Ақпарат

Қолы бос адам ауылда қаңғып жүрген есек тәрізді...

Қаралды: 314

Өмірде өте ақкөңіл, ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін, қолынан келсе жәрдем беруге даяр тұратын адамдар бар. 

Егер Сіз осындай адам болсаңыз, онда тез арада өзгеруіңіз керек! Мысал ретінде мен өзімді айтайын, егер маған қазір біреу келіп бірлесе жұмыс жасау туралы ұсыныс айтса, мен оны қабылдамаймын. Неге? Өйткені оның ұсынысы менің биылғы жыл­ға құрған жоспарымда жоқ. Келесі жылы ойланып, жоспарыма енгізіп көруім мүмкін. Мен үшін ол кісінің ұсынысынан түсетін пайда емес, алтын уақыт қымбат.

...Банкте есеп-шотың бар делік. Сол шотыңа күн сайын таңертең 86 мың 400 доллар түседі, сен оны сол күні кешке дейін жұмсап бітіруің қажет. Тағы бір шарты бар: ол ақшаны басқа банкке аудару мүмкін емес және түгесілмеген жағдайда шоттағы сома келесі күні нөлге айналады. Ал енді не істейсің? Әрине, әйтеуір сол ақшаны не болса да жұмсауға, өз игілігіңе пайдалануға тырысасың.

Мінеки, барлығымыз да «Уақыт» атты банктің тұтынушыларымыз. Күн сайын біздің қолымызға пайдалансын деп 86 мың 400 секунд беріледі. Берілген бұл шектеулі уақытты басқа күнге не қоса алмайсың, не ертеңгі күннің уақытын мезгілінен бұрын қолдана алмайсың. Күндік уақыт қорымыз таңертең толып, кешке таусылып отырады. Өткен уақытты қайта иелене алмайсың. Сондықтан күнделікті қолыңызға түскен осы қазынаны өмірдегі бақыт, денсаулық, жетістік, ырыс-береке, бақ сияқты маңызды нәрселерге жұмсаған жөн. Уақыттың қадірін толығырақ түсіну үшін мына теңеуге бір қараңызшы:

 1 айдың қадірін 8 айлық баланы туған анадан сұра;

 1 аптаның қадірін апталық газеттің редакторынан сұра;

1 сағаттың қадірін сүйгенін күтіп отырған ғашық жаннан сұра;

 1 минуттың қадірін пойыздан қалып қойған жолаушыдан сұра;

 1 секундтың қадірін апат аузынан аман қалған жүргізушіден сұра;

1 миллисекундтың қадірін Олимпиадада 100 метр қашықтыққа жүгіру сайысынан күміс медаль алған атлеттен сұра!

Қысқасы, уақыт – бізге берілген үлкен қазына. Осы қазынаны маңызды нәрселерге жұмса. Ұмытпа! Уақыт ешкімді күтпейді, өткен уақыт – тарих, ал келер шақ сырларға толы. Осы сырларды арзан нәрселерге айырбас­тама!

Әр күні, әр сағаты жоспарланбаған, алдына мақсат қоймаған қолы бос адамды әркім «пайдаланады». Артық айтсам айыпқа бұйырмаңыз, қолы бос жүрген адам ауылда қаңғып жүрген есек тәрізді, кім-көрінген мініп кете беретін. Рас қой, егер сіздің қолыңыз бос болса, үйіңізге досыңыз келіп басындағы бар проблемасын сізге айтып беруі мүмкін, ертеңіне тағы бір адам келіп үйін соғуға көмектесуіңізді өтінеді, оның ертесіне жиеніңіз келеді құдалығына шақырып... Міне, осылай кете береді. Яғни сізді әркім өз мақсатына, өз тірлігін бітіріп алуға пайдаланады. Ал сізде, керісінше, алға жылжу болмайды. «Көңілшектігің өз өміріңді мақсатсыз өткізуге бейімдейді» деген сөз текке айтылмаған.

Америкалық миллиардер Генри Форд: «Мақсаты жоқ адамдар мақсаты бар адамдардың ойын жүзеге асыру үшін көмектеседі», – деп дөп тауып айтқан. Яғни егер сіздің бос уақытыңыз көп болса, мақсатыңыз айқын болмаса, онда өзге біреулердің қолшоқпарына айналып кетуіңіз мүмкін. Мақсаттың құпиясы деген – осы. Әр сағатыңызды, әр минутыңызды есеппен жұмсаңыз, нақты жоспар бойынша жұмыс істеңіз!

Аманжол РЫСМЕНДИЕВ,

бизнес-жаттықтырушы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру