Ақпарат

Қайыңнан көмір алған пайдалы ма, зиянды ма?

Қаралды: 245

Таяуда телеарна жаңалықтарынан Солтүстік Қазақстан облысында қайың ағашынан көмір өндіретін зауыт ашылғаны жөнінде естіп-білдік. Бұған қызыға таңдай қағушылар аз болған жоқ.

Мұндай зауыт аталған облыстың Айыртау ауданында ашылыпты. Айына  120 тонна өнім береді, оны Қарағандыдағы кремний зауыты тұтынады.

Яғни зауыт орманнан қажетті мөлшерде қайың ағаштарын кесіп алады. Сосын оны бұтарлап, зауыттағы арнайы құрылғы-пештерде 800 градусқа дейінгі температурада пиролиз әдісімен одан көмір өндіреді. Ауа кірмейтін контейнерлерге салынған ағаштар пеш ішінде 5 сағаттан аса уақыт болғасын одан көмір тозаңы алынады, кейін ол брикеттеу тәсілімен жиналып, текшеленеді екен. Бұл үшін шикізатқа бір күнде 36 текше метр қайың жұмсалады. Кәсіпорын иелері енді бұдан да үлкен зауыт салуды жоспарлап отыр екен.

Ал бұл өзі шындығында да қуантарлық жаңалық па, оның табиғатқа, экологияға зияны тимей ме? Міне, осыған қатысты әлеуметтік желі қолданушысы Қуандық Шамахайұлы өзінің жеке парақшасында былай деп жазды:

«СҚО-да қайыңнан көмір өндіретін зауыт ашылыпты. Бұл қуанатын жағдай емес, дабыл көтеретін-ақ ірі проблема. Бізде орманды алқаптар соншалықты көп пе еді? Соның ішінде ит тұмсығы батпайтын қайың орманы сыңсып тұрғаны шамалы ғой. Есесіне көмір кеніштерінен кенде емеспіз. Сөйте тұра СҚО-дағы керемет өндіріс деп алақайлауымызға жол болсын!

Экологтар мұны біле ме екен? Әдетте көрші елге ауып кетіп, өзгенің еншісіне айналатын бір бөкен үшін аңшыларды пәлен жылға соттатып жіберетін табиғат қорғаушылар залалы одан да орасан зор мына жағдайға төзетіні қызық екен».

...Табиғат жанашырларының бұл дабылын жөнсіз дей алмайсыз. Бірақ осылай екен деп ондай зауытты жапқызып тастау да оңай бола қоймас.

Біз қайың көмірі жөнінде сұрастырып білгенімізде осындай ойға қалдық. Өйткені қайыңнан көмір алу деген бұрыннан бар әдіс екен. Ол әсіресе орманы көп Ресейде  дамып кетіпті. Солтүстік Қазақстан осы елмен шектесетіндіктен мұнда да қайыңнан көмір алушылар аз емес көрінеді. Яғни бірнеше шағын кәсіпорындардың осындай шаруаны жолға қойып отырғанын білдік. Олар өздерінің жарнамаларында: «Камин пешіне қолдануға, тандыр нан, кәуап, гриль, барбекью пісіруге таптырмас отын. Хош иіс сіңіреді, ұзақ жылу береді, ауаны ластамайды, күл қалдырмай жанады», – деп қайың көмірінің мақтауын келістіреді екен. Яғни мұндай көмірге металлургиялық зауыт қана емес, жекелеген адамдар да тапсырысты молынан беретін сияқты. Себебі бүгінде қалаларда тойхана, асхана, кәуапхана, самсахана атаулының таяқ тастам жердің бәрін жаулап алғаны, адамдардың көбі көшеден тамақтануды әдетке айналдырғаны өтірік емес қой.

Ал арнайы қағаз және полиэтилен қапшықтарға салынған қайың көмірінің бағасы салмағына қарай 1000 – 5000 теңге  аралығында болады, килосы 100 – 150 теңге аралығында сатылады екен.

...Міне, бүгінде елімізде осындай да жағдай болып жатыр. Сұраныс күшті деп жүріп табиғат байлықтарын ойсыз тұтынып, ақырында бәрінен сыптай болып қалмасақ екен әйтеуір.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру