Ақпарат

Жаңа үйді қарызға беріп жатыр

Қаралды: 243

Бүгінде елімізде үй салумен айналысатын құрылыс компаниялары өте көп. Дағдарыс кезінде олар да қиындықты бастан өткеруде. 

Осыған орай олар қарызға пәтер сатуда, тағы да басқа жеңіл­діктер жасауда. Ал мұның пәтер алушы үшін пайдалы жақтары мынадай: Айлық жалақының қандай екені есепке алынбайды, құжат рәсімде­генде комиссия алынбайды, қосымша шығындары жоқ. Қажетті құжаттарды көп талап етпейді, рәсімдеуге аз уақыт кетеді. Ипотекадан арзанға түседі. Төлем уақытынан кешіккенде айыппұл салынбайды.

Ал кемшіліктері мынадай: Қарызға беру уақыты тым қысқа, сондықтан ай сайынғы төлем мөлшері жоғары. Көп жағдайда үй әлі де пайдалануға берілмеген немесе пайдалануға берілу уақыты кешігуі мүмкін. Сондай-ақ алданып қалу қаупі де жоқ емес.

Үй құрылысын жүргізушілер қарызға үй беру үшін мынадай құжаттар сұратады: Егер үй әлі де салынып жатқан болса, онда пәтер оның атына тек салынып біткесін ғана рәсімделеді. Бұл кезде сатып алушы тек пәтерге талап құқына ғана ие. Өйткені құрылыс компаниясы үй салынбай, яғни сату-сатып алу келісім-шарты түзілмей тұрып бұл жөнінде құжат түзе алмайды.

Бүгінде құрылыс компаниялары алдын-ала сату-сатып алу келісім-шартын түзіп те пәтер алушымен келісуде. Олар негізгі келісімді кейін түзуге міндеттеме алады. Бірақ бұл жөніндегі құжаттар заң негізінде рәсімделуі тиіс, нотариус оны растауы керек.

Осындай келісім-шартқа тұрарда мынаны есте ұстау керек: онда қажетті нәрселердің бәрі, ғимараттың мекен-жайы, аумағы, меншік иесі, бағасы, тағы да басқа да ескеретін жайттар болуы қажет. Ал нақты мерзімі көрсетілмесе, онда негізгі келісім-шарт алдын-ала түзілген келісімнің басталған күнінен бас­тап бір жыл ішінде жасалуы тиіс. Бұлай етпесе, өзара жазбаша түрде негізгі келісім-шартқа отыру жөнінде келісілмесе, онда уақытша келісімдегі міндеттер тоқтатылады. Уақытша келісімнің сотқа шағымдану кезінде куәлік ретінде ғана күші бар. Ал негізгі, нақты келісім-шарт екі жақ бірдей келіскен жағдайда ғана түзіледі.

Үй салушымен тұрғын үй құрылыс кооперативі болып ұйымдасып та шартқа тұруға болады. Яғни үй саларда ТҮҚК – тапсырыс беруші, ал құрылыс компаниясы бас мердігер болып келіседі. ТҮҚК-нің мүшелері құрылыс жұмыстарын қадағалауға құқылы. Құрылыс компаниясы банкротқа ұшыраса, үлескерлер үйді салуды өздері аяқтай алады.

...Бүгінде елімізде көптеген құрылыс компаниялары салынған үйден қарызға пәтер алуға ұсыныс жасауда. Түрлі акциялар жүргізіліп жатыр. Олар туралы интернеттен тауып, келісуге болады. Бірақ қарызға алу уақыты бұрынғыдай 10 жылға емес, 1 немесе 1,5 жылға, 3 жылға, 5 жылға жасалады.

Жалпы, салынып жатқан үйден пәтерді қарызға алу кезінде, ең дұрысы, үлескерлікке келісім-шартқа тұру керек, сонда оның құқықтары сақталады. Тек сенімді компанияны ғана таңдай біліңіз. Ол үшін оның бұрынғы жұмыстарымен танысқан дұрыс. Жауапкершілігі жоғары компаниямен немесе ТҮҚК арқылы келісім-шартқа да қорықпай тұруға болады. Келісім-шартты жақсылап оқыңыз, онымен мұқият танысып барып қол қойыңыз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру