Ақпарат

Арзан ағаш көшеті «Алашта» тұр

Қаралды: 485

Наурыздың алғашқы күндерінен-ақ Шымкентте жеміс ағаштарының көшеттері сатыла бастады. 

Мысалы, бүгінде қаладағы «Алаш» базарына Сарыағаш ауданындағы Жемісті елді мекенінен жеткізілген  көшеттер саудаланып жатыр. Біз осындағы сауда нүктелерінің бірінде тұрған Рано есімді келіншекпен (суретте) сөйлестік.

«Көшеттерді саудаға алып шыққанымызға бірер күн ғана болды, Бағалары аса қымбат емес. Есесіне сенімді, сапалы, өйткені бұлар – өзіміз өсірген көшеттер. Біз бұл шаруамен әулет болып айналысамыз», – дейді Рано.

Ранодан мұндағы бағалардың мынадай екенін білдік:

Бұл жерден жемісі ірі болып, күзде пісетін «Тайфи» деп аталатын жүзім көшетін 100 теңгеден алуға болады. Ал шырмауық сияқты төгіле өсетін, негізінен сәндік мақсатта егілетін жүзім көшеті 200 теңгеден сатылуда. Жұрт «Бычий глаз» деп атайтын, қабығы қалың, шымшық шоқи алмайтын жеміс беретін қызыл шие (черешня) көшетінің, сол сияқты, анардың, бадамның (миндаль) көшеттерінің құны 300 теңге тұрады. Шабдалының «Лысый персик» деген атқа ие көшетінің бағасы да – 300 теңге. Сары және қызыл түсті өрік беретін жеміс ағашы көшетінің бағалары 400 теңгеден. Сондай-ақ алманың «Айгүл», «Семеренко», «Бесжұлдыз», «Розмарин», «Золотой превосход» атты көшеттері де 400 теңгеден сатылуда. «Шоколадная хурма» деп аталатын құрма көшеті мен жаңғақ көшетінің бағалары – 500 теңгеден.

Бағбандардың сауда қатарында данасы 2000 теңгеден  «Шат» деп аталатын тұт ағашының көшеті де тұр. Оның бойы ары кетсе 170 сантиметрдей ғана болып, тұрқы қолшатырға ұқсап өседі екен. Ол ірі жеміс береді, жемістері қан қысымын төмендетуге таптырмас дәрмек болады деседі. Сондай-ақ бау-бақшаға сән беретін талшын (каштан) ағашының көшеті де мұнда 2000 теңгеден тұр.

Бұл жерде арша (можжевельник) мен боз аршаның (туя) көшеттерін 1000 теңгеден сатуда. Раушан гүлінің көшеттерін де табуға болады. Олардың әр түбі 150 теңгеден сатылуда.

Көшет саудалаушы келіншек басқасын атамнан сұрасаңыздар болады дегесін бұл әулеттің үлкені Дүйсебай Оспановты әңгімеге тарттық.

«Мен бау-бақша өсірумен 1974-жылдан бері айналысамын, – дейді Дүйсекең. – Мамандығым – гидротехник, Ташкентте оқығанмын. Кейін «Жемісті» совхозында еңбек еттік. Жеміс өсірудің қыр-сырын білеміз. Кейінгі 15 жылдай уақыттан бері әулетімізбен осындай шаруамен айналысудамыз. 15 соттықтай жеріміз бар, жылда соған көшеттер егеміз. Иелігіміздегі бау-бақшадан тонналап өнім алып та жатырмыз. 49 жылға жалға алған үлестік жерімізде де жеміс ағаштарын өсірумен айналысамыз. Бұл жолы 1500-дей түп көшет әкелгенбіз, үлкен қала ғой, адам көп, сондықтан әзірге саудамыз жаман жүріп жатқан жоқ. Біз көшеттерді өзіміз егіп, өзіміз күтіп-баптаймыз, сапасы үшін күмәнданбасаңыздар болады».

Осылай деген Д.Оспанов жеміс көшеттерін алушыларға оларды қалай отырғызып, күтіп-баптау керектігін де түсіндіріп жатты. Мысалы, жүзім, анар, құрма көшеттері қиналмай тамыр алып, жақсы өсуі, кейін өнімді молынан беруі үшін алғашқы үш жылда қысқа қарай олардың діңін суықтан қорғайтындай етіп орап тастау керек. Жалпы, қандай болмасын жеміс көшеттерінің арасын 3 метр қашық етіп еккен дұрыс. Ал егер де кейін арасымен трактор жүруі тиіс болса, онда қашықтықты 4 метрден ету керек.

Топырағы қызыл түсті, сазды, тым тасты болмаса, бұл көшеттерді кез келген жерге отырғыза беруге болады. Өйткені олар тыңайтылып, құнарландырылған топыраққа отырғызылған, түбіндегі топырағымен қоса сатылуда.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру