Ақпарат

Ақорда ауыс-түйістер жасап жатыр

Қаралды: 170

Қарағанды облысын Ерлан Қошанов басқарады

Қарағанды облысының әкімі ауысты. Бұл облысты Ерлан Қошанов басқаратын болды.Ерлан Жақанұлы Қошанов 1972-жылы туылған. Ол бұрын Премьер-министр Кеңсесінде, Транспорт және коммуникациялар минис­трлігінде ла­уазымды қызметтер атқарған. 2012-жылдың ақпан  айынан бері Премьер-министр Кеңсе­сінің басшысы болып келген еді.

Ералы Тоғжанов –

Маңғыстау облысының әкімі

Маңғыстау облысының әкімі қыз­метіне Ералы Тоғжанов таға­йындалды.

Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов   1963-жылы өмірге келген. Кезінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы болған. 2008-жылдың ақпан айынан бері  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі  қызметін атқарып келді.

Ақмола облысына Мәлік Мырзалин басшы болды

Ақмола облысының әкімі қызметіне  Мәлік Мырзалин тағайындалды.

Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалин 1971-жылы дүниеге келген. Кезінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болды, «Нұр Отан» партиясында, Дін істері жөніндегі агенттікте жауапты қызметтер атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Президент Іс басқарушысының бірінші орынбасары болып келген еді.

Теріскейдің тізгіні Құмар Ақсақаловқа тапсырылды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін енді Құмар Ақсақалов атқаратын болды.

Құмар Іргебайұлы Ақсақалов 1965-жылы туылған. Ол кезінде Қостанай облысының Меңдіқара және Таран аудандарының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған, Президент Әкімшілігінде, «Нұр Отан» партия­сында жауапты қызметтер атқарған. 2015-жылдың қыркүйек айынан бері Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Дархан Мыңбай жаңа қызметке тағайындалды

Жерлесіміз әрі әріпте­сіміз Дархан Мыңбай жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары.

Дархан Қамзабекұлы Мың­бай 1962-жылы туылған. Мәскеу Мемлекеттік уни­вер­ситетінің журналистика факуль­тетін бітірген. Ол кісінің кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, облыстық жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бастығы, Түлкібас ауданының әкімі қызметтерін атқарғаны, кейін еліміздің Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Мәдениет және ақпарат министрі бол­ғаны белгілі. Ол 2013-жылдан бері  Астанадағы Ұлттық мұражайдың директоры қызметін атқарып келді.

Нұрмұханбет Әбдібеков – Есеп комитетінің төрағасы

Нұрмұханбет Әбді­беков Республикалық бюджетті қадағалау жөніндегі Есеп коми­тетінің төрағасы қызме­тіне тағайындалды.

Нұрмұханбет Қанапи­ұлы Әбдібе­ков 1961-жылы өмірге келген. Ол кісінің кезінде Ақтөбе, Атырау облыс­тары әкімдіктерінде, Ұлттық Ғарыш агенттігінде, бірқатар министрліктерде жауапты қызметтер атқарғаны белгілі. Н.Әбдібеков 2014-жылдың маусым айынан бері Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарып келген болатын.

Ислам Әбіш – Қазақ күресі федерациясының президенті

Кешегі аптада Астанада Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының Конгресі болып өтті. Осы жиында жерлесіміз, ҚР Ауыл шаруашылығы минис­трлігі Су ресурстары коми­те­тінің төрағасы Ислам Әбіш Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының президенті болып сайланды.

Ислам Әлмаханұлы Әбіш 1956-жылы дүниеге келген. Ол кісінің кезінде облысымыздың Ордабасы ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарғаны белгілі.

 Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру