Астанадағы «Экспоға» Шымкентте отырып билет ала аласыз

21.03.2017
Қаралды: 1252

Шымкенттегі «Шымкент-Плаза» кешенінде   елордамыз Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесінің билеттерін сататын арнайы касса ашылды. 

Бүгінде жұрттың алды көрме билеттерін сатып алып жатыр. Ал билет құны қанша тұрады, қандай билеттер бар, қандай жеңілдіктер қарастырылған? Осы сұрақтарды біз жаңадан ашыл­ған касса қызметкерлеріне қойдық.

4 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін

«Жұмыс күндеріне тура келетін көрмеге тиянақталған билет құны 4 мың теңге тұрады, – дейді Айдана Баянтай есімді кассир қыз (суретте). – Ал демалыс күндеріне сатылатын осындай билет бағасы – 6 мың теңге. Яғни бұл билеттер белгілі бір нақты көрсетілген жұмыс күнінде көрмеге кіруге құқық береді. Сондай-ақ жұмыс күніне тура келетін күнге айдың кез келген уақытында кіруге мүмкіндік беретін билет те 6 мың теңге тұрады. Көрмені кез келген демалыс күндерінің бірінде барып тамашалаймын десеңіз, оның билет құны – 8 мың теңге».

Бұл көрмеге кәдесыйлық (сувенирлік) билеттер алуға да болады екен. Оның құны 20 мың теңге тұрады. Бұл билет сізге көрмені «ЭКСПО»-ның кез келген күнінде барып аралап көруге құқық береді.

Қандай жеңілдіктер бар?

«ЭКСПО – 2017» халықаралық арнайы көрмесін тамашалаймын дейтін отандастарымыз үшін жеңілдіктер де қарастырылыпты. Көрмеге Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соғыс мүгедектері және оларға теңестірілгендер, жетім балалар, еңбекке жарамсыз деп танылған мүгедектердің барлығы да тегін кіре алады. Сондай-ақ 6 жасқа дейінгі балалар да көрмені тегін тамашалайды. Ал мектеп оқушылары мен студенттер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар (кәмелет жасына толмаған, отбасымен бірге тұратын 4 және одан да көп баласы барлар) үшін 50 пайыздық жеңілдік жасалған, олар қандай да болмасын билет құнының жартысын төлейді. Әрине, жеңілдікпен билет алатындар жеке басын растайтын, жеңілдікке құқық беретін  құжаттарын көрсетуі тиіс.

Тағы бір білгеніміз, көрме кезінде өткізілетін мәдени іс-шаралардың билет құны бұған кірмейді екен.

Билетті ғаламтор арқылы да алуға болады

Ал Астанадағы «ЭКСПО» көрмесі алдағы 10-маусымда ашылатыны белгілі. Ол 93 күнге, яғни 3 айға созылады, сөйтіп 10-қыркүйекте аяқталады.

Халықаралық дәрежедегі көрмеге әлемнің 100-ге жуық елі қатысып, өздерінің ғылым мен техникадағы жетістіктерін, жаңалықтарын паш етеді. Елімізге көптеген шетелдік туристер келеді деп күтілуде. Көрме күндерінде 3000 мәдени іс-шаралар өткізіледі. Осы 3 ай ішінде көрмені шамамен 5 миллионнан аса адам тамашалайды деп күтілуде.

«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне билетті ғаламтор арқылы сатып алуға да болады. Ол үшін көрменің «tіckets.expo2017astana.com» сайтының қызметін пайдалана аласыз. Сондай-ақ билеттер «Меломан» дүкендер жүйесі мен «Қазпочтаның» жергілікті бөлімшелерінде де сатылады.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ