Ақпарат

Мектепке имандылық пәнін ендіруді сұранамын

Қаралды: 314

Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 25 жыл толды. Осы аралықта көптеген қиыншылықтар мен жетіс­тіктерді ел болып бірге көріп келеміз. 

Ең қуаныштысы – ата-бабаларымыз аңсап, армандап кеткен Тәуелсіздіктің бізге нәсіп етілгені.

Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап халыққа өз Жолдауларын жолдап келеді. Президент жастардың болашағына көңіл бөле отырып: «Өсіп-жетіліп, қанат қаққан жас ұрпақтың дұрыс жолды таңдауы үшін ешнәрсе аямаймыз. Бабаларымыз қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген салт-дәстүрлерді сақтап қалып, оны ара қарай дамытуымыз керек», – деген еді. Бұл ең басты ұрандарымыздың бірі болып қала бермек.

Ал қазіргі таңда жастарымыздың хал-ахуалы, мәдениеті, тәртібі қандай?

Шындығын айтар болсам, жастардың көпшілігі дұрыс жолда дей алмаймын. Көшеге шыға қалсаң, елдің көркі болар қыздарымызды көріп жаға ұстайсың. Жаз келсе әурет жер саналатын кіндікті ашып  жүру бүгінде қыздардың дағдылы әдетіне айналып барады. Әсіресе соңғы жылдары қыздарымыз әбден жалаңаштанып бітті. Соның салдарынан алданған, зорланған қыздар, тастанды сәбилер жыл санап көбеюде. Ал арын сатқан қыздарды ауызға алудың өзіне арланасың.

Ұл балалардың да кейбір жүріс-тұрысына қарап қайран қаласың. Бұлар қай жерде өсіп, қайдан тәрбие көрген деген ой келеді.

Бұл жерде мен мұғалімді кінәлаудан аулақпын. Ата-ана да өз баласына жаман бол деп айтпайды. Ендеше мұның сыры неде?

Ұят пен иман бір-бірімен тығыз байланысты, егер біреуі жоғалса, екіншісі қоса кетеді. Ендеше бүгінгінің адамдары өз ұяттарын жоғалту арқылы иманнан да алыстап барады. Ал иман жоғалса, болашақтың бұлыңғыр болары сөзсіз. Сондықтан мен өзімнің ұсынысымды былай жеткізгім келеді:

Еліміздің барлық мектептерінде оқу бағдарламасына 4 – 11 сыныптар арасында имандылық сабағы енгізілуі керек. Бұл пәнді оқытумен дінтанушы, мәдениеттанушы, діни сауаты терең мамандар айналысуы тиіс деп ойлаймын. Пәннің дұрыс бағытта жүруі қатаң бақылауда болуы керек. Ер балалар мен қыздарды бөлек оқыту қажет.

Шындық керек, Тәуелсіздіктің 25 жылын артта қалдырсақ та әлі күнге дейін басқаларға жалтақтауды қояр емеспіз. Сонда кімнен, неден қорқамыз?

Енді тек көзімізді ашып, жоғалтқанымызды тауып, имандылықты қолға алуымыз керек. Жастарымызды басқа діннің, ағымның немесе надандықтың жетегінде жібермей, тез арада имандылыққа тәрбиелегеніміз дұрыс. Егер жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелесек, ұл-қызымыз бірінші ата-анасын, одан кейін үлкендерді сыйлап, құрметтер еді. Қоғамның да жақсылыққа бет бұрып, келешегіміз жарқын болғанын көрер едік.

Құрметті министр Сағадиев мырза! Егер сіз имандылық сабағын оқу бағдарламасына кештетпей енгізсеңіз, сөз жоқ білім саласында өте үлкен іс атқарған болар едіңіз. Көпшіліктің алғысына бөленеріңіз хақ.

25 жылдан бері еліміздің білім саласын көптеген министрлер басқарды. Олар талай өзгерістер жасады. Ал сіз осы мәселеге түсіністікпен қарап, оң шешім қабылдасаңыз, бұл қадамыңыз білім саласындағы ең тамаша, пайдалы реформа болар еді.

Қайрат ОМАРОВ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру