Ақпарат

Әжемнің ерекше емдеу әдістері

Қаралды: 525

Менің әжем Әтіргүл Шалғынбаева биыл 86 жасқа толады. Бірақ осы жасына дейін әжем ауырдым деп бір күн де төсек тартып жатпаған. 

Оны өзі үздіксіз қимыл-қозғалыс пен дәрілік шөптерге негізделген халықтық ем түрлерін қолданатындығымен байланыстырады.

Әжем қазіргі кезде де үнемі үй тірлігіне көмектесіп, тым болмағанда немерелерін серуендетіп, шөберелерін ойнатып жүреді. Ал қолы босай қалғанда: «Құлақтарыңа құ­йып алсаңдар, кейін бір қажеті мен көмегі болады», – деп бізге өзі білетін халықтық ем түрлерін айтып отырады.

Әжем дәрі ішуге мүлде қарсы. Тіпті үйдегі немере­лері мен көрші-қолаңның балаларын да сырқатына қарай емдік шөптерден жасайтын қайнатпаларымен өзі емдеп жазады. Мен соның есімде қалғандарын көпші­лікпен бөліспекпін.

Қызылша мен есекмияның шипасы

Көктемде витамин жетіс­пеу­шілігінен, ауа райы құбылыстарынан көп адамда әлсіздік, иммуни­теттің тө­мендеуі байқалады. Бұл кезде қызылша сорпасын жиі ішу керек. Сондай-ақ әжем есекмия (брунец, софора) деп аталатын шөпті бізге күздікүні гүлдеген кезінде тамырымен тергізетін.  Соны көлеңкеде кептіріп қояды да, көктемде қайнатып, күніне екі рет жарты стаканнан ішкізеді. Оның тамырын жақсылап жуып, шайнап жесеңіз де болады. Сонда әлсіз­діктен де, қан аздықтан да құтыласыз.

Өтіндегі тасты өзі түсірген еді

Қазір көп адамды өттің қоюлануы, өттегі тас мазалайды. Бұл жағдай бірнеше жыл бұрын менің әжемде де болды. Дәрігерлер онда үлкен тас бар, жедел түрде ота жасату керек деп ауруханаға жатқызбақ болғаны есімде. Бірақ әжем оған көнбей, үйге қайтып кетті. Ал біз қатты уайымдадық.

Бірақ әжем сасқан жоқ. Кәдімгі күнбағыстың тамырын жақсылап жуып, кептіріп қойды. Сосын майдалап турап, сәбіз ұрығымен аралас­тырып қайнатты. Суыған соң күніне үш рет, тамақтан жарты сағат бұрын бір немесе жарты стаканнан ішіп жүрді. Бұл аралықта дәрі­герлер айт­қандай «прис­туп» болған жоқ. Ал бір айдан кейін қайта тексерілуге бар­ғанда дәрі­герлер таңқалып: «Не істедіңіз? Өттегі тасты қалай түсірдіңіз?» – деп сұ­рапты. Бірақ әжем халық емінің құпия­сын дәрі­гер­лерге айтпапты.

Әжем өті толып, қоюланып, мазалаған адамдарға осы емнің тиімді екенін айтып жүреді.

Пәрпінің асқазанға пайдасы көп

Бүгінде асқазаны ауыратын адамдар да көп. Ал дәрі кейбіреуге кері әсер етсе, енді біріне пайдасы тимейді. Әтіргүл әжемнің бұған қарсы да тиімді емі бар. 

– Үлкен жартас, қияларда пәрпі деген шөп өседі. Шөбі кішкентай жапырақ тәрізді майда, ал гүлі көкшілдеу болады. Көктем аяқталып жатқан кезде қазып алып, күнге біраз қойып кептіріп, тамырын ажыратып қойса, асқазан ауыр­ғанда дәрі іздемейсің. Ас­қазанның қыжылы, ас қорытпауы сияқты басқа да жайсыздықтарда соны майдалап, бір қасығын ауызға салып, сорып жүрсе, тез жазылады.

Андыз деген шөп бар. Ол көктем кезінде жер бетіне сопақ жапырақты болып шығады. Гүлдеуге жақын қал­ғанда қазып алып, кептіріп қойған жөн. Кепкен андызды майдалап турап, суға қайнату керек. Оны тұмау тигенге қарсы ішсе, аурудан лезде айығасың, – дейді әжем.

Қызылшадан тәжіқоразды қолданып құтқарды

Бірде інімнің үстін қызыл бөртпе басып, қызуы кө­теріліп, жатып қалған еді. Бұл қызылша (корь) деген ауру екен. Әдетте дәрігерлер мұндайда әр бөртпенің үстіне «зеленка» жағуды ұсынатын. Ал әжем оған қарсы болды. Дереу есік алдында өсетін тәжіқораз деген гүлдің жоғарғы жағын кесіп алып, күнге кептірді. Осы қып-қызыл «тәжді» суға қайнатып, күніне 3 рет ішкізген еді, ертеңіне-ақ бауырымның арқасын түгел басып, енді іші мен қолдарына қарай көбейіп бара жатқан бөртпе өздігінен төгіліп, түсіп қалды. Інімнің дене қызуы да тез басылып, санаулы күнде науқасынан айығып кетті.

 

Мен әжемнің бауырына бас­қан ең ерке немересімін. Қайда барса да соңынан қалмай еріп жүретін әдетім бар еді. Ал әжем аз-кем уақыт тыныға қалса да тыныш отыра алмайтын әде­тімен қолына кестесін немесе тоқымасын алады. Сөй­тіп сүлгі мен беторамалдарды әдемі етіп оюлап, гүлдендіреді, біздерге шұлық немесе жемпір тоқуға кіріседі. Маған да үйретеді. Сонда мен әжемнен емдік шөптердің қасиетін қайдан білетінін сұрадым.

– Біздің кезімізде дәріхана деген болған жоқ. Доқтыр да тек алыстағы орталықтарда отыратын. Ал ауыл-елдегі халық талай аурудан дәрілік шөптердің ар­қасында аман қалды емес пе? Оның үстіне қайынәпкем емші еді. Түрлі шөптерді жинап әкеліп, кептіріп, керек кезінде емге қолданатын. Көп нәр­сені содан үйрендім, – деп жауап қатты әжем.

Әулетіміздің дауагері болған әжетайым қашанда біздің мақтанышымыз.  Мен қажет еткен оқырмандар оның денсаулықты түзеудегі кеңестерін кәдеге асырады деген ойдамын. Ал өзімнің әжемнен әлі де көп нәрсе­лерді тыңдап, үйреніп ал­ғым келеді.

Рауан ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

Қазығұрт ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру