Күлдірсең күлдір, бірақ бүлдірме!

20.03.2017
Қаралды: 904

«Қазақ «уф!» деді де, жаңағы бала құсап жөні­мен кетті. Жер болса, бос жатыр».

(Сатира актері Т.Қабатовтың қазақ туралы әзілінен).

«Қатпа бала дегенде, қатпа бала,

Аузыңа келгеніңді шат­па, бала!».

Мұқағали Мақатаев.

Ей, «күлдіргіш» бауырым Қабатов!  Қазақстаннан егін салуға, мал жаюға жарайтын бір бос жер тауып берші! Мен саған танауымды кесіп берейін. Ондай жердің бәрі меншікке өтіп кеткен. Қазір ауыл маңайында шаруаның малын жаятын жері жоқ.

Алматы облысында мола тұрған жер де сатылып, жер иесі қайтыс болған адамды ата-бабасының қасына жерлетпей, қаншама күн мәйіт иістеніп кеткенше жатып, дау болғанын білесің бе?

Ақтөбе облысында жер тұрмақ, қытайлар мемлекеттің жолымен қазақстандықтарды тегін жүргізбей, бекет қойып, ақша алғанын білесің бе?

Шымкент жақта қаншама табиғаты тамаша жерді қоршап алған араб шейхы қазақтарды сол жердің маңайынан жүргізбейтінін білесің бе?

Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында қаншама ең шұрайлы егін салатын жер қытайлардың иелігінде екенін білмейсің бе?

Ал жай қара қазақ өздеріне тиесілі он соттық жерге қолы жетпей жүргенін қалай білмейсің?

Күлдіргіш бауырым, «бүлдіргіш» болмай, айтқыш болсаң, айтсаңшы, үш-төрттен кредит алып, оны төлей алмай зар жылаған халықты, шарасыздықтан қалаға келіп, баспанасыз, жұмыссыз, қа­йыршының күнін кешіп жүрген ауыл жастарының жағдайын, халықты қан қақсатып жеп отырған жекеменшік банктерді, сол банктерге жегендері аз болғандай, халықтың салығынан жиналған триллиондаған ақшаны «көмекке» беріп жатқанын айтып күлдірсеңші!

Айтқыш болсаң, итшілеп күн көретін, 30 – 40 мың теңге жалақы алатын мұғалім, дәрігер, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлерінің, жай халықтың жалақысы мен 600 мыңнан 1 миллион 500 мыңға дейін жалақы алатын депутаттар мен министрлердің, облыс әкімдерінің, банкирлер мен биліктегілердің жер мен көктей өмір сүру айырмашылығын неге күлкі етпейсің?

Айтқың келсе, айтар мәселе көп!  Бірақ сен оны айтпайсың!  Себебі «көкелеріңнің» той-томалағынан жеп жүрген «майшелпегіңнен» айырыласың!

Мен бар саналы өмірімді киелі сахнада өткізген адаммын.  Сенің бір ауыз шатпақ сөзің үшін қазір халық әртістерді жерден алып, жерге салып, жерге тығып жатыр. Сен үшін біздің бетімізден отымыз шығып отыр. Бұл ісің масқара болды!

Кеудеңе нан піспесе, қазақты ақымақ балаға, жерді ойыншыққа теңеген дөрекі мазағың үшін халықтан кешірім сұра!

 

       Қатпа бала дегенде, қатпа бала,

       Шектен шығып, сандалып, лақпа, бала!

       Жер – Ананы күлкі етіп сахнада,

       Аузың күйіп қалмасын отқа, бала!

                               Қатпа бала дегенде, қатпа бала,

                               «Көкелерге» Қазақты сатпа, бала!

                               «Клоуны биліктің» атанғанша,

                               Ел-жұртыңның сенімін ақта, бала!

Сатирик «көкең» – Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!