Созаққа келін болған поляк қызы

02.06.2016
Қаралды: 1549

Эренаны жұрт құрметтеп, Ерана деп атапты

Таяуда әкемнің қолжазбаларын қарап отырып «Ирина» деген әйел есіміне көзім түсті. Бір дүние жазбақ болғаны ақиқат. Анамның Алматыдан ауылға қыдырып келуін күттім. Ол кісі әлдеқашан алматылық болып алған. Келген соң сұрап едім, шешем: «Ирина емес, Ирена деген поляк апамыз болған. Әкең сол кісінің тағдыры туралы дастан жазам деп ниеттеніп жүрген. Бірақ тағдыры оған жеткізбеді. Ирена апа Сызған – Қозмолдаққа келін болып түскен. Өзі поляк ұлтынан, сенің әкең екеуі «Дневник Польши», «Мәскеу ньюс» деген поляк тілінде шығатын газет-журналдарды заказбен алдырып, ауысып оқып жүретін. Бейсенбі деген көкеміз Иренаны шын сүйген, сөйтіп оған үйленген, бес ұл-қызы бар», – деп тың ақпарат берді.

Осыдан соң Иренаның тағдырлы жолы мені өзіне тарта түсті. Анамның айтуымен Бейсенбі көкенің ұлы Мақсұт ағаның мекен-жайын, телефонын тауып алдым.

Иренаның толық есімі Эрена Новаковская екен. Ол 1921-жылы қазіргі Батыс Беларуссиядағы Гродно қаласында (бұрын Польшаға қараған) әскери қызметкердің отбасында бесінші перзент болып дүниеге келген. Өзінен үлкен екі ағасы, екі әпкесі болған.

Ал 1938 – 1939-жылдары КСРО мен Польша арасы күрт суығаны белгілі. Осы кездері Сталиннің поляк ұлтынан шыққан әскери азаматтарды Қазақстанға жер аудару жөніндегі жарлығымен 200-ге жуық әскери адамдар біздің елге әкелінген. Солармен бірге Эрена да Қазақстан жеріне, яғни Қостанай өңіріне, одан бөлінген қырық адаммен Оңтүстік Қазақстанның Түркістан ауданына түседі. Оның ішінде он адамның екеуі болып күтуші анасы екеуі Созақ топырағын басады. Қозмолдақта Бейсенбі Берістемов есімді азамат экспедитор болып қызмет атқарады екен. Аудандық партия ұйымы жер ауып келген қонақтарды күтіп алып, ауданға әкеп орналастыруды Бейсенбіге тапсырады. (Бейсенбі мен Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Құрал Рүстемов екеуі немере туысқан болатын, Берістем мен Рүстем бір әке, бір анадан туған бауырлар еді). Бойдақ Бейсенбінің көзі жиырмаға енді аяқ басқан Эренаға түседі. Осы күннен бастап ол махаббаттың отына шарпылады.

Бірбеткей, қайсар мінезді, көзі ашық, екі тілде еркін сөйлейтін Бейсенбі Эренаны сүйетінін айтып, ақыры 1942-жылы екеуі отбасын құрады. Осы жылы Бейсенбі Ұлы Отан соғысына аттанбақ болып сұранады. Бірақ денсаулық жайына байланысты комиссиядан өте алмай, Челябинск жеріне жұмысшылар армиясына алынады. Содан 1944-жылы елге аман-сау оралады. Бұл уақытта Эрена ата-енесін күтіп, сиыр сауып, құрт қайнатып, кәдімгі қазақ келіні болып ауылға сіңіп алған екен. Ал өзімен бірге келген, кішкентайынан анасындай болған күтуші апасы Созақ жерінде дүние салыпты. Туысқан әпкесі Польшаға кері кетерде Эренаны бірге кетейік деп үгіттейді. Кішкентай Камиланы құндақтап алып, ел-жұртпен қоштасып, Түркістаннан пойызға мінгелі тұрған жерінен Созақта қалып бара жатқан үлкен қызы Марусяны, сүйген жары Бейсенбіні қимаған Эрена туысқан әпкесін шығарып салып, өзі кетпей қалады.

Қысқасы, Эрена Саңғыл әулетіне тастай батып, судай сіңеді. Жарына адал, балаларына мейірімді, ауыл-аймағына сыйлы келін болады. Ауыл тұрғындары ерлігі мен төзімділігіне, сабырлылығына риза болып, оны ЕрАна деп атап кетті. Өсек сөзге, артық әңгімеге, бос күлкі мен бөстекі әңгімеге жоқ болыпты. «Эрена үйін таза ұстап, ұл-қыздарын мұнтаздай киіндіріп, тәтті-тұттыларын пісіріп, кестесін тігіп, үй шаруасын дөңгелетіп отыратын еді», – деп еске алады ол кісінің көзін көрген үлкен кісілер.

Эрена апа Бейсенбі көкеміз екеуі өмірге Маруся (Маркен апа), Кәмила, Мақсұт, Рамазан, Рахила, Роза деген бес ұл-қызды әкеледі. Олардан 25 немере, 35 шөбере тарады. Эрена апамыз 1992-жылы 72 жасында, Бейсенбі көке 1994-жылы 80 жасында Тараз қаласында ұлдары Мақсұт ағаның қолында дүниеден өтті.

Кіндік қаны  Польшада тамып, топырағы қазақ жерінен бұйырған Эрена апамыз көзі тірісінде ұл-қыздары Маркен апа мен 11-сынып оқитын Мақсұт ағаны, күйеу баласы Шопалай көкені ертіп, туған жеріне барып, туыстарымен қауышып қайтады. Бұл 1967-жылы болатын. Олар Минск, Клецк, Гродно қалаларында болып, қыдырып, аунап-қунап қайтады.

Бейсенбі көке мен Эрена апаның кіндігінен тараған ұл-қыздардың барлығы да жоғары білім алды. Лауазымды қызметтер атқарды. Әлі атқарып жатқандары да бар. Маркен апа мен Рамазан, Мақсұт ағалар зейнеткерлікке шықты. Олардың балалары да тәуелсіз еліміздің бір кірпіші болып, іргелі мемлекеттің іргесін қаласуда. 

Мен Қозмолдаққа барған сайын, біздің үйге қарама-қарсы тұрған Бейсенбі көкенің үйіне көзім түскен сайын Мыңжылқы баурайынан қызғалдақ теріп жүрген поляк қызы көз алдыма келеді. Ойланамын, толғанамын. Содан мен Эрена ана туралы «Эрена» деген шағын дастан жаздым. Өз басым есімі ел есінде қалған осы бір асыл жан жайлы қызықты фильм түсірсе де артық болмас еді деп ойлаймын.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ