Ақпарат

Киіт қоюдың жаңаша тәсілі

Қаралды: 238

Таяуда нағашы ағам мен жеңгем  қызын ұзататын болып, құдаларымен кездесіп, тәтті шай ішіпті. Той-құдалық жайлы талқылаған кезде екі жақ бір-біріне салмақ салмау жағын да ойласыпты. 

Сөйтіп құдаларымен өзара ортақ мәмілеге келген соң аға-жеңгем туыстарының басын қосып, үйлерінде мәслихат жасап, той мен құдалықты тағы талқылады.

Мәслихатқа анам барып қайтқан. Үйге көңілді оралды. «Алтынбектің құдалары өте жақсы, түсінігі мол жандар екен, –  деп бастады әңгімесін анам. – Құда: «Жұрттың істегенін істейміз деп бекерге шашылып-төгілмейік. Әрқайсысымыз өз жағдайымызға қарайық. Екі жақта да құдалар бір үйден, тек құданың үйінен қайтатын болсын», – депті. Бірінші құдалықты бұлар күтетін болғасын інім мен келінім: «біздің ағайындар ортадан ақша жинап, құдалықты кафеде күтеді», – деген екен, құда: «Ағайын­ға құдалықты күткізіп бір, киіт қойғызып екі салмақ салудың қажеті қанша? Кафеде күтеміз деп әуре болмаңыздар. Құдалық сіздердің үйлеріңізде болсын. Ағайындарыңыз жинаған ақшасын киіт орнына қойсын. Біз де сіздерге кигізетін киімдерімізді ақшалай берейік. Ұнаған киімді өлшемдеріңізге сай етіп, өздеріңіз сатып аларсыздар», – депті. Сонымен құдалары солай деп отырған соң бұлар да келісіпті. Ең дұрысы сол ғой».

Ертесіне анамнан естіген осы әңгімені мен жұмыстағы әріптестеріме айтып едім, бір апай: «Қойшы, оның несі қызық? – деп қойып қалды. – Құдалық болған соң қоржын мен сөмке ашып, кигізген киімдерін тамашалап, ақысына кәде-сыйларын алмағасын оның несі құдалық? Бәріміз балалар үшін өмір сүріп жүрген жоқпыз ба? Тап­қанымызды балалардың тойынан аясақ, ондай өмірі құрып кетсін».

Әріптес апайдың бұл сөзі менің шымбайыма тиіп кетті, кешкісін бұл әңгімені анама айтып едім, ол кісі: «Олай ақылгөйсігендер кеше ағайын-туғанның арасында да болды, – деді. – «Ұят емес пе? Китке де, құда-жекжаттың иығына жабатын жағалы киім орнына да ақша қою деген не сұмдық?» – деп көкіді. Мен оларға іске аспайтын, сөмкеден сөмкеге ауысып жүрген шүберектерден гөрі ақша берген әлдеқайда пайдалы екенін айтып, басып тастағам. Енді той-жиын өткізерде өйтпейсің бе, бүйтпейсің бе, елден ұят емес пе дейтін ақылшылар көбейіп кетеді солай. Бірақ әр адам өз көрпесіне қарай көсілуі керек».

Анамның бұл сөзімен мен де келістім.

Б. ӨРКЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру