жасайды, оларды отағасы деп сыйлайды, менің де қас-қабағыма қарап жүреді.

Үлкен келінімнің түскеніне – 11 жыл, кіші келініме 7 жыл болды. Осы уақытқа дейін екеуі бір-бірімен ұрысқан емес. Бірін-бірі сыйлайды, тату тұрады.

Мен негізі 6 бала туғанмын. Екі қызымды ұзатып, құтты ұясына қондырғанбыз, төрт ұлымның екеуін үйлендіргенбіз. Енді, Алла бұйыртса, кіші ұлдарымды да үйлендірмек ниеттемін. Жалпы, балаларымның бәрі бір төңіректе тұрғанын қалаймын. Ынтымағы жарасқан әулет болып, бір қауым ел болып қалыптасса екен деймін».

Бұдан кейін біз Гүлнәр апаның жұбайы Амангелді Бейсеновті сөзге тарттық.

«Мен өте бақытты жанмын, – дейді ол кісі. – Гүлнәрмен отау құрғанымызға биыл 36 жыл толғалы отыр. Бір-бірімізбен ұрыспақ түгілі қабақ шытып қараған кездеріміз жоқ десем өтірік болмайтын шығар. Екі келіннің бір отбасында тату тұрып жатқанын мен Гүлнәрдің арқасында деп білемін».

Бүгінде бұл кісілер бау-бақша жұмыстарымен айналысып жатыр. Немерелері де атасы мен әжесіне көмектесіп әрі көкөніс, жемістерді қалай өсіру керегін үйренуде.

Осындай ынтымақ-бірлігі жарасқан берекелі отбасылар көбейе берсе екен!

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру