Ақпарат

Қазақты азғындаудан құтқаратын жол бар

Қаралды: 696

Мен таяуда «Замана» газетінен «Тоқал алуды заңдастырса екен», «Қызды неге бойдақсың деп қыспаққа алған дұрыс па?» деген тақырыпта мақалалар оқыдым. 

Он да көтерілген мәселелерді қолдаймын. Неге? Оны мынау айтқандарымды оқығасын түсінесіздер деген ойдамын.

Біз, қазақ халқы орыс империясына 186 жыл, «Қызыл империяға» 73 жыл құлдықта болдық. Кейінгі 25 жылдың ішінде де  ұлттық педагогикамыз, дініміз балабақшада, мектепте, инс­титутта, университеттерімізде үйре­тілген жоқ. Тіпті дініміз, салтымыз былай тұрсын, арамызда өзінің ана тілін білмейтіндер де аз емес. Көп басшылар мен министрлер, әкімдер орыс тілінде сөйлейді. Жоғарыға қарап жалтақтап үйренген халқымыз осыдан кейін ұлттық құндылықтарын ұмытпағанда қайда барады?

Осындай кері кетудің салдарынан ағайынның арасында бірлік, ынтымақ азайды, түрлі қылмыс, күнә, ауру-сырқаулар көбейді. Дініміз рұқсат берген көп әйел алу, салт-дәстүріміз рұқсат берген жесір әйелді әмеңгерлікке алу мүлде ұмытылды. Ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды тұтынып, қолдануға өзімізше арланатын болдық. Сонда біздің егемендік алып, қазақ болғанымыз, мұсылман болғанымыз қайсы?

Бұрынғының ұл-қыздары жасы үлкен­нің сөзін бөлмейтін, алдын кеспейтін. Ол кездің әйелдері ер-азаматты пірім деп құрметтейтін, сөзін бөлмейтін, алдын кеспейтін. Ал ер-азаматтары арақ-шарап ішпейтін, темекі шекпейтін, есірткі заттарды пайдаланбайтын. Бала­ғат, кекету-мұқату, кемсіту сөздерді айтпайтын. Жастары жолы үлкендерді құрметтеп, үлкендер жасы кішілерге, әлсіздерге жанашыр, қам­қор болатын.

Бұрынғының байлары мен бастықтары парақорлықпен, жемқорлықпен айналыспайтын. Ұшыр-зекет, қайыр-садақа беретін. Жер-су, тау-тас, табиғатын өзге жат елдерге жалға беріп, сатпайтын. Бойжеткен қыздарын қытай­ға, негрге, еврейлерге беріп шекара асырмайтын. Жетім-жесірлерін қаңғытпайтын, қайыр сұратпайтын.

Бұрынғының бәйбішелері ері тоқал алса, жесір қалған келіндерін-жеңгелерін әмеңгерлікке алса, байбалам салып сотқа, әкімдерге жүгірмейтін. Ері тоқал алса, әмеңгерлік жолмен үйленсе, қолым ұзарды деп қуанатын.

Міне, осының бәрі бірінші Алланың, екінші Құран мен хадистің, үшінші салт-санамыздың арқасында еді. Халқымыз ынтымақты, игілікті ғұмыр кешті. Жетім-жесір, қайыршы, «бомж», тастанды нәрестелер, интернат, «детдом», «детколония», түрме, рэкет, киллер, ұрлық-қарлық, гомосексуализм, лесбиянка, парақор-жемқорлық, мафия, өсек-өтірік, бәле-жала, қулық-сұмдық, жағымпаздық, екіжүзділік, тілін, дінін, салтын, жерін, ар-ожданын сату, кемсіту дегендер болған емес еді.

Сонда бір үзім нанды бөлісіп жейтін жаны жомарт қазақ елі діннен, салт-сана, дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық тәлім-тәрбие­ден безіп қайда бара жатырмыз? Мына Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанды алып қара­йықшы. Олардың ел басшысы да, үкімет басшылары да тек қана өз ана тілінде сөйлейді. Өз дінін, салтын сатып, секталарға мүше болып кірмейді, қыздарын қытай, негр, еврей, грузин, француздарға бермейді. Сол себепті халқы мықты, саны да жылдам өсіп, көбеюде.

Мысалы, 1991-жылдан 2015-жылға дейінгі 24 жылдың ішінде қырғыздар 30 пайызға, өзбектер 36 пайызға, тәжіктер мен түркімендер 50 пайызға өскен. Ал қазақ халқының өсімі – 4-ақ пайыз. Оның өзінде шет елдерден келіп қоныстанған қандастарымыздың арқасында көбейіп отырмыз.

Дәл осылай Алланың ақ жолын, Құранның ақиқатын, Пайғамбардың хақ жолын, бабалардың өсиетін, өнегесін мансұқтай берсек, Алланың қаһары соғып, Пайғамбардың назасы ұрып, әруақ ұрып, жетім-жесір, қайыршылардың қарғысы ұрып, өмір-бақи азап пен қорлықтан құтылмай, қияметтің күнінде тозақтың отынан құтылмай, шексіз қасіретте қалатын шығармыз. Осыны қазіргі заманның адамдары неге түсініп, ұғынбайды?!

Олай болса, халайық, Алланың ақ жолын, Пайғамбардың хақ жолын, бабаларымыздың өсиетін, оған еш­қандай тосқауыл, кедергі қоймай, неше түрлі сылтау-уәж айтпай, қысылып-қымтырылмай, толық пайдаланайық!

Егер де Елбасы, Үкімет басшылары көп әйел алуды, әмеңгерлік жолмен әйел алуды заңдастырса, шіріген шүберектей ыдырап, тоз-тозы шығып жатқан халқымызды біртұтас етіп біріктіріп, санын да, санасын да, иман, ар-ожданын да арттырып, қалпына келтіруге үлкен септігін тигізер еді. Дұшпан күйініп, дос сүйінер еді. Періштелер қуанып, Алла да, Пайғамбар да, әруақтар да разы болар еді.

Байәділ ЖАРМҰХАНБЕТОВ.

Жуалы ауданы.

Жамбыл облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру