Ақпарат

Біздің елде таң қалдырар жерлер көп

Қаралды: 819

Көктем шығып, күн жылына келе ел ішінде әулие кесенелеріне зиярат жасайтындар қатары көбейеді. 

Мұндайда компьютермен жұмыс істейтін, ғаламтордағы толассыз ақпараттар легінен миы шаршаған кей адамдар бір сәт табиғат аясына шығып, киелі мекендерді аралап, рухани демалуды жөн санайды. Ал мұндай көне жәдігерлер Қазақстанда өте көп. Оңтүстік өңірінде де талай тарихи оқиғалар мен аңыздарға арқау болған мекендер баршылық. Туризм саласында зия­ратты рухани туризм деп атайтынын біреу білсе, біреу білмес. Осы орайда біз Қазақстандағы көне ескерткіштер мен тарихи орындарға, табиғаты ерекше жерлерге саяхат ұйымдастырып жүрген өлкетанушы, «Тұран-ТВ» телеарнасының редакторы Ерлан Сыздықпен  әңгімелескен едік.

– Зиярат ету, яғни рухани туризм туралы түсінік бере кетсеңіз. Оның маңызы қандай? 

– Қазақ даласының қай түкпіріне барсаңыз да көненің көзі болған тарихи мекендер көп. Егер қызығушылық танытып аралап шығар бол­саңыз, ескі сарайшықтар, қалашықтар мен қорғанға, көне қала орындарына, қаймағы бұзылмаған табиғаттың небір кереметтеріне  кезігер едіңіз. Ал батыр бабаларымыз бен дуалы ауыз абыздар, даналар, ғұламардың мәңгілік тыныстаған меке­ніне зиярат ете барғанда өмір туралы, өткеніміз туралы ой түйіп, шежіреге қанығасыз. Рухани кемелдене түсесіз. Жаныңыз тазарады. Бір сәтке болса да өмірі бітіп болмайтын қарбалас тіршіліктен қол үзіп, өзіңізбен-өзіңіз қалуға мүм­кіндік туады.

– Өзіңіз Қазақстанның қандай көрікті мекендерінде болдыңыз, қай  әулиелердің басына зиярат жасадыңыз?

– Батыс Қазақстанда Маң­ғыстау жерін, Ақтөбе мен Орал қаласын, Ырғыз ауданын, Қызылорда облысының Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданын, Байқоңырда, Жам­был облысын, Тараз қаласын, Шу өңірін, Қордай ауданын, Алматы облысын, Жаркент жеріне дейін, Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласының төңірегін аралап, Өскеменде, Қатонқарағай ауданында, Алакөлде болдым. Жезқаз­ған облысын, Ұлытау ауданын, Оңтүстіктің Қаратауын, Түркіс­тан, Шымкент, Төлеби ауданы, Созақ ауданы, Қазығұрт ауданы, Сарыағаш, Шардара, Отырар аудандарын, тағы бас­қа да жерлерді араладым. Бірақ бармаған жерле­рім әлі де көп.

– Осынша жерді аралағанда таң-тамаша қалған сәттеріңіз болды ма?

– Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында Қарақыпшақ Қобыланды ба­тыр­дың кесенесі мен мұражайында болдым. Сол мұражайдың директоры марқұм   Тұрсынғали Накишов ағамыздың үйінде Бекет атамыздың асатаяғы сақтаулы тұр. Кеңестік кезеңнің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде НКВД-ның шабармандары үйді тінтіп, осы асатаяқты алып кетпек болады. Бірақ олар келгенде таяқ ілулі тұрған жерінен көзге көрін­бей қалады екен. Әлгі шабармандар түк таппай кет­кен соң қайтадан көзге көрінетіні жайлы естігенде таң қалғанмын. Семей облысы, Шар ауданын­дағы Бибіқыз туралы аңыз да таңқалдырды.  Бибі­қыз 1 жасында сөйлеп, 3 жасында арабша танып, 5 жасында адам емдеуге кірі­сіпті. Ерекше жаратылған сол қыз 9 жасында қайтыс болған. Бибіқыздың мазарына қызыл кірпіштен кесене тұрғызылған.

Павлодар облысы,  Шалдай елді мекенінде Уахит Хазірет деген діндар кісі өтіпті.  Жұртшылық сол кісіге үлкен кесене тұрғызып, ат шаптырып, ас берді. Кесене қарағайлы орманның қақ ортасында тұр. Қатты қуаң­шылық болған бір жылы осы орманды өрт шалыпты. Сонда өртпен күресіп жүрген шаруашылық басшысы мен трактор жүргізушісі қазаға ұшыраған. Бір қызығы, тілсіз жау барлық ағаштарды өрт құшағына жалмап жатқанда әулие кесенесінің төңірегіндегі бір шақырым аймақтағы  қарағайдың бірде-біріне өрт тимепті. Алланың құдіреті деген осы шығар. 

Айта берсем, қазақ даласында мұндай таңғажа­йыптар жетерлік, оларды тамашалап, түгелдеп шығу үшін бірнеше жыл қажет.

– Өзіңізбен бірге ел мен жерді аралап көруге қызығушылық танытатындар болса, оларға қоятын қандай да бір талаптарыңыз бар ма?

–  Айтарлықтай талап қо­йылмайды. Тек жолға шығарда кешікпесе, тәртіп пен тазалық сақтаса,  барға қанағат тұтса болғаны. Жолы мен тамағын әркім өзі көтереді. Нақ­ты міндетім болмаса да, таныс­тар, жора-жолдастар, алыс­­­тан келген ағайын маған ел аралат, жол көрсет деп қолқа салып жатады. Кейде мектеп оқушылары мен колледж, жоғарғы оқу орындарының студенттері жол бастаушы болсаңыз деп өтініш айтады.

Жазғы демалыста басқа облыстардан да тарихи бағыттарда экскурсия ұйымдас­тырып берсеңіз деген ұсыныстар түседі. Көктемнің алғашқы шуақты күндерінде жақын жерлердегі орындарды тамашалаймыз, ал жаз айларында таулы аймақтағы Жылаған ата бұлағына жиі барамыз. Ол орынға барушылар  жазда көбейе түседі. Өйткені жанға жайлы сал­қын ауасы мен мөлдір бұлағы бар. Бір қызығы, Жылаған ата бұлағына сонау Ресейдің Сібір, Красноярск, Омск, Ленинград, Москва қалаларынан да саяхатшылар келіп жатады.

– Ал зиярат жасаушылар­ға қандай ақыл-кеңестер айтар едіңіз?

– Жоғарыда айтып өтке­німдей зияраттың негізгі мақсаты рухани тазару мен кемелдену ғой. Сондықтан зияратшылар кесене басында, әулиелі жерлерге барғанда ең алдымен өсек айтуды доғарса екен деймін. Көп адамдар кесенеге  кіргенде құранын бағыштап, артынан Аллалап тілек тілейді де, ол жерден ұзамай жатып, өсекті соғады. Қасиет қонып, кие дарыған мекенге зиярат­қа барған екенсің, бір Алладан тілегіңді тіле де, дүние ісін әңгіме етпей қоя тұр. Көп адам әулиеге бардық, садақамызды тастадық, құрбандығымызды шалдық, осымен бар күнәмізден арылдық, тілегіміз қабылданды деп ойлайды. Ердей ат-көлігін арылтып, уақытын бөліп, зияратқа шыққан соң  оның қадіріне жетсе, Алланың кереметіне көз жеткізіп, оймақтай ой түйіп қайтса деймін ғой. Зиярат жасау – киелі сапар. Ендеше, оның жөн-жосығын білудің кім-кімге де артықтығы жоқ қой деп ойлаймын. 

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет.

Сұхбаттасқан – Г.ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру