Ақпарат

Тұңғышбай көкенің тұжырымдары

Қаралды: 484

Тұңғышбай Жаманқұлов бүгінде мей­лінше ел назарында тұр. Ол кісінің басына қиын іс түскені белгілі. Мүмкін ол қиын сынақ шығар. Оның соңы қалай бітерін уақыт көрсетер...

Ал бүгін біз Тұқаңның өзінің өмірден түйген тұжырымдарын жариялауды жөн көрдік.

Өмір

Поэзия, оны прозаға, тозаққа айналдырып жүрген өзіміз... Алла-тағала адамдардың тілдерін әр түрлі ғып, түсіністікпен айырып жіберме­генде, құдаймен теңеспек оймен бе, бәлкім аспандағы Жұмаққа қайта оралу үшін бе екен, олар әйгілі Бабыл Мұнарасын аспанға дейін салып алар ма еді...

Бақыт

Соқыр құс. Сондықтан кім көрінгеннің басына қонады. Қадірін білген ұялатады. Білмеген үркітеді. Адам баласы өмірбақи сол құстан көз алмай, күтіп өтеді. Бақытты өз қолымен жасаймын дейтіндер де болады. Қолдан жасалған нәрсенің қадірі болғанмен, қасиеті болсын ба...

Жалғыздық

Жапалық. Ортаңнан оқшаулық. Өзге өлшем. Айналаңның арзандығын сезіну. Биігің пәс, тереңің саяздағанына қапа болу. Бұл – ақылы барлардың ауруы, ақылсыздар жал­ғыздықты сезінбейді ғой. «Ақымақтың аты арып, тоны тозбайды» дегенді атам Жаманқұл Рахымәлі жиі айтатын. Алайда жалғыздық Аллаға ғана жарасқан. Біздікі әншейін пендешілік.

Махаббат

Мән. Мазмұн. Өмірдің мәні мен мазмұнын айтамын. Бұл да адам баласына Алланың жіберген құдіреті. Жалғыз адамға ғана емес, бүкіл жан-жануарға да дарытылған сиқыр. Олар тек оны сезіне алмайды, оларға жүрек дейтін «жұдырық» берілмеген. Махаббат бар жерде аспандау, ұшу бар, мұңдану бар. Сағынып, сарғаю бар. Аһылеп, үһілеу бар. Аспандау деген – жұмаққа жақындау емес пе? Демек, махаббат – жұмаққа талпыну!

Сұлулық

Көздің құрты. Тән сұлулығын айтамын. «Сыңғырлап өңкей келісім» деп Абай хакім айтқандай, сұлулық деген – нәзіктік, мөлдірлік, түзулік, тазалық, симметрия, параллель... Ал жан сұлулығы көкірегі соқырларға көрінбейді. Бұлар да Алланың өзінің аса ықыласпен жаратқан пендесі Адамды елжірей сүйіп, сүйсініп, шын жүрегімен, ерекше мейірлене жасайтын «шығармасы», құдіреті.

Қызғаныш

Қызыл ит. Дерт. Адам баласының ағзасына, мендік эгоизм мен меншіктік менталитет пайда болғанда, Ібіліс жіберген індет. Тобашылдық бар жерде ол ит «үрмейді де, ырылдамайды». Сүйіспеншіліктен туындаған қызғаныш деп, адамдар өзді-өзін алдарқатуға болмайды, демек, ол сезім екеудің бірінде жоқ бол­ғаны...

Тағдыр

Адамдардың өздері, өз қолымен жасайтын тәлкегі. Өзің жасаған нәрсеге өкпелеуге болмайды... Қоғам мен заманның тәлкегіндегі тағдыр – зауалды күнә. Ол зауалмен күресіп немесе мойынсұнып шейіт болғандардың жаны жәннатта шығар... зауал жасағандар – тозақта болар...

Тәуелділік

Құлдық. Кемістікті мойындау. Ноқтаға көнушілік. Ынжықтық. Тұяқ серіппеуді әдетке айналдыру.

Тектілік пен ұлылық

Тереңдік. Қаннан келеді. Ұлылық – биіктік. Алладан дариды.

Өнердің мақсаты

Өмірдегі өтіріктерден алшақтату. Кездесе бермейтін әділет пен шындықтың ауылына жол сілтеу. Адам баласының бір-біріне бауыр екендігін көзге шұқып айту. Жүректеріне көбірек құлақ асып, ақылдарын ат теппеуін ескерту.

Әзірлеген – Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру