Ақпарат

Қазақ күйін күмбірлетті 1000 бала

Қаралды: 245

Монғолияның қазақтар көп қоныстанған Баян Өлгий (қазақтар «Бай өлке» деп атайды) аймағының орталығы – Өлгий қаласында өнерпаз 1000 бала бір мезгілде күй тартып, ерекше жаңалық жасады. 

Бұл айрықша оқиға 22-наурыз мерекесі күні орын алды.

Баян Өлгий аймағы Монғолияның батыс бетіндегі таулы өңірде орналасқан. Оған алғашқы қазақтар Ресей мен Қытай жер бөліскен сонау ХІХ ғасырдың 60-жылдарында барып қоныстанған деседі. Сол кезде монғол жері маньчжурлар езгісінен босап жатқан екен, орысқа да, қытайға да қарағысы келмеген  шекаралық өңір қазақтарының бір бөлігі сол кездегі монғол билеушісінің рұқсатымен Баян Өлгий жеріне барып қоныстанып, сонда тұрып қалғаны жөнінде айтылады.

Баян Өлгий аймақ мәртебесін 1940-жылы алған. Аймақта 13 сұмын (аудан), 90 бақ (ауыл) бар. Бүгінде онда 97 мың адам тұрады, халықтың 93 пайыздан астамы – қазақтар. Аймақ орталығы – Өлгий қаласында 34 мың адам бар, тұрғындарының басым бөлігін қазақтар құрайды. Аймақтағы 43 мектептің 38-і – қазақ мектептері. Бұл аймақта қазақтардан басқа халха монғолдары, ұраңқайлар, тывалар да тұрып жатыр. Баян Өлгий аймағы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде мұнда мал басы 1 миллион 700 мыңнан асады.

Қысқасы, шаруашылығымен қоса ұлттық салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті өркендеген осы өңірдің қазақтары биылғы Наурыз мерекесіне 1000 өнерпаз баланың бір мезгілде орындауында тамаша күй тарту етті. Оны жергілікті азаматтар әлеуметтік желілерге жолдады. Бүгінде ғаламтордан бұл ғажап көріністі тамашалаушылар өте көп.

...Жалпы, шетелдік қазақтардың, әсіресе Қытай мен Монғолияда тұрып жатқан қандастарымыздың ұлттық рухының жоғарылығына риза болмай тұра алмайсың. Басқасын былай қойғанда, әлем назарын аударатын осындай мәдени шаралардан олар әрдайым жарқырай көрініп отырады.

Мысалы, 2008-жылы шыңжаңдық ерлі-зайыпты қазақтар ұзындығы 100 метрді, салмағы 1 тоннаны құрайтын қазы жасап, Гиннестің рекордтар кітабынан орын алған еді. 2010-жылы осы Шыңжаң өлкесіндегі Толы ауданының 10 мың 450 қазағы бір мезгілде «Кеңес» күйін тартып, аталған кітапқа енген болатын.

Арада екі жыл өткенде Болатбек Кәрімханұлы есімді жас жігіт ұзындығы – 45 миллиметр, ені 14 миллиметр болатын домбыра жасап, ол әлемдегі ең кішкентай музыкалық аспап ретінде Гиннестің рекордтар кітабында тіркелді. Сондай-ақ Шыңжаңның Мори ауданында тұратын қазақтар диаметрі 32 метрлік, жалпы аумағы 800 текше метрден асатын, үстінде бір мезгілде 2000-нан аса адам еркін отыра алатын алып сырмақ тоқығаны туралы да кезінде біз газетімізде хабарлағанбыз. Бұл сырмақ пен ол ішіне төселген алып киіз үй де Гиннестің рекордтар кітабынан ойып тұрып орын алған еді.

Енді, міне, монғолиялық қазақтар әлем назарын өзіне аударды. Алға, қазағым!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру