Ақпарат

Ұзату тойын өзгеше етіп өткізіпті

Қаралды: 313

Таяуда сыныптасымыз Жадыра Тәліпованың үйінде қыз ұзату тойы болды. Ол бізге тойдың қызықтары жайлы  әңгімелегенде мен оны қызыға тыңдадым.

Біршама уақыт бұрын ол әпкесі Жұлдызды айттырып келгенін айтқан. Кейін той күні белгіленгенін білдік. Тойдан бірер күн бұрын сабақтан сұранып қалған ол қолы қалт еткенде әлеуметтік желі арқылы бізге әпкесін жат босағаға қимай жүргенін жазды.

«Жұлдыз әпкем бір жерге жұмсаса қитығып, қырсығып қалушы едім, енді неге онымен ерегістім екен деп өкініп отырмын. Оның туған үйімізді тастап кетіп бара жатқанына сене алар емеспін», – деп қамықты. Біз оған жауап ретінде әпкеңнің бақыты ашылып кетуін тіле деген жұбатулар жаздық.

Сонымен уақыт деген зымырап,  ақпанның соңғы күндерінің бірінде ұзату тойы болды. Естуімізше, құдалар қалыңмалға бес жүз мың теңге әкелген. Той кезінде күйеу мен қалыңдық бірге отыратын болғандықтан, әкесі некесін той үстінде қидырыпты. Себебі неке қиылғанға дейін қыз бен жігіт бір-бірінің қолынан ұстауға болмайды екен. Одан кейінгі қызықтарды Жадыраның өз сөзімен берейік.

«Құдалық өтіп жатқанда шәйнекке шай демдеп, оған мол етіп тұз салып, жездеме құйып бердім, – дейді Жадыра. – Тұз қосылған шай әкеле жатқанымды сезген болуы керек, жездем маған күлімдей  қарады. Мен де оған сызылып отырып шай құйып бердім. Тұзы ащы шайды жездем тәтті шай ішіп отырғандай, сыр білдірмей ішіп алды. Содан соң екінші рет тағы құйдым. Бұл жолы да сыр алдырған жоқ. Мұндай шайды жұбайлар өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөліссін деген ырыммен береді екен».

Жадыраның жездесімен әзілі мұнымен бітпепті. Ол қайтар кезінде жездесі мен жанына еріп келген жолдасының аяқ киімдерін тығып қойып, жеті мың теңге сыйақы алыпты. «Құдалықта құда табақ деген болады екен, – дейді ол. – Құда табаққа тәтті-пәттілер салып, бас құданың алдына қояды екен. Ол болса ақысына ақша салу керек. Үлкендер құда табаққа отыз мың теңге салғанын айтып жатқан. Кейін жеңгелерім Жұлдыз әпкемнің білегіне алтын білезік салып, Әлихан жездеме алтын асық сыйға тартты. Сыйлықтарын ұсынып жатып жеңгелерім: «Әлиханға асықты бала-шағасы көп болып, ұрпағы өсіп-өнсін, ал білезік – тазалықтың белгісі әрі қайынсіңліміз күйеуіне адал жар, барған жеріне жақсы келін болсын», – деген ақ ниеттерін қоса жеткізді.

«Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, күйеубала да жеңгелерді құр қол қоймай, әрқайсысына үш мың теңгеден беріп мәз қып қойды. Ал құдаларға құйрық-бауыр асатқан жеңгей кәдесіне бес мың теңге алды».

Той осындай салт-дәстүр, жөн-жоралғыларымен  қызық емес пе? Үш жүздей қонақ жиылған бұл той да осындай қызықтарымен есте қалыпты. Айтпақшы, Жадыраның әкесі тойға түскен қаражаттың бір тиынына да тиіспей, көмекке аса зәру болып отырған бір кісіге беріпті. «Той  – Құдайдың қазынасы», «Тапқаның тойға шашылсын» деген жақсы тілектер осындайдан қалған болар.

М. СЕМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру