Тіл-көзі ауыр адамдар бар

05.04.2017
Қаралды: 1049

Негізі тіл-көздің тиетіні, тіпті ол малды өлтіріп, адамды аурушаң етіп қоятыны рас екен. Өз басым өмірде көз тиіп ауырып, 

соңында түкке жарамайтын мүгедек болып қалдым деген талай адамдарды кездестіргенмін. Көз әсіресе кішкентай сәбилерге қатты тиеді. Осы орайда мына жай есіме түсіп отыр:

Қызымды босанғанымда қырқынан шықпай жатып үйге қайынсіңлілерім келді. Перзентханадан енді шыққан бала қарны тоқ болса ұйықтай береді емес пе? Үйге қонған қайынсіңлілерім таңертең бөпемді түнде жыламайды екен деп мақтады. Ал олар кетісімен қызым қолды-аяққа тұрмай, шарылдап жылауды бастады. Адыраспанмен аластап, тұз айналдырып дегендей білген ем-домымызды жасап, жылауын әзер тоқтаттық.

Содан екі айлық болып қалғанында бөпемізге құтты болсын айтып үйге достарымыз келген. Ол кезде бір бөлмелі пәтер жалдап тұратынбыз. Бөпені бөлек бөлмеге жатқызып, келген адамның көзінен тасалай да алмаймыз. Қызым солар кіріп келе жатқанда ұйықтаған, олар кеткенше оянған жоқ. Дос­тарымыздың әйелдері: «Біз келгенде ұйықтап жатыр еді, әлі ұйықтап жатыр. Біздің балалар бұлай өмірі жатпайды», – деп сүйсінді. Қонақтар кеткесін қызым тағы шырқырап, түнімен ұйықтамады.

Қысқасы, менің білгенім, жұрттың сүйсінгенін нәрестенің әлсіз ағзасы көтере алмайды екен. Сол қызым ақыры әлжуаз болып өсті. Үп еткен желге де ауырып қала береді.

Бірер жылдан соң ауылға көшкенбіз. Азын-аулақ қой-ешкі мен  бұзаулы сиыр алдық. Ауламыздағы аз ғана жерімізге қияр мен қызанақ, картоп ектік, гүл өсірдік. Үйіміз кішкентай ғана болса да жазда ауламыз жасыл желекке оранып, жайқалып тұрады. Қорадағы қой-ешкілер де өзінше бір жарасымды көрінеді екен. Пәтерден-пәтерге көшіп, қиналып жүрген күндеріміздің куәсі болған ағайын-туыс біздің біреуден ілгері, біреуден кейін қоңыржай тіршілік кеше бастағанымызды көріп қуанысты. Үйімізге келгенде қалада жүре бермей, ауылға көшкеніміздің дұрыс болғанын айтып, мал ұстап, бақша еккенімізді құптады.

Бірде үйімізге көптен бері көрмеген бір туыс ағамыз әйелімен бірге қыдырып келді. Шай үстінде тұрмысымыздың түзеліп қалғанын айтып, мақтаңқырап отырды. Әйелі екеуі бау-бақшамыз бен қорамызды да тегіс аралап шықты. Ал олар кетісімен сап-сау тұрған сиыр құлап, бір тоқтымыздың екі көзі бірдей ағарып кетті. Ойымызда ештеңе жоқ, мал дәрігерін шақыртып, сиырымызды да, тоқтымызды да көрсеттік. Ол біраз күн емдеді. Ешқандай оң нәтиже болмағасын арам қатырмай, сойып алуымыз керектігін айтты.

Кейін көршілеріміздің ішінде бір-екеуі бастарынан дәл осыған ұқсас жағдай өткенін айтты. Қонақ кеткесін біреуінің оншақты қой-ешкілері екі-ақ күнде қырылып, ал біреуінің өгізшесі құлап қалған екен. Оны естігенде «Жақсы қонақ келсе, қойың егіз табады, жаман қонақ келсе, қораңа қасқыр шабады», «Жақсы қонақ – құт, жаман қонақ – жұт» деген мақалдар есіме түсті.

Жалпы, біреудің бала-шағасын, мал-жанын әңгіме қылудың қажеті жоқ-ау деп қалдым. Тым сүйсініп, мақтағыңыз келіп бара жатса, «тіфәй-тіфәй, тіл-көзім тасқа» деп ырымын жасап қойыңыз. Қиын емес қой.  

К. ОСПАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!