Ақпарат

Келіндерімен бірге керемет торт пісіріп сатады

Қаралды: 477

8-наурыз мерекесінде қалада торттың да саудасы қызады.  Торт сатуды бірнеше жылдардан бері кәсіп етіп жүргендер бар. Біз мереке күні сондай жандардың бірі – шымкенттік Аққалды Әлмағанбетованы сөзге тартқан едік.

А.Әлмағанбетова қаладағы педагогикалық мәдениет институтын бітірген екен, мамандығы бойынша М.Әуезов атындағы мектепте ән-күйден сабақ беріпті. Мектепте 35 жыл еңбек етіп, өткен жылдың қараша айында зейнеткерлікке шығыпты.

«Торт сатуды 1990-жылдары жұрт сауда-саттыққа ден қоя бастағанда қосымша табыс көзі ретінде бастағанмын, – дейді ол кісі. – Ән-күй сабағы кесте бойынша өтіледі, бос уақытым жеткілікті болғандықтан осыны кәсіп еттім. Қазір бұл шаруамен айналысып жүргеніме тура 25 жыл болды.

Жолдасым Омармен екі ұл өсіргенбіз, бүгінде олар отбасылы, немерелеріміз бар. Тортты маған екі келінім пісіріп береді. Біздегі торт бағалары 1000 теңгеден басталады, ең қымбаты 2500 теңге тұрады. Әрине, қатып қалған баға жоқ, жұрттың жағдайына қарай саудаласып, түсіріп береміз ғой».

Бұл сауда нүктесі А.Асқаров көшесіндегі гүл базарының қатарында орналасқан. Павильонда оншақты адам сауда жасайды екен. 

Біз апайдан мереке күні қанша торт саудалаудың сәті түскенін сұрадық.

«150 торт саттым, – дейді ол кісі. – Бұрындары мұндай күндері 250 тортқа дейін сатқан кездерім болған. Қазір адамдарда ақша аз ғой, оның үстіне торт пісіріп сататындар қатары да артып отыр. Сондықтан тортты шамалап алып шығамыз».

Ол кісі бүгінде торт жасауға қажетті заттар да қымбаттап кеткенін айтты. Мысалы, бір жәшік сапалы жұмыртқа (240 дана) 8500 теңге тұрады екен. Ұн да, қант та қымбаттаған. Дегенмен көзін тапқандардың жұмысы бәрібір де тоқтап қалмасы белгілі.

Жай күндері қанша торт сататынын сұрағанымызда Аққалды апай 20 шақты торт саудалайтынын айтты. «Әрине, шығынымыз өтеледі, үстінен табыс түседі. Барға – қанағат. Айлық жалақыны қашан аламыз деп алаңдап отырмаймыз. Осыған шүкір», – дейді ол кісі.

...Шымкенттік Аққалды Әлмағанбетова келіндерімен бірігіп осындай шаруаны жүргізіп отыр екен. Бұл өзі талай ене мен келінге өнеге боларлық нәрсе ғой.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру