Ақпарат

Біреулер біздің атымызды жамылып жүр екен

Қаралды: 383

Кешегі аптада редакциямызға ел ішінен бір кісі хабарласты. Ол өзінің ұзақ жылдардан бері «Замана» газетін тұрақты түрде оқитынын айтты, жанашыр азамат ретінде бір жағдай жөнінде хабарлады.

«Менің бір туысым мектепте мұғалім болып істейтін еді, – дейді ол. – Солардан «Замана» газетінен тексеру келді, бір кемшілік тауып, шүйлігіп тұр, аузын жабу үшін соған беруіміз керек» деп басшылары ақша жинап алыпты. Айтуынша, мектептердің бірінде болған заңсыздықты білген бір тілшісымақ білім бөлімінің басшысына жолығып, қоқан-лоққы жасап, өзінің болған жайды жарияламауы үшін ақша талап етіпті, ал басшы оның сұраған ақшасын мектептерден жинап беретін болып уәде етіпті. Енді ол мектептерге 10 – 15 мың теңгеден салық салған көрінеді. Ал білім бөліміне қарасты бірнеше ондаған мектептер бар, «Пәледен машайық қашыпты» демекші, мұғалімдер ортадан ақша жинап беріп жатыр екен деп естідім.

Өз басым «Замананың» қызмет­керлері мұндай іспен айналысады дегенге сенбеймін. Мүмкін біреу сіздердің аттарыңызды жамылып арам іспен айналысып жүрген шығар деп өздеріңізге хабарласып отырмын».

...Редакциямызға телефон шалған оқырман бізге осылай деді. «Ол адам өзінің аты-жөнін айтып па, қызметтік куәлігін көрсетіп пе?» – деген сұрағымызға әлгі кісі: «Қазір аңдып, әдейілеп іздесе, жұмысынан кемшілік шықпайтын адам жоқ. Оның үстіне басшылардың көбінің қолы таза емес қой. Сондықтан біреу тексеруге барса олардың жаны қалмайды. Аты-жөнін, «удостоверениесін» сұрау­ды да ұмытып кетеді. Әйтпесе осындай болып жатыр деп сіздерге телефон шалса да болар еді ғой», – деді.

Әлгі кісінің хабарлауынша, оған бұл туралы жеткізген адам айтуын айтып алып, басшымыз біліп қойса жұмысымнан қуады-ау деп қорқып жүрген көрінеді.

Біз бұл оқиға бір далалы ауданда орын алған деп естідік. Алдағы уақытта оның анық-қанығын зерттейтін боламыз.

Ал әзірге айтарымыз мынау:

Облысымыздағы қай саланың басшысы болса да біліп қойыңыздар, «Замана» мұндай лас іспен ешқашан айналысқан емес, айналыспайды да! Егер біреу мен «Заманаданмын» деп барса, оның аты-жөнін сұрап, жеке және қызметтік куәлігінен нақ сол адам екенін біліп алу ешқандай да қиындық тудырмайды. «Замананың» атынан біреу қоқан-лоққы көрсетсе, онда бұл жөнінде газет редакциясына шұғыл хабарлағандарыңыз дұрыс болар еді.

Ендеше, мұндай сорақы оқиғаның куәсі болған кез келген адамға айтарымыз, бұл жөнінде уақыт өткізбей бізге хабарлаңыз! Алаяқтардың заңсыз ісіне тосқауыл қояйық, оларды бірге әшкерелейік!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру