Ақпарат

Түркітілдес бауырлар Түркістанға ағылды

Қаралды: 236

Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін дамыту мақсатында құрылған «ТҮРКСОЙ» ұйымы биыл Түркістан қаласын Түркі елдерінің мәдени астанасы деп жариялағаны белгілі. 

Осыған орай кешегі Наурыз мерекесін Түркістанда бүкіл түркі елдерінен келген адамдар зор қуанышпен қарсы алып, тойлады.

Сонымен, Түркістан түркі елдерінің рухани астанасы атағын иеленген 5-ші қала болып отыр. Осындай дәстүр енгізуді, яғни тарихи құндылығы бар мұндай қалаларды рухани астана дәрежесінде ұлықтауды «ТҮРКСОЙ» ұйымы 1993-жылы ұйғарған болатын. Бұл ұйым сол жылы құрылған, оған Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Әзірбайжан мүше болған. Ал Ресей құрамындағы Татарстан, Баш­құртстан, Алтай, Саха (Якутия), Тыва, Хакасия республикалары қадағалаушы мәртебесінде енген еді. Кейін Ресей мен Түркия арасындағы қатынас шие­леніскен кездерде Татарстаннан басқасы ұйыммен байланысын үзуге мәжбүр болды. Бүгінде «Түрксойға» қадағалаушы ретінде Татарстаннан басқа әлем елдерінің кейбірі ғана мо­йындап отырған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы мен Молдавия құрамындағы Гагаузия атсалысуда.

Түркі елдерінің мәдени астанасы мәртебесі ең алғаш рет 2012-жылы Қазақстан астанасы – Астана қаласына берілген болатын. Одан кейін мұндай мәртебені Ескішеһир (Түркия), Мары (Түркіменстан) және Шекин (Әзірбайжан) қалалары иемденген еді.

...Бүгінде әлемдегі түркітілдес халықтардың жалпы саны 200 миллион адамнан асады, бауырлас түркі тілдерінің өзі 30 шақты. Түркілер Азия мен Еуропаның көптеген елдерінде өмір сүріп жатыр. Түркі халықтарының тілі мен дінін, мәдениеті мен өнерін сақтап, насихаттау жолында «ТҮРКСОЙ» ұйымы үлкен шаруалар атқаруда.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру