Есболдың есегі де қолды болды

05.04.2017
Қаралды: 733

Бүгінде «Есек бизнесі» туралы жиі еститін болдық. «Есек терісін қабылдаймын» деген жарнамалар да адам көп жиналатын жерлерден көзге шалынып қалып жатады. Қалай болғанда да есек өміріне төнетін қауіп азаймай тұрғаны анық.

Осындай жағдайдың бірі кешегі аптада Шымкенттің іргесіндегі Шұбарсу ауылында болды. Есбол есімді азаматтың есегі ұрланды. Біз бұл жөнінде аталған ауылға бір жұмыспен барғанда жергілікті тұрғындардан естідік. Басқа жақта жүргендіктен Есболдың өзіне жолыға алмадық. Ал ауылдастарының айтуынша оқиға былай болыпты.

Есболдың шаруашылық жұмыстарына пайдаланып жүрген есегі бар екен. Ол оны күтіп-баптап ұстапты. Бұл жануардың біраздан бері «бизнес көзіне» айналғаны туралы оқиғаларды естігелі бері Есбол сақтық ойлап, есегін кешкісін қорада ұстап, оны құр қамап қоя салмай, арқандап қояды екен. Міне, осындай жерде тұрған есекті түн қараңғысын жамылған әккі ұры ың-шыңын білдірмей жетектеп кетіпті. Қолы суық адамның қандай тәсіл қолданғанын кім білген, Есболдың әшейінде жұрттың зәресін алатын қабаған төбетінің өзі де сол түні «ауп» деп дымын шығармаған көрінеді.

Жұрт осыны таңдана айтысып жүр. «Ұры алыстан келген жоқ, үй иесін танитын біреу болуы мүмкін. Таныс адамға ит аса өршелене қоймайды ғой. Ал есекке ауыз салушылар бүгінде аз емес. Несі кетіп барады, сойып, терісін өткізсе, 17 мың теңге табады екен. Есекті тері қабылдайтындарға тірідей өткізіп жіберсе де болады емес пе? Мүмкін оның етін алатындар да шығып жатқан шығар, кім біледі...» – деседі олар.

...Естеріңізде болса, газетіміздің өткен жылдың қараша айында жарық көрген нөмірлерінің бірінде «Есек терісі қанша теңге тұрады?» деген тақырыпта мақала жариялағанбыз. Осы мақалада «Есек терісін қабылдаймыз» деп жарнама жариялаған адаммен телефон арқылы хабарласқанымызды, сонда ол өзінің Шамал­ғанда тұратынын, есек терісін  қабылдайтынын (тері жануардың құлағымен қоса сыпырылуы тиіс екен), сойылатын есектің 3 жастан асқан болуы тиістігін айтқанын жазғанбыз. Содан бері де 4 айдай уақыт өтіпті, ал «Есек бизнесіне» қатысты әңгімелер көбеймесе, азая­тын түрі жоқ. Сондықтан есекті күш көлігі ретінде пайдаланатын адамдар сақтықты күшейте түспесе болмайды-ау өзі.

Есектеріңізге абай болыңыздаршы!

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ