Қайрат Дүйсенов: «Қазақты әдебиет арқылы әлемге танытсақ дейміз»

13.03.2017
Қаралды: 869

Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Әлем халықтарының Жазушылар одағы» атты қоғамдық бірлестік өз жұмысын бастағаны белгілі. 

Бұл туралы «Замана» газетінде оқырмандарды хабардар еткенбіз. Таяуда оның президенті, ақын-сазгер Қайрат Дүйсеновтің «Әлем Ақындары одағы» деп аталатын ұйымның тең төрағасы болып тағайындалғаны жөнінде естідік. Бұл жөнінде Қайрекең өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен болатын. Біз Қ.Дүйсеновті осы қуанышымен құттықтап, ол кісімен сұхбаттастық.

– Қайрат Әбісатұлы, «Әлем Ақындары одағы» деген қандай ұйым, ол немен айналысады? Сіздің бұл ұйымдағы атқаратын қызметіңіз қандай болмақ?

– Италиядағы «Әлем Ақындары одағы» турасында қазірше менің анық білетінім мынау: Одақ пре­зиденті Сильвано Бортолаззи «Фейсбук» желісіндегі берген мәліметінде: «Одақ мүшелері 200 мыңнан асады, олар ғаламшарымыздағы барлық дерлік мемлекеттерде тұрады», – дейді. Бұл одақтың мыңнан астам парламент мүшелері бар. Олар әлемнің түкпір-түкпіріндегі ақындарға ортақ мәселелерді ақылдасып шешіп отырады. Жуырда арнайы веб-сайтын ашты. Онда поэзия­лық шығармалар мен дүние жүзінде өтіп жатқан әлем ақындарының іс-шаралары, топтама өлеңдер мен жаңа кітаптар, аудармалар және оның авторлары жайлы ақпараттар  беріліп отырады. Мәселен, биылғы жылы Әлем ақындарының поэзия­лық антологиясы жарық көрмек. Оған мыңдаған авторлар арасынан 500 ақынның өлеңдері іріктеліпті. Менің «Бейбітшілік – нұрлы жүрек пен махаббаттың қолында!» атты өлеңімді енгізді. Бұл өлеңді австралиялық ақын Аде Капараз Манилаһ ағылшын тіліне аударды.

Қысқасы, бұл ұйым әлем ақындарының деңгейіне, қабілетіне, мүмкіндігіне қарай қоғамда, тіпті өздеріндегі атқарылатын жұмыстарға ебі келіп жатқандар болса, оларды өздеріне қызметке тартып, жоғарылатады, марапаттайды. Маған  берілген ӘАО бас директоры лауазымы  мен  «ӘАО Дүние­жүзілік әдебиет парламентінің мәдениет күміс медалі» соның айғағы дер едім. Жалпы, мен өзімді «Әлем Ақындары одағының» Қазақстандағы өкілімін десем дұрыс болатын шығар.

– Бірқатар өлеңдеріңіз өзге тілдерге аударылыпты. Ол қандай өлеңдер, кімдер аударды?

– Низами Зөхрабоглу деген әзірбайжан ақыны Қазақстаннан Әлем халықтарының Жазушылар одағы ашылғанын біліп, әлеуметтік желіде менімен арнайы танысты. Жиі хат жазысып тұрдық. Кейін ол менің «Күткейсің», «Сен де мені сүйесің бе?», «Мұқағали дау­сы», «Мен – Абаймын» атты өлеңдерімді әзірбайжан тіліне аударды. Мен де оның бірнеше өлеңдерін қазақ тіліне аударып, «Әдебиет» порталына жариялаттым.

Гректің Димитри Краниотис деген әйгілі ақынымен танысып, оның оншақты өлеңін қазақ тілінде сөй­леттім. Сосын Бангладештің Аминур Рахман атты мықты ақынының өлеңдеріне, Вьетнамның әлемге танымал Май Ван Фан есімді ақынының өлеңдеріне қазақша тіл бітірдім. Міне, осы Май Ван Фан алғыс ретінде менің оншақты өлеңімді вьетнам тіліне аудартты. Өлең­дерімді Нгуен Тхи Тхуй Лингх есімді жас ақын қыз аударды. Бірнеше өлеңімді жоғарыда айтқан Аде Капараз Манилаһ, үш өлеңімді ганалық жас ақын Ваһид Мусаһ ағылшын тіліне аударды. Италия ақыны Мария Мираглия бірер өлеңімді итальян тіліне, пуэрто-риколық Лус Мария Лупос испан тіліне аудардық деп отыр. Аминур Рахман бенгал тіліне, Димитрис Краниотис грек тіліне аударуға уәде берді.

– Өткен жылы БҰҰ Адам құқығын қорғау Комитеті Кеңесінің шеші­мімен «Қоғам алдындағы сіңірген еңбегі үшін» алтын медалімен марапатталыпсыз. Ол медаль кімдерге, қандай еңбегі үшін беріледі?

– Аталған Комитеттің Қазақстандағы кеңесшісі, ақын, жазушы Әбен Нұрманов ағамыз «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігін басқарады. Бірлестіктің құрамында жиырмаға тарта Халықаралық одақтар бар. Мен төрт жылдай, яғни 2011 – 2014-жылдар аралығында сол бірлестіктегі Халықаралық Жазушылар одағын басқарғанмын.  Әбен аға ӘХЖО-ны алғаш ашқанымда ақ батасын беріп, одағымызға мүшелікке өтті. Өткен жылы бірлестігіміздің 17 елде өкілдері мен мүшелері бар екенін естігенде: «Мынауың керемет екен, бұл еліміздің де мақтанышы ғой. Мен Францияға хабарласып, саған марапат беру туралы ұсыныс айтайын», – деген еді. БҰҰ-ның «Қоғам алдындағы сіңірген еңбегі үшін» алтын медалімен марапатталған қайраткер БҰҰ Бей­бітшілік миссиясының Елшісі атанады екен.

– «Әлем халықтары Жазушылары одағы» бірлес­тігінің қазіргі жағдайы қа­лай?

– Шынымды айтайын, ол жан-жақты қолдауға мұқтаж. Бүгінде одағымыздың 130-дан астам мүшесі, Еуропада, Азияда, Америкада, Африкада, Австралияда орналасқан 32 елде өкілдеріміз бар.

Одақ тарапынан әзірше ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқара алдық деп айта алмаймын. Қаламгерлерге көмек беру, тиісті іс-шаралар өткізу үшін қаржы керек. Жалғыз сайтымыз бар, қаламгерлердің өмірбаяны мен шығармаларын сонда жариялап жүрміз. Демеуші іздестірудеміз.

Ал өзімді ӘХЖО прези­денті ретінде, ақын ретінде биылғы жылы Италия, Мон­ғолия, Түркия және Үндістан мемлекеттеріне арнайы ша­қыр­ды. Бірақ әзірге қаржы жағы қолбайлау болып отыр, мүмкіндік тисе, барып қайтармын.

– Өмірбаяныңыздан, шығармашылығыңыздан, қазіргі тыныс-тіршілігіңізден қысқаша айта кетсеңіз.

– Мен 1964-жылдың 7-қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы Көкібел ауылында дүниеге келгенмін. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін тәмамдағасын Қазығұрт аудандық «Ленин өсиеті» газетінде жұмыс істедім. Одан кейін көптеген республикалық ақпарат құралдарында қызмет атқардым. Оннан астам әндерім Қазақ Авторлар қоға­мында тіркелген. Өлеңдерім мен публицистикалық шығармаларым оннан астам топтамаларға енген. «Туған жер ыстық бәрінен» атты жеке өлеңдер жинағым жа­рық көрген.

Тұрмыс-тіршілігім жайында айтар болсам, бүгінде екі бөлмелі жатақханада тұрамыз, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!