Ақпарат

Ағалы-қарындасты жандардың оқыс оқиғасы

Қаралды: 543

Ордабасы ауданының Шұбар ауылында Ырымкүл Бекенқызы Ертай деген ерекше апа (суретте) тұрады. 

Ол кісі туралы «Замананың» таяудағы нөмірінде біз жазғанбыз. Онда Ырымкүл апаға қатысты тылсым жайларды баяндаған едік. Көпті көрген ұлағатты ұстаздың өмір жолында одан басқа да ой саларлық талай оқыс оқиғалар кездескен екен. Ырымкүл апаның  көзіне жас ала отырып айт­қан мына әңгімесі бізді де қатты тол­ғандырды.

«Мен соғыстың қайнап тұрған уақытында, 1942-жылы Төлеби ауданында дүниеге келіппін, – дейді Ырымкүл апа. – Әкем қыз туылса бейбітшілік болады, соғыс бітіп, елде бейбітшілік болсын деп ырымдап, атымды Ырымкүл деп қойған екен. Әкем Бекен домбыра, қобыз жасайтын, ағаштан ою ойған шебер кісі еді. Ықылас­тың күйлерін нәшіне келтіре орындайтын. Ол кісінің жасаған домбыра, қобыздарын екінші адам қайтып жасай алмайтындай ерекше екен. Әкем жасаған қобыздың бір данасын бертінге дейін сақтағанбыз, кейін оны музейге әкетті.

Онжылдықты бітірген соң Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы (қазір Қорқыт ата) педагогикалық институтқа орыс тілі мен әдебиеті фило­логиясы факультетіне оқуға түстім. Тобымызда Жанат есімді балалар үйінде тәр­бие­ленген қыз болатын. Ашық-жарқын, жайдары, жақсы қыз еді. Менің артымнан сәлем-сауқат көп келетін. Анам ет, қазы-қарта, жент, құрт-май жібереді. Оны жанымдағы қыздар таласа-тармаса жеп қояды. Кейде өзім де ауыз тие алмай қаламын. Сонда Жанат бәріне теңдей бөліп, маған көбірек  алып қалатын. Жент пен құрт-майды жемек түгіл, көр­мегенін айтатын Жанат менің артымнан сәлемдеме келсе, қатты қуанатын. Екеу­міз жақын құрбы болдық. Бір күндері Жанат Қанат есімді жігітпен таныс­қанын айтып келді. «Өзі маған қатты ұқсайды, есімдеріміз де ұқсас екен», – деп жүрді. Бірақ ол Қарағандыдан келген, сол жақтағы балалар үйінде тәр­биеленген. Ал Жанат Қызыл­ордалық. Екеуі жақын араласып, ақы­рында үйленді. Студенттер ортадан ақша жинап комсомол тойын жа­садық. Содан кейін олар пәтер жалдап көшіп кетті. Мен артымнан келген сәлем­демені алып Жанаттың үйіне жиі барып тұрамын.

Жанаттың аяғы ауырлап, шаранаға жан бітетін кезде Қанат түсінде анасын көріпті. Анасы тура өңіндегідей дәл алдына келіп: «Балам, сен туған қарындасыңды әйел қып алдың. Сенбесең белін ашып қара, бармақтай қалы бар», – дейді де жоқ болып кетеді. Түсінен шошып оянып, жанында ұйықтап жат­қан әйелінің белін ашып қараса, шынымен солай екен. Сонымен өкініш өзегін өртеп, өз ісіне күйінген бейбақ  әбден жылап, бір параққа хат жазып қалдырып, әжетханаға барып асылып, қайтыс болады. Ойында ештеңе жоқ Жанат ұйқысынан тұрып қараса, күйеуі әжетханада асылып тұр, қалтасында бүктелген қағазы бар. Онда: «Шырағым Жанат, мен өлсем мені бас ием деп жоқтама, бауырым деп жоқта! Екеуміз ағалы-қарындас екенбіз», – деп болған жайды жазып қалдырыпты.

Жанат сол мезетте, сол жерде есінен танып құлап, жынды болып қалды. Артынан ауруханаға барғанымызда шашы жайылып кеткен,  қимылсыз күйде бір нүктеге қадалып қарап отыр. Мына әлеммен байланысы үзілген, ешкімді де байқамайды.

Кейін ол қайтыс болды. Балалар үйіне түскенде Қанат бесте, Жанат үште екен. Екеуін екіге бөліп жібергенде, бір-бірінен адасып қалған. Осы оқиға есіме түссе әлі күнге жылап аламын. Бұл үлкен қасірет!

Кеңес үкіметінің кезінде бір-бірімізден ру сұраспайтынбыз. Ал қазір заман түзелді. Қыз бен жігіт танысқанда бір-бірінен ру сұ­рас­қандары жөн. Содан соң  қыздар да, жігіттер де некесіз төсекке бармауы керек. Сонау тоқсаныншы жылдары да дәл қазіргідей жаңа туған шақалақты әр жерге тастап кету көбейіп кетіп еді, қазір де сондай болып тұр. Мен әр күні тастанды сәбилер болмасын деп дұға тілеп отырам. Себебі тастанды сәбиді өз көзіммен көргенім бар.

Мен күйеуімнен 28 жасымда екі ұл, бір қызбен жесір қалғанмын. Біраз жыл өткен соң қызыма серік етіп, жетімдер үйінен бір қыз асы­рап алмақ болып, Шым­кенттегі №1 Балалар үйіне барғанмын. Балаларды көріп, танысып қайтып шығып келе жатқанымда тура Балалар үйінің табалдырығына біреу жаңа туған әлдиді құндақтаулы күйінде тастап кетіпті. Ашып көрсем, жалаңаш. Жан-жағына қарап емшек іздеп, жылап жатыр. Денем түршігіп кетті, одан әрі оған қарап тұруға дәтім шыдамай ол жерден кетіп қалдым. Сөйтіп бала асырап аламын деген ойымнан да айнып, ол жерге қайтып барған жоқпын. Бірақ анасын іздеп, шырқырап жатқан бала әлі күнге көз алдымнан кетпейді».

Жанат пен Қанаттың өкі­нішті өмірі мен тастанды бала туралы әңгіме біткен соң, тақырыбымыз халқымыздың ырым-жоралғыларына қарай ойысты. Ырымкүл апа жақсы ұстаз ғана емес,  жезтаңдай әнші, мың бұрал­ған биші екен. Тіпті ол кісі студент кезінде Шара Жиен­құловадан би үйренгенін сағынышпен еске алады. «Саз мектебінің директоры Асқар Қожагелдиев жеті-сегіз жыл бұрын мені үйіне шақырып, қызының аузына түкірткен еді, – дейді Ырым­күл апа. – Қазір олар маған кішкентай Әминаның тура маған ұқсап өсіп келе жат­қанын айтады». Кейбіреу­лер ауызға түкіру дегенді естісе, ол не деген сұмдық деп жиренетінін айтқанымызда Ырымкүл апа: «Бұл бұрыннан келе жатқан ырым ғой, несіне шошиды? – деп кейіді. – Түкір десе  баланың аузын ашып түкіріп жібермейсің ғой. «Өнер дарысын, кие қонсын, менің жолым­ды берсін», – деген тілегіңді жеткізіп, тіфәй де­генде тұрған ештеңе жоқ».

Сонымен қатар Ырымкүл апа үйге келген қонақты құр шығармау керек дейді. Дәстүр бойынша қонақ үйден риза болып, көңілденіп қайтуы керек екен.

Ел ішінде жөн-жосықты айтып отыратын осындай өнегелі әжелер аман болсын!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру