Өзбекстанмен 100-ге тарта келісімдер жасалды

05.04.2017
Қаралды: 444

Ұлыстың ұлы күні елімізге Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ресми сапармен келді. 

Ол кісі Қазақстанда 22 – 23-наурыз күндері болды. Ш.Мирзиёев Президент Н.Назарбаевпен кездесті. Бірнеше министрліктердің басшылары қатысқан кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында екі елдің саяси-экономикалық байланыстарын нығайтуға қатысты бірнеше құжаттарға қол қойылды. Екі елдің Президенттері осы уақытқа дейін қол жеткізілген ықпалдас­тықты одан әрі тереңдете түсуге уағдалас­ты.

«Өзбекстан – біздің стратегиялық әріптесіміз әрі бауырлас ел. Өзбекстанда миллионнан аса қазақтар бар, Қазақстанда 500 мың өзбектер тұрады. Делегацияның мақсаттары орындалуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Жоспарланып отырған келісімдер базасында 100 келісім бар.

Қазақстан мен Өзбекстан – Орта Азиядағы маңызды әріптестер. Өзбекстандықтар бізде 800-ден астам іскерлік серіктестіктер ашты. Таяуда Ташкент пен Астана арасында тұңғыш жүрдек пойыз сапарға шықты. Енді әуе және автомобиль қатынастары күшейеді», – деді Н.Назарбаев осы кездесуде.

Кездесу барысында Елбасы Н.Назарбаев Өзбекстан билігіне Ш.Мирзиёев келгелі екі ел арасындағы сауда-саттық 30 пайызға артқанын айтты, екі елдің бұл салада Орта Азиядағы жетекші позицияға ие болып отырғанын жеткізді.

Кейінгі төрт-бес айдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстар арта түсіпті. Мысалы, Қазақстан астығының Өзбекстанға сатылуы 30 пайызға артса, Өзбекстаннан бізге жеткізілетін көкөніс, жеміс-жидек көлемі 25 пайызға өсіп отыр екен.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті бұл сапарының тарихи маңызы зор болатынын, Қазақстанмен әрқашанда ең жақын әрі сенімді көрші ретінде аралас-құраластықты тереңдетуге мүдделі екендерін білдірді. Ол Астанада өтетін қазақ-өзбек бизнес-форумына 250-дей кәсіпкерлерді ертіп келгенін жеткізді.

Бұл кездесулер нәтижесінде шекаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша да маңызды келісімдер жасалды. Екі елдің мәдени күндерін өткізіп тұру жағы да ойласылды. Екі Президент Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық ықпалдастықты одан әрі нығайту туралы бірлескен декларацияға қол қойды

Осы күндері Астанада Инвестиция және даму министрлігі мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен екі елдің 500-ге тарта кәсіпкерлері қатысқан тұңғыш қазақ-өзбек екіжақты бизнес-форумы болып өтті. Бұл жиын барысында екі елдің кәсіпкерлері құны 1 миллиард долларға жуық қаржыны құрайтын 100-ге тарта келісім-шарттар жасасты. Стратегиялық, үкіметаралық, ведомство­аралық, өңіраралық әріптестіктерді нығайту, табыс пен мүлік салықтарын жеңілдету, автоқатынастар, қорғаныс саласы, көлік жинау, агроөнеркәсіп, тоқыма, тігін, мақта-мата, құрылыс материалдары және тұрмыстық техника, химия өнеркәсібі, металл саудасы және тағы басқа да толып жатқан салалар бойынша келісімдер жасалды, бұрынғы келісімдерге өзгертулер мен толықтырулар ендірілетін болды. Жалпы саны 13 мемлекетаралық, ведомствоаралық және үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.

Қысқасы, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар жаңа қарқынмен дами түсетін болды.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ