Ақпарат

Көктемде бау-бақшаға көңіл бөліңіз

Қаралды: 324

Көктемнің алғашқы айы да ортасына таяп қалды. Енді шаруашылық жұмыстарын бастай беруге болады. Іс-әрекетте мына жайлар есіңізде болсын:

 Қазірден бастап помидор, баклажан, келімдәрі көшеттерін өсіре беруге болады. Көшет отырғызарда топырақты тыңайтып, жылытып алыңыз. Ал ұрық тез өсуі үшін оны арнайы ерітіндіге малып еккен дұрыс. Қай өнімге қандай дәрі керегін қазір арнайы дүкендерден біліп алуға болады. Сондай-ақ топырақ температурасының қай көшет үшін қандай болуы керектігіне де мән бергеніңіз дұрыс.

 Ұрық өніп шыға салысымен көшетті күндіз 16-18 градус, түнде 12-14 градус жылы жерге қойған жөн. Бір аптадан соң температураны 4-6 градусқа ұлғайтуға болады. Бұл кезде көшетке тыңайтқыш ерітіндісін құйып суарады, топырақ шыл­қылдап емес, аздап ылғалданып тұрса, жетіп жатыр. Тым көп суғарса, топырақта оттегі азайып, ол қышқылданады, бұл кезде оған шірікпен қоректенетін шіркейлер үйір болады.

 Көкөніс бүршіктері жетілуі үшін көшетке жеткілікті жарық қажет. Бұл үшін «лампа» қолдануға да болады, ол көшеттен 5-7 сантиметр қашықта тұрғаны дұрыс. Оны қанша күн қолдану керектігін де білген жөн.

 Көшетті топыраққа отырғызар кезде топырақты мыстың әлсіз ерітіндісімен суғарып жіберу керек. (Әр көшетке әртүрлісі қолданылады). Бұл топырақты тыңайту, көшетті аурудан қорғау үшін қажет.

 Бұл кезде түрлі гүлдерді де егуге болады. Бүгінде олар кез келген сауда нүктесінен табылады. Арнайы қапшығының сыртында егу, күтіп-баптау, өсіру тәсілдері көрсетіледі. Сондай-ақ бұрыннан өсіп тұрған көпжылдық гүлдердің бұтақ, тамырларын да тексеріп, ауруларын кесіп тастау керек. Кесілген жерді «замаскамен» залалсыздандырып қоюды ұмытпаңыз.

 Бау-бақшаға бір мәрте залалсыздандырғыш сұйықтар сеуіп шыққан жөн. Артық-ауыс судың ағып кетуі үшін арықтарды тазартып қою керек.

 Егер ағаш, бұта діңдеріне саңырауқұлақ көп өскен болса, бойына сөл жүрмей тұрып «железный купорос» дейтін 7-10 пайыздық ерітіндімен (100 грамм суға – 1 ас қасық) улап жіберген дұрыс, саңырауқұлақтар өледі.

 Есіңізде болсын, топыраққа қандай тыңайтқыш керегін алдын-ала саралап, екшеп алыңыз. Жарнамаға елтіп, топыраққа не болсын соны ендіре беруге болмайды. Сондай-ақ зиянкестерден қорғайтын дәрілерді де дұрыс таңдай біліңіз. Бұған болашақта алынар өнім көлемі тікелей байланысты болмақ.

 Саяжайда құс асырайтын болсаңыз, оларды дұрыс азықтандырыңыз, қажет кезінде дәрілетіп, екпелерін салдырып тұрыңыз.

 Ал кеміргіштерге қарсы мынадай тәсіл қолдануға болады: Ыдысқа тең мөлшерде цемент пен қант және олардан екі еседей көп ұн салып, үстіне аздап тазартылмаған күнбағыс майын тамызады да, кеміргіштер шығады-ау деген тұстар­ға қояды. Май иісіне келген кеміргіш оны жейді, асқазанына цемент қатып өледі. Сондай-ақ оларға қарсы «Шторм», «Клерат», «Зерноцин», «Гельдан», «Форэт» деген дәрілерді де қолдануға болады.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру