Ақпарат

Қызылсеңгірге су жеткізу жоспарда бар

Қаралды: 329

«Замананың» биылғы 7-ші нөмірінде «Арық суын ішкен ауылдың жайы алаңдатады» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі. 

Онда Қазығұрт ауданындағы Қызылсеңгір ауылында қалыптасқан жағдай жөнінде айтылған еді. Кешегі аптада редакциямызға осы мақалаға қатысты аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен хат келді. Оның мәтіні мынадай:

«Заманада» жарияланған мақалаға қатысты төмендегі жағдайды хабарлаймын.

Қызылқия ауыл округіне қарасты Қызылсеңгір елді мекенінде 1634 тұрғын бар. Елді мекенде ауыз су құбыры жоқ, бірінші кезекте су құбырымен қамтамасыз етілетін елді мекендердің тізіміне енгізілген.

Осы мақсатта Қызылсеңгір елді мекеніне 2014 – 2015-жылдары жер­асты су қорына іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, 2015-жылғы 3-желтоқсанындағы №2235 хаттамамен қорытынды алынған.

Елді мекеннің ауыз су жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2016-жылы облыс­тық бюджеттен 9 миллион 707 мың теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жылы жобалық-сметалық құжаттамасы әзір­леніп, сараптаманың қорытындысы алынады. Сараптама қорытындысы алынған соң құрылыс жұмыстарын 2018-жылы жүргізуге қаржы бөлуге ұсыныс беріледі.

Қызылсеңгір елді мекенінің ішкі көшелерін орта жөндеу жұмыстарына 2017-жылы сметалық есеп әзірленіп, 2018-жылы орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Д. ЕСБОЛҒАНОВ,

бөлім басшысының орынбасары».

...Қысқасы, қызылсеңгірліктердің тағы да біраз уақыт төзе тұрулары керек екен. Әйтеуір бұл уәде де сөз жүзінде қалып кетпесе болғаны да.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру