Ақпарат

Әз-Наурыз көп қуаныш ала келсін!

Қаралды: 257

Әне-міне дегенше Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі де келіп қалды. Бұл кезде күн мен түн теңеседі, сосын көктем шындап күш ала бастайды.

Астрономдардың есебінше биылғы күн мен түн теңесуі 20-наурыз күні сағат 10-нан 29 минут өткенде басталмақ. Одан кейін күндізгі уақыт біртіндеп ұзара береді. Жазғы күн тоқырауына дейін (21-маусымдағы таңғы сағат 4-тен 24 минут өткенше) осылай жалғасады. Бұл аралық 93 күнді қамтиды екен.

Осы үш айдың ішінде алғашында Жер бусанып, топырақ жылынады, көк көтеріліп, ағаштар бүр жарады. Сосын барша атырап жасыл желекке малынады. Мал өреді,іске шығады, көбейеді.

Көп ұзамай-ақ жұрттың алды ерте көктемнен әрекеттеніп еккен көкөніс­терінен өнім алып та жатады.   Шаңы­рақтарды шаттыққа бөлеп өмірге сәбилер келіп жатады, жастар отау құрады. Ел ішінде түрлі қызықшылықтар, той-томалақтар көбейеді. Яғни Наурыз-көктем сансыз көп қуаныштар әкеледі.

Ендеше, осындай ізгіліктердің бастауы – алдағы келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын, күтілген қуаныштарды көруді бәрімізге нәсіп етсін!

Құдайдың адамзатқа сыйлаған бұл ерекше күнін Сіз үлкен үмітпен, жақсы ниетпен қарсы алыңыз. Үй ішін, аулаңызды таза ұстаңыз. Өзіңіз де таза, ұқыпты, жарасымды киініп жүріңіз.

Бұл қуанышты күнге аман-есен жеткеніңіз үшін Жаратқанға шүкіршілік етіңіз. Ата-анаңызды, бауырларыңызды, жұбайыңызды, балаларыңызды, туыстарыңыз бен достарыңызды Ұлыс­тың ұлы күнімен құттықтаңыз, оларды жүректен шыққан тілектеріңізді арнап қуантыңыз. 

Бір-біріне өкпе-назы барлар болса, оларды татуластырсаңыз, тіпті тамаша!

Науқастанып жатқандар болса, жағдайын біліп, көңілін аулаңыз.

Марқұм болған туыстарыңызды еске алып, рухына дұға бағыштаңыз.

Мұсылман баласына жарасатын ізгі амалдың бірі – тұрмысы төмен жандарға жәрдемдесу, жалпы, сауапты істермен айналысу. Мүмкіндігіңіз болса, тұрмыс таршылығын көріп жүрген жандарға көмектесіп, оның көңілін де қуанышқа бөлеуге тырысыңыз.

Айта берсек, адамның жанын жадырату үшін жасалатын әрекеттер көп, соның көбін біз Наурыз күндерінде жасай аламыз. Ендеше, Сіз солардан шет қалмаңыз.

Адамгершілік асыл қасиеттер бойымыздан табылып тұрсын, әлеумет! Қоғамымызда тек қана ізгілік салтанат құрсын, еліміз бейбіт заманда өркендеп-дами берсін!

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын, ол әрбір шаңыраққа көп-көп қуаныштар ала келсін!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру