Ақпарат

«Ұрпағымыз қазақ атын қастерлесін десек...»

Қаралды: 295

Мен Алматыдағы Неке сарайы мен Цирк үйі жанынан күнде өтемін. Қазақтың киіз үйін бейнелейтін осы қос ғимарат мазмұны социалистік, түрі ұлттық мәдениет заманында дүниеге келді. 

Бірақ дөңгеленген әдеміліктің астарында үлкен сағым, зор арман жатыр. Бұл ғимараттардың жобасын жасаған сәулетші Нұрғазы Оразымбетов орыс қызына үйленген жан еді. Өз басы қазаққа қара шаңырақ қалдыра алмаса да ұлтына, ұлтының ұл мен қызына ғасырлар бойы сәлем беріп тұратын, қасиетті киіз үйге ұқсас Неке сарайы мен Цирк үйін сыйлап кетті. Сәулетшілік қиялымен ұрпағына «Қазағым, өткеніңді, өскен ұяңды ұмытпа!» деп тұрғандай.

...1985-жылы көргенімде шүйкедей болған шал есік ашып:  «Ұрпағым мені ұмытпасын біліп едім...» – деп тол­қып кетті.

Қазір ойлап қарасам, сол толқыныс шын жүректен шыққан тебіреніс екен-ау! Әлі сақтаулы тұрған өмірбаяндық жазған-сызғандарына көз жүгір­темін.

Балалар үйінде тәрбиеленген, интернатта Әбілхан Қастеевпен, Әнуарбек Үмбетаевпен, Күләш Байсейітова, Камал Қармысовтармен қатар оқыған ол 1931-жылы Темір­бек Жүргеновке жолығып, Ленинградтағы Я.Рудзутак атындағы теміржол инженерлерін даярлайтын институтқа сұранады, үкімет жәрдемімен оқуға түседі, оқиды, бітіреді.

«Келбетті, ежелгі Киев қаласындағы атақты Крещатик көшесінде Зоя Никифоровна Гайлитпен таныстым. 1935-жылдың қыркүйегінде ата-аналардың рұқсатымен жаңа советтік семья құрдық. Әйелімнің шешесі Ольга Ефимовна Босякова мен әкесі Никифор Иванович Гайлит бізге жақсы семьялық өмір мен ұзақ ғұмыр тіледі» деп мақтана жазыпты естелігінде марқұм қарт.

Қайран советтік семья құру салты-ай! Қаншама қазақтың тұқымын тұздай құртып жібердік десеңізші?! «Советтік семья құру салтымен» талай қазақ қызы мен жігіті жатұлттық болып кетті. Жігіт те, қыз да орыс­тан, украиннан, эстоннан, немістен жар құшса, бар ынты-шынтысымен құлай бе­рі­леді. Балаларының аты да, заты да орысша, әйтеуір басқаша болып шыға келеді. Онсыз да аштан қырылған қазаққа мұндай жоғалған ұрпақ орын толмас өкініш сыйлады.

Бірде орыс бәйбішесі бар (100 жасады) ардагер актерден: «Келіндеріңіз қазақ па? Күйеу бала кім?» – деп сұрағанымда екі ұл, бір қызының аттары орысша екендігін, әрі ұлдары да орысқа үйленіп, қыз да орысқа күйеуге тиіп, тұп-тұқиянымен орысқа айналып кеткенін білдім. Оның үстіне ұлдары бөлек тұрады. Сәукілдеген қос қария екеуден-екеу шоқиып отыр екен. Кіжініп алған қария ұрпағының өзге ұлт санатына еніп кетуіне ең алдымен тап өзі бастаушы, себепші болғанын ұмытып кетті.

Өмірлік жар таңдауда қазағын ұмытқан адамды тағдыр құп көрмейді. Өзге ұлт өкілін құшқан, солардан ұрпақ көрген отағасыдан қазақтың қара шаңырағының қадірін арттырар, ұлтының намысын жыртар азамат өсіп шығуы неғайбіл. Қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдамайтын ұрпақ – қазақ үшін мәңгілік жоғал­ған, алданған ұрпақ.

Ал қыздар ше? Қыздарымыз да басқа елден бақыт іздеп, ұзап кеткелі қашан! Ауыл-ауылдың түбін­дегі әскери бөлімшелер­дегі солдаттармен еріп жер түбіне кеткендер қаншама?! Кеңес кезінде өзбек солдаттарға тегін қалындық болып, қолтықтасып кеткен қаракөздеріміз келін болып түскен күні-ақ ала шалбар, ала көйлек киіп шыға келген.

Сұлулығымен даңққа бө­лен­ген Салтанат Кәмәлиева атты аруымыз Оңтүстік Кореяда тұрмыста. Санкт-Петербургтегі буынсыз биші, балерина Алтынай: «Я по происхождению казашка, а в душе я русская», – дейді. Атақты шахматшылар, апалы-сіңлілі Сахатовалар да ағылшын, француз ұрпағын өсірмекші. Әлемге әйгілі музыка шебері Әлфия Нақыпбековамыз баяғыда ағылшын еліне балдай батып, судай сіңді. Көркем гимнаст­шы Алтын Батырбекова Грекияға кетті.

Осындай тума талантты қыздарымызға шетелдіктер неге тым құмар? Шетелде «утечка умов» атты термин, тенденция баяғыдан бар, қазақшасы – «басы барларды барымталау». Нашар дамып келе жатқан мемлекет­тердегі аса дарынды мамандарды тарту ар­қылы АҚШ екі жылда екі миллиард доллар үнемдеді. Қай мемлекетте болса да білікті маман да­йындау – орасан зор қаражатты қажет ететін сала. Баланы жан-жақты етіп өсіру қалтасы қалың алпауыттар­ға да оңайға түспейді.

Мысалы, АҚШ-тағы мектеп оқушыларының 10 про­центі элиталық мектепте оқиды, әрбір оқушыға жылына 15 – 20 мың доллар төлейді. Көрдіңіз бе озық маман дайындау үшін қаншама қаражат керек екенін? Біздің қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, әлпештеп өсірген, өсе келе даңкқа бөленген қыздарымыз – олар үшін тегінге түскен маман.

Иә, Қазақстан – азат, тәуелсіз, қазыналы байтақ ел. Бірақ қалың көпшілік кедей­шілік құрсауында. Ұл-қыздарымыздың көрінгеннің қолжау­лығы болып, жанын, ділін сатып, шетел саясатының шырмауында жүруінің бір сыры да ақшалы алақан аңсауының салдары болар.

Қаншама қиыншылық көр­сек те елмен бірге көрелік. Әрбір бозбала мен бойжеткен келешекте қазақтың отағасы, отанасы боларын есте сақтауы керек. Өз болашағын ел болашағымен байланыстыруы керек. Әр әке-шеше баласы 12-13-ке келі­сімен Отан отбасынан басталатындығын құлағына құюы керек. Қазақстанның байлығы – адам, өскелең ұрпақ. Ұлың ұяда ұрпақ өрбітсін, қызың қазақтың құтты шаңырағына қонсын. Тәрбие тізгіні – өзімізде.

Күлән Берікболова

Мақала ықшамдалып жарияланды

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру