Ақпарат

Димаш қалың Қытай еліндегі ән байқауына қалай тап болды?

Қаралды: 529

Димашты Қытайдың «Мен әншімін» атты байқауына қатыстыруға негізгі себепші адам – Ертай Нүсіпжанов

Ертай Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылының тумасы. Бұл туралы облыстық «Жетісу» газетінің №26 санында Жанбота Сұлтамұратқызы жазыпты.

Қысқаша осы оқиғаны сіздерге хабардар етсек.  Ертай Қытайда білім алған. Ондағы ірі компаниялар, медия орталықтарда тәжірибе жинақтапты. 2014 жылы «Мен әншімін» жобасы туралы алғаш интернеттен көріп қатты қызығады. 

1. Осыған бір қазақ қатынасса деп армандап, жобаны ұйымдастырушыларға хат жазған екен. Бірақ хаты жауапсыз қалады.

2. Содан Қазақстандағы Қытай елшілігіне барып, «Екі елдің мәдени байланысы шеңберінде байқауға Қазақстан әншісін қатыстырсақ» деген ұсыныс білдіреді. Оған елшілік: «Бұл коммерциялық жоба болғаннан кейін жекелеген компаниялардың ішкі ісіне араласа алмаймыз» деп бас тартқан. 

3. Ертай 2015 жылы Қытайдың «Шанхай кинофестивалі аясындағы «Фильм тілі, аударма, дубляж» тақырыбындағы симпозиумға қатысады Симпозиумда баяндама жасап, жекелеген кездесулердің бірінде Қытай ақпарат министрлігінің, сыртқы істер департаментінің басшысы Ма Ли ханыммен сөйлеседі. «Екі елдің арасындағы мәдени байланыстарды дамыту мақсатында «Мен әншімін» әншілердің байқауына қазақ әншісін қатыстыру туралы пікірін айтады. Ма Ли дереу өзінің орынбасары Жан Минге Ертайдың өтінішін шешуді тапсырады. Ол кісімен Қазақстанға келгеннен кейін де хабарласып отырады. Арада бір жыл өткеннен кейін, ақыры жобаны ұйымдас­тырушылар: «Жобаға қатысуға ниет білдіргендеріңізге алғыс айтамыз. Бірақ ол байқауға өте жоғары талап қойылады. Сіздер қатыса алмайсыздар», – деген мазмұнда хат жібереді. 

4. Ертай «Сіздердің шешімдеріңізді менің Отаным – Қазақстанды менсінбеушілік деп қабылдаймын. Демек жобаларыңыздың өзге де идеологиясы бар. Сәлемімді басшыларыңызға жеткізерсіздер», –деген мәтінде хат жазады.

5. Қосымша тағы хат жазады. Осыдан кейін байқау ұйымдастырушылары қазақ жігітінің табандылығы арқасында ғана ұялғанынан кастингке қатысуға рұқсат етеді.

6. Кастингке рұқсат алғаннан кейін Ертай көптеген музыканттармен ақылдасып, Мақпал Исабекова, Гаухар Қаспақова, Маржан Арапбаева, Айқын Төлепберген, Мәдина Сәдуақасова, Жанар Дұғаловаға ұсыныстар жібереді. Әншілердің көбі бас тартады. Ақыры Димаштың әкесі Қанат арқылы Димашты қатыстыруға келісім алады. Димашты ертіп 2016 жылдың күзінде байқаудың кастингіне барады. Кастингтен Димаш сәтті өтіп, байқауға қатысуға жолдама алады. Байқау шарты бойынша қатысушы 7 әншінің, тек біреуі ғана шет елдік бола алады екен. Ол әнші орны Димаш Құдайбергеновке бұйырады. 

Димаш ән биігіне шыққаннан соң, осы байқау барысына ие болғыш пысықайлар лезде көбейіп кетті. Әрине, жақсы ортақ қой. Димаш – бәріміздің мақтанышымыз. Бірақ осы биікке қазағымызды шығарсам деген арманмен толқынға қарсы жүзген бауырымыз – Ертай Нүсіпжанов еді. Осыны айта жүрелік.

Ардақ АШИМОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру