Ақпарат

Қартайған шағында медальдарын сатуға мәжбүр болған

Қаралды: 343

Алдағы айда, яғни 7-сәуірде күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туылғанына 146 жыл толғалы отыр. 

Кезінде классикалық күрес­тен Әлемнің 5 дүркін чемпионы болған атамыз туралы ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Сол сияқты Қажымұқанның өмірінен тың деректер де шығып жатыр. Қалай бол­ғанда да ұлт мақтанышы ретінде ол кісінің есімі халық жадында мәңгілікке сақталары анық.

Қажымұқан Ресей, Түркия, мұхит асып, Америка, Араб елдерінде танымалдылығының артқаны соншалық, онымен жекпе-жек шығуға өзге елдің балуандары жүрексінген. Әлемнің 28 мемлекетін аралап, мықтыларымен белдесіп, қоржынына 56 медаль салған.

Бірақ бұл жерде ескере кететін жайт, қазақ балуа­нының күрестегі жетістіктерін білгенімізбен, өмірінде жасаған нағыз жігіттік істері мен қиыншылық кезеңдері айтыла бермейді.

Қажымұқан байлық, дүние көзін жинамаған, қолындағы барын кедей-кепшікке үлестіріп жүрген екен. Жасы 70 шамасында болса да бойында қара күштің селі бар еді дейді көзін көрген қариялар. Майданға аттануға өтініш білдіргенмен, егде жастасың деп қабылдамай қояды. Тіпті Ұлы Отан соғысы жылдары ел аралап, өнер көрсетіп, жиналған ақшаға ұшақ сатып алып, қазақ атымен атауын өтініп, Сталинге хат жазады. Бұл мақсаты орындалды да.

Алайда Қажымұқан қазақтың маңдайына сыймады. Қазақ балуаны қартайған шағында көп жоқшылық, таршылық көрген деседі. Қалайша? Кезінде дүркіреген атын тез ұмытқандары ма? Немесе 70-тен асқан шағында пайдасы жоқ қария деп ешкімге керек болмай қалғаны ма? Көзі тірісінде Үкіметтен қайыр болмаған, батырды еш елемеген.

Ол кішкентай балаларымен ескірген кішкентай лашық үйде тұрған екен. Неліктен соншалықты сорланып қалды екен деген сұрақ туындайды. Тіпті еңбегімен алған алтын медальдарының барлығын күн көру үшін сатуға мәжбүр болған.

Бұған Үкіметтен қаражат сұрап жазған хаты дәлел.

«Мен өмірімнің 55 жылын күреске арнадым. Талай рет өлім аузында болдым. Шетелдердің бәрін де араладым. Қазір жасым 75-те. Менің қазіргі тұрмыс жағдайым нашар» деп өз қолымен 1945 жылдың 26 маусымы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Әбсәмет Қазақбаевқа хат жазған.

Бір жұтым су мен қара нанға зарығып отырған жайым бар, зейнетақы тағайындап бер деп өтінгенімен, оған жауап келмейді. Осылайша, 1948 жылы қазақ балуаны назалы күймен дүниеден озды.

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп бекер ай­тылмаған. Бұл мақаламен ешкімге кінә тақпаймыз. Әрине, қазақ бар кезде Қажымұқан есімі ұмытылмасы анық. Айтпағымыз, тырнақ астынан кір іздей бергенше, бүгінгі кезде жарқ етіп шығып жатқан өнерлі жігіт­терімізді, балуандарымызды, спортшыларымызды қадірлей білсек деген ой ғана...

Гүлниса АЛДАЖАР, Kazakh-tv.kz.

Қажымұқанның созаққа сапары

– Соғыстан кейінгі жылдар еді. Ел еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан уақыт. Шаруашылықтар жұмысқа жұмыла кіріскен. Ол кезде Сауранбайда отырамыз, – деп бастады әңгімесін Асаубай Бәкіров ақсақал.

– Бір күні Қажымұқан келе жатыр деген әңгіме естілді. Біз ол кездері баламыз. Десе де есіміз кіріп қалған. Колхоздың шаруасына көмегімізді береміз.

Сонымен палуан келе жатыр деген қуаныш бізді ұйықтатпады. Жүрегіміз жарылардай қуандық. Қажымұқанды үлкен кісілер Одаманның асуынан күтіп алып, Сауранбайға алып келді. Мұнда бір қауым ел тұратын. Қырға шығып, балалар асыға күтіп жүрміз. Бір мезетте алыстан бір арбалы жолаушы мен қасында 4-5 аттылы кісісі бар қара көрінді. Олар бізге біртін-біртін жақындай берді. Бізде тағат жоқ. Қашан жеткенше асықтық. Арбалы кісі де, жанындағы аттылылар да келіп жетті. Ағаш доңғалақты арбада Қажымұқан шынтақтай жатыр. Қасында кемпірі бар. Көліктері ауылдың ортасына келіп тоқтады. Палуан ірі денелі екен. Құлақтары жырылған. Қарыны үлкен. Аяғында үлкен галошы бар. Мезгіл түс ауа бастаған шақ. Қасындағы жігіттер палуанды колхоз төрағасының үйіне қарай бастап жүрді.

Төрағаның үйі сегіз қанатты кигіз үй-тұғын. Қонақтарды үйге кіргізбес бұрын есіктің алдында олардың қолдарына су құйдым. Мұның өзін өзіме үлкен мәртебе санап жүрмін. Су құйып болғаннан кейін палуан батасын берді. Қажекең дәл төрге барып жайғасты. Жас жігіттер жаңа піскен жас қозының қуырдағын тартты. Екі-үш сағаттан кейін қонақтар­ға былбыраған тайдың еті ұсынылды. Палуан өзінің өмір жолынан сыр шертті. Дастархан басындағылар оны ұйып тыңдады. Арбаға жегілген аты ұзын сирақты қаракер екен. Күтуші жігіттер оны жайғап, алдына жем-суын қойды. Қажекең түннің біруағына дейін әңгіме айтты. Бізге әлемді мойындатқан күш иесінің қарапайымдылығы қатты ұнады.

Ертесіне маңайдағы колхоздардың адамдары жиналып, Қажымұқанның өнерін тамашалады. Ауылдың іргесіндегі төбенің етегіне кигіздер төселіп, алаңша дайындалды.

Ал көрермендер беткейге молдас құрып отырды. Қажекең ойын көрсетерде жеңі шолақ көйлегін, кең шалбарын киіп алды. Бірінші өнері – ұзын тақтайды арқасына қойып, екі жағына жиырма-жиырмадан мықты жігіттерді мінгізіп, көтерді. Палуан былқ етер емес. Кешегі салбыраған қарын бүгін көрінбейді. Тек бұлтық-бұлтық ет қана. Екінші өнері – ауыр салмақты автокөлікке арқан байлап, әлгіні тісімен тартып әудем жерге дейін сүйреді. Үшінші өнері – 3-4 жасар өгізді әудем жерге дейін мойнына салып, алып жүрді.

Ол кезде палуанның жасы әжептеуір егде тартып қалған екен. Сонда да өнерді ешқандай қиналмай жасады.

Жаздың жаймашуақ уақтысында елге келіп өнер көрсеткен палуанға ауыл тұрғындары риза болып қалды.

Түскі астан кейін Қажымұқан Ысқақ бап кесенесіне барып зиярат ететінін, содан соң қасиетті Баба Түкті Шашты Әзізге баратындығын айтып, жолға шықты. Қасындағы жігіттер палуанмен бірге жүрді. Ауылдың қарасирақтары Қажымұқан мінген арбаның ізінен еріп, біраз жерге дейін бардық.

Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де әлемге танымал палуанды көргендегі оқиғалар көз алдымнан кетер емес, – деп Асаубай қария әңгімесін аяқтап еді.

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру