Ақпарат

«Наурызкөже ұмыт болып кетпесе екен», – дейді 72 жастағы Нұргүл әже

Қаралды: 361

Жақында әпкемнің үйіне қыдырып бардым. Сөйтсем олар қонақ күтіп жатыр екен. Дастархан басында бір әжейдің үлгі боларлықтай әңгіме айтып отыр­ғанын көрдім. 

Ол кісі­лермен амандаса салысымен рұқсат сұрап, әлгі әжейдің жанына жайғаса кеттім.

Нұргүл Ошаева есімді бұл әженің жасы қазір 72-де, өмірге 9 бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген Батыр ана екенін сұрап білдім. Балаларынан өрбіген 32 немере мен 13 шөбересі бар. Өзі 16 жасында тұрмысқа шығыпты.

«Біздің жас кезімізде күнтізбе деген нәрсе болмаған ғой, – дейді Нұргүл әже. – Нәуірзек деген құс келе сала үлкендер жағы әр үйде наурызкөже істететін.  Ауылдың үлкен-кішісін шақырып наурызкөже беретінбіз. Үйлерде үлкен дастархан бірнеше күн бойы жайылып тұратын. Бірінші күні үлгермегендер наурызкөжені, дастарханға қо­йылған өзге де дәмді келесі күндері ішіп-жеп кетеді. Сол күндері қол күресі, алтыбақан тебу, қыз қуу сияқты ойындар жүріп жататын, мейрам өте қызықты өткізілетін еді.

Өсіп келе жатқан жастар осы бізден үлгі-өнеге алады. Олар не көрсе соны істейді. Сондықтан оларға бар білген ақылымды айтып отырамын. «Үйге қонақ келсе күліп қарсы алып, төрден орын беріңдер. Әр қонақ өз несібесімен келеді. Қырықтың бірі – Қыдыр», – деп айтып отырамын».

Нұргүл әже Наурыз мерекесінде бүкіл бала-шағасын, көршілерін жинап, наурызкөже пісіріп-таратуды әдетке айналдырған екен.

«Осы бір керемет салтымызды ешкім ұмытып кетпесе екен деп тілеймін. Сондықтан да осындай шараларды үнемі ұйымдастыруға тырысамын. Наурызкөженің адамдарды аралас-құралас, сыйластыққа ұйытатын қасиеті бар. Ол денсаулыққа да өте пайдалы. Құрамындағы заттар жеңіл, сіңімді болып келеді. Оған біреулер тоғыз түрлі, ал енді біреулер жеті түрлі дақыл қосып пісіреді. 

Наурызкөжені пісіре салып ең бірінші жаңадан өсіп келе жатқан ағаштардың түбіне құяды. Оны: «Ақ мол болсын, көкөнісіміз көп болсын, ағаштарымыз молынан жеміс берсін, келесі Наурызға аман-есен жете берейік!» – деп ниет етіп құятын едік. Одан соң көжені көрші-қолаңға, бала-шағаға таратып беретінбіз.

Қазіргі жастарға айтарым, ата-бабамыздың осы салт-дәстүрі ұмыт болып кетпесе екен. Жылда мектептер немесе болмаса  екі ауыл қосылып Наурыз мерекесін өткізеді, сол кезде тамаққа палау беріп жатады. Негізі бұл кезде наурызкөже берілуі керек қой. Жұрт осыны ұмытпаса екен. Әйтпесе наурызкөже беру дәстүрінің біртіндеп ұмытылып кететін түрі бар», – дейді Нұргүл әже.

Ол кісі осындай әңгімелер айтты. Сосын: «Құдай жерден берсін, ауадан өндірсін! Еліміз, Елбасымыз аман болсын, Наурыз мерекесіне аман-есен жете берейік. Бала-шағамыздың тек жақсылығын көрейік, ынтымағымыз артып, берекеміз нығая берсін!» – деп ұзағынан қайырып бата берді. Нұргүл әженің әңгімесі мен батасы көңілімізді өсірді. Осындай қазына-қарттарымыз аман болсыншы! Ал ол кісінің наурызкөже туралы айтқандарын әркім құлағына құйып алса екен.

Р. ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру