Ақпарат

Оңтүстік Корея Президенті тағынан тайдырылды

Қаралды: 290

Бүгінде Оңтүстік Корея астанасы – Сеул қаласында тыныш болмай тұр. Мұнда Конституциялық Сот шешімімен Президент қызметінен босатылған Пак Кын Хэнің жақтастары шеруге шықты. 

Президент­тің тақтан тайдырылуына наразылардың полициямен қақтығысы кезінде үш адам қаза тапты, екі жақтан ондаған адамдар жарақаттанды.

Кореяны алға сүйреген адамның қызы еді

Оңтүстік Корея Президенті Пак Кын Хэге қатысты дау өткен жылдың қазан айында басталғаны белгілі. Ал желтоқсан айында ел Парламенті Президентке импичмент (ресми айыптау) жариялау жөнінде шешім шығарған болатын, таяуда оны Конституциялық Соттың судьялары бір ауыздан бекітті. Сонымен Оңтүстік Корея тарихындағы тұңғыш әйел Президент өзінің 4 жыл отырған тағынан айырылды.

Пак Кын Хэнің жасы қазір 65-те. Ол кісі – Оңтүстік Кореяны 1963 – 1979-жылдар аралығында басқарған, батыл реформалары арқылы елдің жедел өркендеуіне жол ашқан, кейін қарсылас­тарының қастандығынан қаза болған генерал Пак Чон Хидің қызы.

Пак Кын Хэ тұрмыс құрмаған. Ол саясатқа ерте араласқан. Кезінде Парламент депутаты болған.

Ол Корея Республикасының Президенті қызметіне 2013-жылдың ақпан айында кіріскен еді. Елде өткізілген сайлау кезінде 51,95 пайыз дауыс жинап жеңіске жеткен болатын.

Досының кесірі тиген екен

Ал Пак Кын Хэнің саясатта оңбай сүрінуіне өзімен жас кезінен бірге өскен құрбысы себепкер болғанға ұқсайды. Яғни мемлекеттік қызметке түк те қатысы жоқ Чхве Сун Силь есімді досы мен тағы бірер адамдар құпия құжаттарды беймарал пайдаланып, Президенттің елдің ішкі-тысқы саясатына қатысты маңызды шешімдерді жасауына тікелей ықпал етіп отырыпты. Солардың кесірі­нен ол біраз өрескел қате­лік­терге жол беріп алған.

Пак Кын Хэнің әлгі досының әкесі бұрын 6 мәрте үйленген, өзінің аты-жөнін 7 мәрте өзгерткен, ісі сұйықтау адам болған екен. Ол кәрістердің дәстүрлі шаман діні мен христиан дінін араластырып секта құрып, діни бизнеспен айналысыпты. Пак Кын Хэ де бала кезінен осы діни сенімді ұстанып келген деседі. Сондықтан да ол маңызды мемлекеттік шешімдер жасарда Чхве Сун Сильдің ақыл-кеңестеріне көбірек ден қоятын болыпты. Досының кесірінен бірне­ше саяси қате шешімдер жасаған. Ал досы болса, төңі­регіндегі адамдармен бірлесіп екі жалған қор ашып, соған ондаған ірі компаниялардан ақша аудартқан, қорға түскен 70 миллиард доллардай қаржыны жеке мақсаттарына иемденіпті. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына Прези­денттің Чхве Сун Сильге құпия құжаттар бергені, тәуіптермен, сектанттармен, палшылармен байланысы бары белгілі болыпты.

Осы жай жария болғасын Оңтүстік Корея астанасы – Сеулдің көшелеріне миллионға жуық адам (бұл қаланың өзінің тұрғындары 10 миллионнан асады) шеруге шығып, Президенттің қызметтен кетуін талап етті. Пак Кын Хэ алғашында бұған мән бермегені­мен кейін істің насырға шап­қанын сезініп, Парламентке өзін лауазымынан мерзімінен бұрын босатуға өтініш түсірген болатын. Мұндай жағдайда ол өзіне айып тағылуынан құ­тыла алар еді. Бірақ Парламент бұл іске басқаша қарады, Президентке импичмент жариялауды шешті. Мұны Парламенттегі 300 депутаттың 234-і қолдап да­уыс берді. Ал Конституциялық Сот екі айдай уақыт ақылдасып, ақырында импич­ментті қолдап шықты.

Оның басына бұлт төніп тұр

Бүгінде Оңтүстік Кореяда 50 миллионнан аса адам тұрады. Ол – өте дамыған мемлекет, халқының әл-ауқаты жоғары ел саналады. Экономикасы жаңа технологияларға негізделген бұл елдің тауарлары, әсіресе тұрмыстық техникасы мен автокөліктері бүкіл дүние жүзінде жоғары сұранысқа ие. Сондықтан да оны Сингапурмен, Гонконг, Тайваньмен қоса «Азия жолбарысы» деп атайды.

Міне, осы елді 2013-жылдың ақпан айынан бері басқарып келген Президент Пак Кын Хэ халықтың алдында жазықты болып қалды. Ол президенттік өкілеттілігімен қатар дербес құқықтылығынан да айырылды. Енді көп ұзамай оның үстінен қылмыстық іс қозғалуы да ғажап емес сияқты.

Оңтүстік Кореяның Орталық сайлау комиссиясы елде мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауын алдағы 9-мамырда өткізу жөнінде шешім шығарды. Әзірге бұл елде Президент міндетін қазіргі Премьер-министр Хван Ге Ан уақытша атқарып отыр.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру