«Ордабасы» «Астананы» ойсырата ұтты

13.03.2017
Қаралды: 670

Таяуда футболдан Қазақстанның кезекті чемпионаты басталды. Осы мау­сым қарсаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасы 

Түркияда үш кезеңнен тұратын оқу-жаттығу  жиындарын өткізгені белгілі. Сондай-ақ клубқа өз облысымыздан шыққан үміт күттіретін футболшылар шақырылған болатын. Шымкентте «Ордабасының» жаңа футбол маусымына дайындығына қатыс­ты арнайы жиын да ұйымдастырылған.

Осы жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев дайындық пен жаңа футболшыларға көңілі толатынын білдірген. «Сіздер 3 миллионға тарта облыс халқының және 8-наурыз күні ашылатын ел чемпионатында әйел-аналарымыздың мерекесіне орай олардың сенімін ақтап, ерекше сый жасауларыңыз керек. Сіздерге керекті жағдайдың бәрі жасалған. Ел біріншілігінде өз жанкүйерлеріңізді жерге қаратпай, биік дәрежеден көрініңіздер, енді тек сәттілік жар болсын!» – деген еді облыс басшысы.

Айтса, айтқандай, чемпионаттың ашылуы «Ордабасы» командасы үшін сәтті басталды. 8-наурыз күні Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда Қазақстан чемпионы «Астанамен» кездескен жерлестеріміз елордалық команданы ірі есеппен ұтты.

Бұл жауапты кездесуді 7000 жанкүйермен бірге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов та тамашалады.

Кездесудің 15-ші минутында Астана қорғаушылары айып алаңына жақын жерде  қолмен ойнап, ойын ережесін бұзды.Осы жерден белгіленген айып добын керемет орындаған Мардан Төлебек шамамен 25 метрдей жерден қақпа торын тулатты. Есеп – 1:0.

Ойынның екінші кезеңі қонақтардың жаппай шабуылымен басталды. Алайда кезінде «Астананың» сапында өнер көрсеткен Т.Нөсербаев пен А.Нұрғалиев сынды жігіттер қарсы амал ойлап тапты. Осындай алма-кезек шабуыл кезінде Т.Нөсербаев жеке шыққан Азат Нұрғалиевке доп бағыттады. Қақпашымен бетпе-бет шыққан Азат өз шеберлігінің арқасында есепті 2:0-ге жеткізді.

Матчтың аяқталуына  3 минуттай уақыт қалғанда «Астана» командасының айып алаңына жақын тұста тағы да ойын ережесі бұзылды. Айып соққысын жасаған Азаттың добына бірінші жеткен Абдулай Диакате 3-ші голдың авторы атанды. Есеп – 3:0.

Кездесу соңынан болған баспасөз мәслихатында «Ордабасының» бас бапкері Алексей Петрушин шет елден алдырылған ойыншылардың белсенділігі басым екенін атап өтті. Әсіресе 33 сағат бойы самолетпен Аргентинадан ұшып келген Фонтанелло  мен Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына қатыспай-ақ өз мықтылығын дәлелдеген Абдулай Диакатенің өнеріне тәнті болғанын айтты.

Алты жыл бойы азулы қарсылас   «Астанаға» қарсы амалын таба алмай жүрген жерлестеріміз осылайша әйел-аналардың мерекесіне тамаша сый жасады. Сондықтан да «Ордабасы» чемпионатты өте сәтті бастады деп отырмыз.

Команданың ендігі  қарсыласы «Атырау» болмақшы. Екі команданың кездесуі  12-наурыз күні Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтеді. Жерлестерімізге  тек жеңіс тілейміз!  

Ілияс ЖОЛДАС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ