Ақпарат

250 теңгеден өте дәмді кәуап-нан сатылып жатыр

Қаралды: 373

Біраз уақыттан бері Шымкент базарларында өзгеше нан сатылып жатыр. Кәдімгі тандырға пісіретін бұл нанның ортасы тесік. 

Соған орай оны кейбіреу «Тесік-нан» деп атап кетіпті. Ал сырын білетіндер «Кәуап-нан» деп атайды. Себебі оның қамырының арасына сиыр еті мен пияз қосылған.  

Кешегі аптада біз Шымкенттегі «Автонұр» базарынан осы нанның бірін алып, дәмін татып көрдік. Көпшіліктің «кәуап-нан» дейтініндей бар екен: дәмді, тойымды. Бағасы 250 теңгелік осы нанды жұрт таласа-тармаса сатып алып жатыр. «Бұл нанды ыстықтай жеу керек. Әрі тамақ, әрі нан. Сосын ыстық шай ішсек жетіп жатыр, 700 теңгеге түстік алып әуре болмаймыз. Бұл біз үшін өте тиімді», – деді буы бұрқырап, иісі танауды жарған ыстық нанды сатып алған базар сатушыларының бірі.

Жақын жердегі наубайханада күніне 200-ге жуық «кәуап-нан» пісіріледі екен. Ол жарты сағатқа жетпей-ақ сатылып кететін көрінеді.

«Бұл нанның ішіндегі етті кәуап секілді маринадтаймыз. Ет пен пияз қамыр ішінде болғандықтан кешке дейін бұзыла қоймайды. Оны автобус, пойызбен алыс жолға шығатындар да алып кетіп жатады», – дейді сатушы жігіт.

Н. НҰРСҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру