Ақпарат

Есекке қырғидай тиіп жатыр

Қаралды: 847

Тәжікстанда «Есек бизнесі» қызып тұр. Соңғы кездері онда бұл жануардың бағасы 5 есеге дейін өсті. 

Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, есектің бұрынғы құны 12 – 25 доллар аралығында (100 – 200 сомони) болса, қазір 60 – 120 долларға дейін артқан.

Есектер Қытайға сатылуда, яғни оларды сойып, терісін осы елге жібереді. Қытайда ол теріні медициналық және косметикалық мақсаттарға пайдаланады, одан аса сапалы желатин алады. Одан алынатын «эцзяо» деп аталатын өнімнің 500 грамының ғана құны бүгінде 110 долларды шамалап тұр екен.

Сондай-ақ жас, денсаулығы мығым есектің еті де осы елге экспортталады. Өйткені қытайлықтар бұл өнімді көптеп тұтынады. Сондықтан онда есек етіне де сұраныс артып отыр. Қытайда қазір бір есектің бағасы 3 мың юань (468 доллар) болып тұр.

Бүгінде тәжікстандық алыпсатарлар есектің жасына да, жай-күйіне де қарамай жаппай сыпырып әкетіп жатқан көрінеді. Соның салдарынан далада есек атау­лы қалмапты. Есекті жүк көлігі ретінде пайдаланатын диқандар мен қышлақ тұрғындары, әсіресе таулықтар өз есектерін көзінің қарашығындай қорғауға көшіпті.

Тәжікстанда ресми есеп бойынша бүгінде 186 мың есек бар көрінеді. Ал біздің елде қазір қанша есек қалды екен? Мұны да бір саралап қойған артықтық етпейді-ау өзі.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру